Руханият

Шәкен ағаның шапағатын көргендер көп

 

Сыпайы мінезімен, сырбаз қалпымен, мейірімді жүзімен айналасына көктемнің шуағын шашқандай боп тұратын осы бір абзал азаматты аға және орта буындағы Шығыс жұрты жақсы біледі. Өйткені ол Шығыста шыңдалған жан. Еңбек жолын аудандық газеттен бастаған Шәкен Жұмағұлұлы республикалық мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, генерал-майор шенімен зейнетке шықты, қазір ол – немерелері мен шөберелерін тәрбиелеп отырған сүйікті ата.

 Шәкен ағаның шапағатын көргендер көп

Аудандық газет тілшісі мен генерал-майор аралығында алуан түрлі қызмет баспалдақтары жатыр. Солардың бәрінен сүрінбей, сатылап өткен ағамыздың ізі өзі туып-өскен, комсомол-партия қызметтерінде шыңдалған Шығыс Қазақстанда ғана емес, бүкіл елімізде сайрап жатыр.

Ұлан ауданының Балғабай (Шымқора ауылының маңы) ауылында 1929 жылғы сарша-тамыздың 14-і күні дүниеге келген Шәкеннің балалық шағы соғыс жылдарына дөп келді. Соғыстың алды-артында туған балалар тылдағы ауыр еңбекке шегілді. Кедей шаруаның отбасында өмірге келген бала Шәкен де жаз бойы колхоз малына қыстық шөп дайындаса, күзде қырман жұмысында болды. Сөйтіп жүріп мектептегі оқуынан қол үзген емес. Он сегіз жасында әкесі бақилыққа аттанып, қарындастары Майра, Алғиза, Мағиза мен Мәрияға, інісі Болатқа қамқор болды, оқытып шығарды. 1947 жылы Өскеменнің Жамбыл атындағы мектебін үздік бітіріп, Күршім аудандық «Социалистік еңбек» газетіне жауапты хатшы болып орналасты. Осы ауданда жүріп комсомол қызметіне ауысты, аудандық комсомол комитетінің екінші хатшылығынан басталған жалынды жастық оған облыстық комсомол комитетінің бірінші басшысы қызметіне жол ашты. Комсомолдағы он жылғы басшылық қызмет оны жігерлі, табанды, ұйымдастырушылық қабілеті зор маман ретінде танытты.

Шәкеңнің ұйымдастырушылық қабілеті, әсіресе Бұқтырма су-электр стансасын салу кезінде ерекше байқалды. Комсомолдық құрылысқа бүкіл одақтан төрт мыңнан астам жас жұмылдырылды.

Олардың жұмысы мен тұрмысын ұйымдастыру облыстық комсомол комитетіне міндеттелді. Ертіс үстіндегі осы алып станса 1960 жылы іске қосылғанша облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Шәкен Жұмағұлов аттан түспеді.

Тың игеру науқаны басталғанда да, облыстық комсомол комитеті өз басшысы Шәкенмен алғы шептен көріне білді. Тың игеруге комсомолдық жолдамамен келгендердің бәрін патриот деп айтуға болмас. Ішінде бұзақылардың, түрме көргендердің болғаны шындық. Солармен тіл табысып, дұрыс жолға түсіру жергілікті комсомол ұйымдарының міндеті еді. Бұл іс те Шәкеннің қатысуынсыз өткен емес.

Өскемен – Жаңғызтөбе жолының екі жағына қыста бораннан қорған болар ағаш отырғызуды жастар жүргізді. Сол істің ұйтқысы Шәкен Жұмағұлов болды.
Қолға алған бір ісі жергілікті ұлт кадрларын өсіру болды, Шәкең аудандық-қалалық комсомол комитеттерінің бірінші хатшылары қатарында екі ғана қазақ барын орынсыз деп біліп, екі жылда оларды алтыға жеткізді. Ісіне берік Шәкең облыстық партия комитеті басшыларының алдында да беделді еді. Әсіресе оны бірінші хатшы Ғабдолла Қаржаубаев әрқашан қолдап отырды.

Шәкең басшылық қызметтерде жүргенде жастардың Ресей, Қазақстан жоғары оқу орындарына түсуіне жәрдемші болды. Жас мамандардың еңбегі лайықты бағалануына да сергек қарады. Бозанбай, Шымқора, Асубұлақ, Ақтау және басқа мекендерге мектеп, емхана, тұрғын үй, фабрика, дүкен салдыртып, құрылысты қадағалап отырды. Бозанбайға аурухана, Шымқораға мектеп салуға араласты.

Сонымен қатар облысқа еңбек сіңірген қайраткерлер – облпарткомның бірінші хатшысы Алексей Неклюдовпен, облаткомның төрағалары С.Қойшыбаевпен, Қайдар Арыстанбековпен және КСРО машина жасау министрі Ефим Славскиймен тіл табысып жүрді.

Шәкен Жұмағұлұлы қай қызметте болсын жауапкершілігімен және әділеттігімен дараланды. 1977 жылы ол Қазақстан компартиясының орталық комитетіне үшінші рет қызмет ауыстырды. Оған партия комиссиясына басшылық жасау сеніп тапсырылды. Осы міндетті де абыроймен атқара білді.

Шәкен Жұмағұлұлы орталық комитетте ширек ғасыр оның бірінші хатшысы болған Дінмұхамед Қонаевтың басшылығымен мол тәжірибе жинады.

– Маған өмір жолымда өте бір тамаша жандар кездесті. Дінмұхамед Қонаев, Бәйкен Әшімов, Михаил Есенәлиев, Александр Протозанов сынды тұлғалармен қызметтес, сыйлас болғанымды зор бақыт санаймын. Біраз азаматтармен қазір де кездесіп тұрамын, олардың маған деген қалтқысыз жүрек лүпілдерін сеземін, сол сәтте бойымды қуаныш кернейді, – деп тебіренеді Шәкең өзінің «Артта қалған жол» кітабында. Бұл еңбек өмірбаяндық болғанымен, онда Шығыс Қазақстанның даму барысындағы біраз тарихы жатыр.

Шәкең отыз екі жасында Ұлан аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған еді. Сол кезде ең жас басшы саналды. Ал елуден асқанда Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары болып бекітілді. Әрине, чекистік қызметті бастау үшін бұл өтіңкі жас еді. Республика басшысы Дінмұхамед Қонаев оны осы тың қызметке ұсынарда үш жыл партия комиссиясын басқарған тәжірибесін ескерген болар. Осы қызметке келгеннен кейін, екі жылдан соң 1983 жылы оған генерел-майор шені берілді. Кеңес заманында қазақтан мұндай атаққа ие болғандар кемде-кем. Ал Ұланнан шыққан тұңғыш Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің генералы – Шәкен Жұмағұлов.

Осы органнан зейнетке шыққаннан кейін ағамыз бірнеше жыл түсті металлургия министрлігінің бөлімін басқарып, мемлекеттік құпияның сақталуын қамтамасыз етті.

Иә, Шәкең түрлі оқиғаларға толы үлкен өмір жолынан өтті. Партия қайда жұмсаса, сол жерден табылып, елдің өркендеуіне үлес қосты. Оның Отанға сіңірген еңбегі әділ бағаланды – омырауында қос-қостан таққан «Қызыл жұлдыз» бен «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендері жарқырайды.
Бүгінде ағамыз алпыс жылдан астам отасқан жан жары Мәрзия Ескендірқызымен Алматыда тұрады, қос ұлдары Нұрлан мен Ержаннан алты немере, алты шөбере сүйіп отыр.

Көптің құрметіне ие болды

Ғаббас Қабышұлы, жазушы:

– Елуінші жылдардың соңында облыстық «Коммунизм туы»/қазіргі «Дидар»/ газетінде қызмет ете жүріп, аудан-қалаларға іссапармен барғанда жергілікті комсомол басшыларынан «Шәкен Жұмағұлов аз сөйлеп, көп іс тындырады. Келген сайын жұмысымыздың бүге-шігесімен танысып, кеңес беріп, отбасымыздың ахуалын да көріп-біліп, партия басшыларымен ақылдасып, тұрмысымыздың жақсаруына қамқорлық жасап кетеді» дегенді еститінмін. Кадрын қымбат тұтатын басшының беделі қашанда қылаусыз болатынына сендім. Қырық пышақ боп кетер жайттарды жылы жымиысымен-ақ реттейтін.
Шәкең комсомол жетекшісі ретінде жиналыстарда қоңыр дауыспен нық, сабырлы сөйлеп, кейбір партия ұйымдарының, зауыт, комбинат басшыларының қырсыздығын дөп баса сынағанын сан мәрте естідім де, жаздым да.

Алматыда тұратын ұландықтар анда-санда бас қосып жүреміз. Сондай сәттердің бірінде «Шәке, өнегелі өміріңіз жайында кітап жазсаңыз, ұрпаққа пайда болар еді» дедім. Шәкең әдетінше жымиып: «Ондай ойым бар. Жазған соң сен редактор болып, олпы-солпысын қырна, жарай ма?» дегені. «Шәке-ау, сіздің жазғаныңызда олқылық болмайды, сізге редактордың керегі жоқ!» дедім. Шәкең басын бір шайқап, ақырын ғана күлді. Ағамыз хақында «Артта қалған жол» атты өз кітабынан оқыған жөн.

Мұрат Әміренов, «Дидардың» ардагер-журналисі:

– Шәкен ағаны бала күнімнен сырттай білемін. Ол кісінің жан жары Мәрзия Ескендірқызы біздің әулетке жиен болған соң екеуі үлкен әкеміз Сапардың үйіне жиі келетін. Екеуі де өрімдей жас, екеуі де аса көрікті, оның үстіне өте ізетті. Шәкен ағаның комсомолда үлкен қызметкер екенін шамалап сезетінмін. Кейін білгенімдей, 1950 жылдардың орта тұсында облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы екен. Жұмағұловтар отбасы қызмет бабымен бірде Алматыға көшіп, бірде Өскеменге оралып жүрді.

Шәкен Жұмағұлұлы 1973 жылы облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Көп ұзамай редакциямызға кеп, әр бөлімді аралап көрді. Ауылшаруашылық бөлімінің аядай бөлмесінде төрт-бес кісіміз. Екінші хатшы кірген бойда бөлім басшысы Қапар Қабаевпен шүйіркелесе кетті. «Жазғандарыңды оқып жүрмін, Қапар» деп жан тарта сөйледі.

«Ұлық болсаң, кішік бол» дегенді қазекем осындайдан шығарып айтқан болар. Шәкең жайлы аға буыннан небір жылы лебіздер естідім. Бәрі оның қарапайымдылығын, дауыс көтере сөйлемейтінін, мәселе шешкенде ұстамдылық пен көрегенділік танытатынын үлге ете әңгімелейтін.
Мәрия Жұмағұлова, ұлағатты ұстаз, Шәкен ағаның қарындасы:

– Мен ағамнан он жасқа кішімін. Балғабай ауылында тудым. Әкеміз Жұмағұл Нұрбикеұлы, шешеміз Нұржамал Төстікқызы. Анамыз ескіше жазып, оқи білетін. Атасы Қалдыбай көп оқыған, қажыға барған кісі екен. Шәкен ағаның дұрыс тәрбие алуына, қалыптасуына, алғашқы жұмысқа орналасуына да әкеміздің інісі, заң қызметкері болған Оспанбек Нұрбикенов аға көмек көрсеткен-ді.

Шәкен аға түрлі жауапты қызметтерде жүрді, бос уақыты көп бола бермейтін. Дей тұрғанмен, біздерді еш есінен шығармай, қамқорлық танытып, оқуымызды, жұмыс барысымызды қадағалап, жөн сілтеп жүретін. Әлі есімде, мен мектепте оқып жүрген кезімде аға Москваға командировкаға жиі баратын. Мен өзіме керек нәрселердің тізімін костюмінің сыртқы төс қалтасына салып қоятынмын. Оларым – оқушының формасы, спорттық жазғы аяқ киім, резеңке етік. Аға барлығын әкеп беретін.

51 жыл педагогикалық жұмыс істегенде ағаның атына кір келтірмеуге тырыстым. Міндетімізді адал атқаруға бар күшімізді салдық. Бүгінде өзім талай жыл еңбек еткен Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінде ардагерлер кеңесінің төрайымымын.

Шәкен ағаны әрқашан асқар тауымдай көремін. Аға-жеңгеміздің арқасында төрт қарындасы мен бауыры білім алдық, жанұялы болдық. Олар әр уақытта ақылшымыз, жол көрсетуші, бағыт беруші жарық жұлдызымыз болып келеді.

Әзірлеген – Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button