Шәкен апаның балаларын ел үлгі тұтады

Бүгінде жасы сексеннің сеңгіріне шыққан қарт ана Шәкен Беспаева жайлы әңгіме бола қалса, өзімен өмір бойы бір ауылда тұрған Маруся Качурина деген көпбалалы ананың: «Ой, наша Шакен – славная женщина!» деген бірауыз сөзі менің санамда жатталып қалыпты.
Өйткені, орыстың «славная» деген сөзі осынау алтын құрсақты Ананың бүкіл болмысын ашып тұрғандай еді. Шәкен апа – негізі 12 құрсақ көтерген жан. Бүгінде соның 11-і жер басып жүр. Отағасы, марқұм Әнуархан ағамыз да елге сыйлы, бет-беделі бар адам болатын. Өмір бойы механизатор болып өткен ол «Қарақол» совхозы, №4 ферманың бригадирі еді. Әнуархан Беспаевтың кісілік келбеті жайлы бүгінде көзі тірі замандастары жыр қылып айтады.
Сонау Кеңес одағы тұсында бірге еңбек еткен Қабылқақ Рүстемов ақсақал ол кісінің әділдік жолында кіммен де болсын ашық айқасқа бара алатын, бірбеткей, шыншыл, тура азамат болғандығын үнемі тілге тиек етіп отырады.
-Әнуархан екеуіміз бір жылы туған құрдас болдық,-деп еске алады Қабылқақ ата.- Бірге еңбек еткен жылдарда оның өте таза, шыншыл, ақиқат жолында аянбайтынын байқаған адаммын. Шәкен екеуі он екі баласын адал еңбекпен өсіріп жеткізді ғой. Әттең, өмір бойы совхоздың «отымен кіріп, күлімен шықты» дейтіндей маңдай терін төккен ол құрдасым ертерек өмірден өтіп кетті. Небәрі 58-ақ жыл ғұмыр кешті. Құдайға шүкір, артында ұрпақтары қалды.
Қарақол ауылындағы «Алтын алқалы» ана Шәкен Беспаеваның отбасы – бүгінде өнегелі, елге үлгі боларлықтай әулет. Өйткені асыл анамыздың перзенттері еліміздің әр түкпірінде адал еңбектерімен күнелтуде. Олай болатыны, ата-ана тәрбиесі олардың да қанына сіңген. Шәкен анамыздың тұла бойы тұңғышы Аманхан мен інілері Мұрат, Самат Аягөз қаласында тұрады. Аманхан – Талғар автомеханикалық техникумының түлегі, тәжірибелі механик. Қалелхан мен Қайрат Алматыда. Құрмаш, Марат, Имаш, Кенжетай туған ауылдарында. Бір қызығы, осы 11 ұлдың ортасында Алмагүл атты қызғалдақ оныншы болып дүниеге келген. Бүгінде ол да тұрмыста, үш баланың анасы. Бір әттеген-айы екі жыл бұрын Манат атты ұлы аяқ астынан бақилық болды. Әрине, ана үшін бұл бір ауыр сынақ болды. Алайда Шәкен апа сыр білдірген жоқ. Шыдады.
Осы жерде өзімнің жан анам Әдия Рахымбайқызының айтып отыратын мына бір әңгімесі еске оралады: «…Шәкен, шынында да, керемет сабырлы, ерекше жаратылған текті жан ғой, шіркін!-деуші еді ол кісі. – Осы екінші ұлы Қалелханнан кейін, тағы бір жылдан кейін бір перзент көрді. Аман-есен босанып, қол-аяғын бауырына алған соң, әлгі сәбидің шілдеханасы болды. Өкініштісі, сол нәресте шілдехана үстінде шетінеп кетті. Бірақ Шәкен мен енесі Кәштай апа екеуі той үстінде елдің шырқын бұзбайық деп, жиылған жұрт тарқағанша ләм-мим деп ешкімге жақ ашпаған. Е-е-е, қазақтың «Жақсы әйелдің ішінде құндақтаулы бала жатады» дегені рас екен. Өзі қанағатшыл, мейірімді, сабырлы да еңбекшіл жан ғой. Бүгінде сол ниетіне Алла берді, деп отырушы еді…
Бүгінгі күні Шәкен апа – он шақты ұлы мен бір қызынан әлденеше немере, шөбере көріп отырған бақытты жан.
Қазақ атам «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген емес пе. Өзара тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан Шәкен апаның ұлдары туған ауылдарынан «Әнуархан» атты шаруа қожалығын ашқан. Онда олар жылқы, сиыр малын асырап отыр. Осының бәріне Шәкен апаның ұйтқы болып отырғанына дау жоқ.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.