Үлескерлерден заңсыз ақша алмақ болған 4 құрылыс компаниясы жауапқа тартылды.
ШҚо-дағы “Дейнека”, “DALA SK INVEST”, “Elit Stroy group” және “Royal Finance Group” құрылыс компанияларына құрылыс кезеңінде үлескерлердің ақшасын заңсыз тартқаны үшін айыппұл салынды. Сондай-ақ бесінші компания “ASILЖОЛGROUP” ЖШС-нің материалдары да сотқа жолданған екен, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Бұл құрылыс мекемелерінің халықтан негізсіз салым алғаны белгілі. Айта кетсек, мұндай әрекеттер үшін “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” Кодекстің 320-бабы бойынша заңды тұлғаларға 300 АЕК айыппұл қарастырылған.
Мәселенің ауқымы мегаполистерге қарағанда қарапайым болғанымен, осы тақырып аймақтық биліктің назарынан тыс қалмайды және әртүрлі деңгейдегі кездесулерде бірнеше рет талқыланды. Бұл туралы облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасында хабарлады. Онда құрылыс мекемелерін тексеру кезінде анықталған басқа да бұзушылықтар туралы айтылды. Басқарманың өзі жоспарлы тексерулер жүргізбейді, бірақ сәулет және қала құрылысы бөлімінің және азаматтардың өтініштері бойынша шұғыл түрде тексеріске шығады. Соңғы уақытта өтініштер көп болды. Сегіз құрылыс компаниясы тұрғын үй салуға рұқсат алмай жатып, құрылысқа кіріскені белгілі болды.
– Құрылыс басталғанға дейін құрылыс салушы бастапқы құжаттарды да алуы тиіс: ол сәулет-жоспарлау тапсырмасы, жергілікті атқарушы органдармен келісілген эскиздік жобасы. Сәулет бөлімінің мамандары мониторинг жүргізіп, құрылыстың басталғанын, бірақ рұқсат құжаттарына жүгінбеген көріп, бізге хат жолдайды және біз тиісті тексеру жүргіземіз, – деп түсіндірді ШҚО МСҚБ басқармасының басшысы Инна Ахаева.
Көбінесе құрылыс мекемелері мерзімін ұзартпау үшін жұмысқа кірісуге асығады және параллелді түрде қажетті рұқсаттарды алуға үміттенеді. Олар қандай да бір себептермен бұзушылықтар анықталған жағдайда құрылысты кем дегенде бір айға тоқтата тұруға тура келетінін ескермейді. Ал бұл – құжаттаманы ретке келтіру үшін компанияларға берілген мерзім. Құрылыс салушы бұл мерзімді ұзартуға құқылы және ол құрылысты жалғастырмауға тиіс екен.
– Әрине, бір ғимаратты рұқсатсыз салып қойған жағдай болған жоқ. Мысалы, “Шаңырақ ЕЛ ” ЖШС мен “Орда Трейд ” ЖШС шұңқырларын қазып қана үлгерген. Құрылыс тоқтатылды, компаниялар сараптама алумен айналысады. “Astoria” ТК – салушы мекеме “Дейнека” ЖШС мемлекеттік сараптамадан өтті, бірақ эскизді келістірмеді. Яғни, олар үй салады, бірақ жобада айтылғандай емес, бұл да тұрғындарды алдау. Процесс құжаттаманы ретке келтіргенге дейін де тоқтатылады. “Townhouse” ТК – салушы Ж.А. Мандайбаев та жобаны әзірледі, бастапқы құжаттарды алмады, тоқтатылды», – деді Инна Ахаева.
Әлі салынбаған тұрғын үйді жарнамалайтын және сататын компаниялар да проблемаларды көбейтеді. Адамдарды үлестік құрылысқа тарту үшін, қарапайым тілмен айтқанда, олардан болашақ пәтер үшін алдын ала төлем алу үшін құрылыс мекемесіне тиісті рұқсат алу керек. Үлестік құрылыс 3 тәсілмен ұйымдастырылады. Біріншісі, “ҚЖК” АҚ – бірыңғай операторынан кепілдіктер алуға болады. Екіншісі, құрылысқа екінші деңгейдегі банкті тарту. Үшіншісі, көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасын тұрғызғаннан кейін ғана үлескерлердің ақшасын тарту. Екінші және үшінші жағдайда жергілікті атқарушы органдардың рұқсаттары талап етіледі. Іс жүзінде адамдар құрылыс компаниясының құжаттарын тексермей ақша салады. Бұл да проблемаларға әкеледі: компания жауапсыз болуы мүмкін, сонда сатып алушылар жұмсалған қаражатты қайтару үшін күрделі сот процедураларынан өтуі керек.
Мұндай құрылыс салушының көрнекі мысалы – “Grand Residence” ТК салушы “MRS Company” ЖШС. ШҚО МСҚБ басқармасының ақпараты бойынша, компанияның құрылысқа рұқсаты жоқ бола тұра, тұрғын үй сатуды белсенді түрде жарнамалайды, үлескерлерді тартады, шын мәнінде оларды алдайды. Жарнама Өскемендегі сауда үйлері мен тамақтану орындарында көрсетіледі. Алайда компания 15 маусым күні рұқсат құжаттарын алғанға дейін құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге тыйым салу туралы сот шешімін алды.
– Жарнама ҚР “Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы” Заңының 23-бабына сәйкес болуы тиіс. Нақты талаптар бар. Іс жүзінде жарнама тартымды сөз тіркестерімен жүзеге асырылады: “Пәтер сатып ал да, сыйлық ретінде ас үй жиынтығын ал”. Ал бұл үй ақиқатында жоқ. Үлескерлерді тартуға рұқсаты жоқ құрылыс мекемесі тұрғын үйді пайдалануға бергеннен кейін ғана сатуға құқылы. Алу процесі қарапайым болғанымен, тезірек сатуға асығады. Құрылыс мекемелері брондау шарттарына егер сатып алушы пәтер сатып алудан бас тартқан жағдайда, ол тұрақсыздық төлемін төлеуге міндетті екендігі туралы тармақты енгізіп қояды. Бұл да заңсыз, – дейді Инна Ахаева.
Басқармада тұрғындардан құрылыс компанияларынан барлық рұқсат беру құжаттарын: жер учаскесіне құқықтарды, сәулет-жоспарлау тапсырмасын, жергілікті атқарушы органмен келісілген эскиздік жобаны, жобалау құжаттамасына сараптама қорытындысын, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізудің басталғаны туралы хабарламаны, ал құрылыс сатысында үлескерлер тартылған жағдайда – жергілікті атқарушы органның үлескерлердің қаражатын тартуға арналған рұқсатын немесе “ҚЖК” АҚ -бірыңғай оператордың кепілдігін талап етуді және мұқият болуды сұрайды.
– Көбінесе құрылыс мекемесі үй, пәтер қандай болатынын тек суреттер мен презентациялар арқылы көрсетеді және мұнымен шектеліп қалады, сатып алушыны өз пәтерін сатып алуға көндіруге тырысады, оны орынмен, орналасқан жерімен, қосымша артықшылықтарымен тартады. Бірақ сатып алушы құжаттарды сұрауға міндетті, – деп атап өтті басқарма басшысы.