ШҚО Астанада ауыл шаруашылық жәрмеңкесін өткізеді
Астана қаласында 14-15 қазан аралығында ШҚО-ның ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді. Жәрмеңкеде 9 аудан мен Өскемен қаласындағы ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілер мен өңдеуші кәсіпорындар қатысады.
Шығыстың өндірушілері СҚО-ның өндірушілерімен бірлесіп, кеңейтілген жәрмеңке өткізеді. Екі күнге жалғасатын жәрмеңке сағат 9.00-ден 18.00 аралығында өтеді, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Жәрмеңкеге жоғары сапалы және экологиялық таза 40-тан астам өнім қойылады. Астана тұрғындары жәрмеңкеден шығыстың балы мен түрлі бал өнімдерін, өсімдік майын, ет және сүт өнімдерін, қарақұмық пен бұршақ, балық, бұғы мүйізінен жасалған өнімдер, қымыз, құрт, тары сатып ала алады.
Дерекке сүйенсек, өнімдер нарық бағасынан 15-20 пайыз төмен бағаға сатылады.
– Жәрмеңкеде 49,2 тонна бал, 2 тонна шұжық өнімі, 8 тонна сүт өнімі, 16 тонна өсімдік майы, 3 тонна ұн және жарма, 9 тонна балық, 29,8 тонна еті, 4 тонна қымыз және ұлттық тағам, 700 литр алкогольсіз сусын ұсынылады. Құны 244,5 млн теңге болатын 123,2 тонна ауыл шаруашылық өнімі сатылады, – деп жазылған баспасөз ақпаратында.
Сондай-ақ Мәдениет басқармасы аудан әкімдіктерімен бірлесіп, концерт пен түрлі ойын ұйымдастырады.