Руханият

Шәкерім түрік тілінде сөйледі

Шәкерім түрік тілінде сөйледі

Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Сыдықовтың түрік тілінде «Şakarim» (Шәкерім) атты кітабы жарық көрді. Бұл туралы Түркі академиясының баспасөз қызметі хабарлады.
Танымдық-ғұмырбаяндық жанрдағы бұл кітап Анкара қаласының «Bengu» (Мәңгі) баспасынан шыққан.
Бұл – Шәкерімді түрік оқырмандарымен қауыштырған тұңғыш еңбек. Оны түрік тіліне белгілі тіл маманы, ғалым Ләззат Орақова аударған. Көптеген ғалымдар түріктің әйгілі ақыны Юнус Эмре мен Шәкерім поэзиясында бірқатар сабақтастықтардың бар екенін айтады. Яғни, бұл кітап түрік оқырмандары үшін де маңызы жоғары рухани дүниелердің біріне айналары сөзсіз.
Автор Шәкерім Құдайбердіұлының ғұмыры мен қазақ руханиятына сіңірген өлшеусіз еңбегін жаңаша саралап, көптеген көмескі деректерді айқындай түскен.
Кітап қазірдің өзінде Түркияның бірқатар қаламгерлері тарапынан жоғары бағаланып, үлкен қызығушылыққа ие болды. Атап айтқанда, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлы барша түрік оқырмандарына кітапты оқып шығуға кеңес берсе, Юнус Эмре атындағы Түрік мәдениет орталығының директоры Ибраћим Йылдырым қазақ ақыны туралы бұл қомақты еңбекті қазақ-түрік мәдени байланыстарын бұрынғыдан да арттыра түсетін қадам ретінде бағалаған.
Жуықта халықаралық түркі академиясының кітапханасында аталмыш еңбектің тұсаукесері өтті. Аталған шараға белгілі қазақстандық ғалымдармен қатар, Түркия премьер-министрінің бас кеңесшісі, профессор Бекир Қарылға, Ескішећир әкімі Гунгор Азим Туна, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероглы бастаған шетелдік меймандар да қатысты.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button