ШҚО-да былтыр үш баланың анасы із-түзсіз жоғалып кеткен еді. Ол Бозанбай ауылының тұрғыны болатын.
Бұл оқиға облыс тұрғындарын елең еткізді. Жұмбақ жағдайда жоғалған келіншектің мәйіті бес ай өткен соң Бозанбайдағы бос тұрған үйлердің бірінің ауласынан табылды. деп хабарлайды Didar ақпарат.
Сот үкімі шыққан соң, оқиғаның мән-жайы да белгілі болды. Әйелді өзінің туған ұлы өлтірген екен.
Жұмбақ жағдайда жоғалған келіншек
«Басында орамалы және жылтыр кепкасы бар. Үстінде ақ спорттық киім, аяғында ақ спорттық аяқ киімі бар. Жұмыстан шығып, үйіне оралмаған. Өзімен бірге куәлігі, телефоны, ақшасы болған…». Жоғалған келіншекке іздеу салған хабарламалар бүкіл қалаға, басқа өңірлерге таратылып, көшелерге, қоғамдық көліктерге ілініп, із кесуге кинологтар да, еріктілер де кірісіп, іздестіру жұмыстары жаппай жүргізіліп жатты. Өзгелермен бірге туған-туыстары, кенже ұлы да анасын шарқ ұрып іздеп, ауыл маңын, жол бойын, жан-жақты түгел шарлады.
Ұлан ауданының Бозанбай ауылында тұрған келіншек Өскеменге келіп, кетіп, үй әрлеу, еурожөндеу жұмыстарымен айналысып, өзінің, балаларының нәпақасын осы кәсіптен тауып жүрген. Жоғалатын күні облыс орталығындағы бір пәтерге жөндеу жүргізуді аяқтап, тиесілі еңбегін алып, кеш бата таксимен ауылына кеткен. Содан бері, былтырғы тамыз айының 12-сінен бастап оны бірде-бір адам көрмеген. Оның үйіндегі 16 жастағы жасөспірім ұлы, Дариғаның (аты өзгертіліп отыр) өзін ауылға әкеліп тастаған такси жүргізушісі, үйінде өзімен бірге тұрып жатқан ата-анасы, көрші-қолаң да күн сайын үйіне келіп жүрген адамды сол күннен бастап қайтып мүлде көрмеген.
Жақындарының айтуынша, Дариға дін жолында жүрген, ішімдіктен, басқа да жаман әдеттерден аулақ, қарапайым ауыл адамы. Сегіз жылдай бұрын күйеуімен ажырасып, үш баламен бірге ауылдағы әке-шешесінің үйінде тұрып жатқан.
Ол ақшасын алған күні жоғалған. Соған қарағанда қолына тиген азын-аулақ ақшасы үшін біреу жол ортада жазым етті ме, әлде қаскөйлерге кезігіп қалды ма? Мүмкін, басқа қалаға кетіп қалды ма екен? Бірақ елуге аяқ басып қалған жанның жақындарына айтпай, ескертпей бір жаққа кетуі мүмкін емес. Туған-туыстарының айтуынша, Дариға – үйдегі малға да қарайласып, барлық шаруаны қатар атқарып, қиындықтан, жауапкершіліктен қашып көрмеген тиянақты кісі. Ел әр жерге ілінген хабарламалардағы орамал таққан әдемі жанның, балалары күтіп отырған ананың аман-есен табылуын тілеп, жақсылық хабар тосқан.
Сансыраған ойлар мен сансыз күдіктің езгісіне түскен Дариғаның туғандары күн мен түн, апта мен ай алмасып жатса да қыздары, аналары, апайлары табылып қалар деумен үміттерін үзбеді.
«Монолит» және мәйіт
Тамыз туысымен ауа райы салқын тартып, күз нышаны біліне бастаған. Ауылдың әр жағындағы тау жоталарының кең аңғарлары әлден сарғыштанып, елді мекеннің ішінен сылдырай аққан өзеннің де жап-жасыл құрағы әп-сәтте жатаған тартқан. Бірер аптадан соң жайлаудай болып жататын масаты мекен сұлулығынан айрылып, сұрғылттана бастайды. Жайдары жаздың зу етіп өтіп бара жатқаны оның жанын жабырқатты.
12 тамыз. Дариға тапсырыс бойынша істейтін кәсібімен таңертең ертелеп Өскеменге келіп, пәтерді жөндеу жұмыстарын аяқтап, атқарған ісі үшін төленген тиесілі ақшасын алып, қас қарая ауылына қайтқан.
Ауылға келе жатып көптен бері мазалап жүрген жайт ойына тағы оралып, жүрегін тағы тілім-тілім етті. 16 жастағы кенже ұлы Асқардың (аты өзгертіліп отыр) бесіктен белі шықпай жатып жат қылыққа үйір болып бара жатқаны жанын аяздай қарыды. Көктемнен бері ұлының бір кесапат әдетке әуес болып жүргенін байқап қалған. Баласының улы затты иіскеуге, токсикоманияға құмар болып алғанын кеш біліп, «аһ» ұрды. Оның білегі ауырса, мұның жүрегі ауырып, асты-үстіне түсіп өбектейтін кешегі кіп-кішкентай ұлы уытқұмар, токсикоман болып, (желім, лак, жанар-жағармай сияқты түрлі тұрмыстық химиялық заттарды есінен танғанша иіскеуден) өзін-өзі бақылаудан қалып, сандырақтайтын күйге түскен. «Бір рет иіскеп көр» деп біреу әлімжеттік жасап, зорлады ма, әлде сондай ортаға тап болып, өз еркімен барды ма, әйтеуір, ұлы тұрмыстық желімсіз тұра алмайтын болып алғандай. Қала мен ауылдың екі ортасында балаларын асыраймын деп жүгіріп жүріп, осы ұлына көп көңіл бөле алмай, енді міне, жамандыққа ұрынғанда, өстіп, бармағын тістеп, кімге айтарын, кімнен көмек сұрарын, қалай қойдырарын білмей жүр. Сөмкесінде, киімінің қалтасында жүрген, байқаусыз жерде жатқан кішкентай ғана тұрмыстық желімге мән бермеген, баласы оның құрбаны болады деп ойламаған талай жеткіншектің ата-анасы салғырттықтан еңіреп жүргенін Асқардың да анасы кеш ұқты. Дүкен, базарда қаптап тұрған «Монолит» деген арзанқол құрылыс желімі өзінің ұлын улап жатыр. Целлофан пакетке салып алып, тығылып соны иіскеп, масайып жүргенін білгенде бірнеше рет ұлына ұрсып та, жылап та, ақыл қылып та айтқан. Бірақ баласы анасын тыңдаған жоқ. Жаман әдетін жасырынып жалғастыра берді.
Ауыр да болса қанды оқиғаның жай-жапсарына қысқаша тоқталайық
12 тамызда анасы қалаға кеткен күні Асқар тағы да жасырынып, үйдің қоршауының артына барып «Монолит» желімін бірнеше рет иіскеп жүреді. Сол күні түнгі сағат 22.30 мөлшерінде тағы да көрші үйдің ауласына барып, тығылып желімді иіскеп отырады. Дәл осы сәтте үйіне келген анасы оның желімді иіскеп, мас болып, есінен шатасып жүргенін сезіп қалып, жанына барып бұл әрекетін дереу доғаруын талап етеді. Шырылдап ұлына араша түсіп, желімнің көзін құртуды талап етеді. Сөйтіп, ұлынан желімнің қай жерде тығылып жатқанын көрсетуді сұрайды. Ұлы анасын ертіп үй қоршауының артына барады. Баласының айтқан жерінен желімді таба алмаған, ұлының өзін алдап тұрғанын білген анасы ызаға булығып Асқардың қолынан, кеудесінен ұрып жібереді. Желімге желігіп мас болып тұрған ұл дәл осы сәтте анасының кеудесінен ұстаған күйі футболкасын бюстгальтерімен қоса жырта жұлқылап соға жөнеледі. Онымен қоймай жоян жұдырығымен анасының бетінен ұрып жібереді. Ұлының «жағдайын» ұққан анасы ағасы (үлкен ұлы) өзінің соққы тиген бетін көріп қалса оны оңдырмайтынын айтып, жылаған беті қараңғы түнде қарманып үй жаққа қарай кеткен. Есінен айрылған хайуанның басында сол сәтте өзінің анасын соққанын ағасына айтып қояды, улы желімді иіскеуге кедергі келтіреді деген ой ғана тұрған. Жерде жатқан жұмыр тасты ала сап жылап үйге кетіп бара жатқан анасының артынан жетіп барып басынан қатты соғып, етбетімен жерге құлатып, тағы да таспен бар күшімен басынан бірнеше рет қайта-қайта ұрып, қатты жарақаттайды. Анасының ауыр соққы алса да тірі екенін, демалып жатқанын көреді. Көре тұра қоқыс шығаратын қол арбаны алып келіп, денесін соған салып, көше бойында иен тұрған үйдің әжетханасының шұңқырына әкеліп тірі жатқан күйінде тастай салады. Үстіндегі өзінің қан болған футболкасын да, анасының сөмкесін де сол шұңқырға тастайды. Анасының телефонын таспен ұрып, сындырып әжетхана шұңқырына тастап, шұңқырдың есігін жерде жатқан ағаш діңімен жауып кетеді. Одан соң түк болмағандай үйіне келіп, қолын жуып, ұйықтайды.
Хайуан ұл анасы жоғалған күннің ертесінен бастап Дариғаны іздегендермен бірге анасын «жоқтап» «іздеуге» шығады.
Әжетхананың шұңқырында жатқан Дариғаның мәйітін биылғы қаңтардың 3-і күні, бес ай өткен соң Бозанбайдағы бос тұрған үйін қарап кетуге келген үй иесі тауып алған. Ағашпен жабылып жатқан әжетхана шұңқырының қақпағын ашқанда ішінен әйел сөмкесін көріп, таяқпен алып шығады. Ішін ашқанда күзде жоғалған Дариғаның жеке бас куәлігін көріп, бірден полицияға хабар берген.
Сотта белгілі болғандай, сорлы ана «Табанына кірген тікен, маңдайыма қадалсын», «ұлым өзі қояды» деп сенді ме екен, кенже ұлының токсикоман болып, желім иіскеп жүргендігі туралы үлкен ұлдарының ешқайсына, ешкімге жақ ашпаған. Әскерде жүрген ортаншы ұлына, тек Асқардың өзіне үй шаруасына көмектеспейтінін айтқан. Ағаларының айтқанындай, аналары кенже ұлын бәрінен ерек жақсы көріп, анасы да, бөлек тұратын әкесі де оны ештеңеден тарықтырмай өсірген. Мектепте де, колледжде де сабағын жақсы оқыған. Ағасы анасын өлтірген бауырына ең қатаң жаза, оны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.
Қылмыстық істер жөніндегі Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен ол 10 жылға бас бостандығынан айрылып, жазасын кәмелетке толмағандарға арналған орта қауіпсіздіктегі қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде өтеуге жазаланды.
Жанаргүл МҰҚАТАЙ