Үшкемпіровтың медальдары Семейде сақталады

Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінде еркін күрестен Олимпиада және Әлем чемпионы, КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері Жақсылық Үшкемпіровпен кездесу болды. Қонақ алдымен Семей спортына арналған экскурсияны тамашалап, Болат Тұрлыханов, Дәулет Тұрлыханов және тағы басқа да спортшылар туралы деректерді, фотосуреттерді көрді. Бұдан соң даңқты палуан өзінің Олимпиадада алған алтын медалін және басқа да жарыстарда қанжығаға байлаған төрт медалін, кітаптарын музей қорына салтанатты түрде табыс етті. Шараға қала әкімі Ермак Сәлімов, қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова, спорт ардагерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және майталман спортшының достары қатысты.
Салтанатты шараға елордамыз Астанадан арнайы келген Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ельсияр Қанағатов еліміздің спорттағы қол жеткізген табыстарына тоқталды. Оның айтуынша, алдағы уақытта Астанада қазақ спортының жетістіктерінен сыр шертетін арнайы музей ашу ойластырылып отыр. Ал грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев елімізде жастарға жасалып отырған жағдайлардың жақсы, спортқа қызығушылықтың басым екендігін тілге тиек етті.
– Бүгін қаламызда үлкен оқиға орын алып отыр деуге толық негіз бар. Сонау 1980 жылы Мәскеуде аты шыққан ағамыз өзінің қанжығасына байлаған жүлдесін сыйға тартып отыр. Қадірлі Жақсылық аға! Осы бағалы тартуыңыз үшін сізге алғысым шексіз,-деді семейліктер атынан ризалығын білдірген қала әкімі Ермак Сәлімов.
Өз кезегінде Жақсылық Үшкемпіров тарихи медальдарын музейге табыстауының сырын былай деп түсіндірді:
– Семей Ұлылар мекені. Бұл жерден Абай, Шәкерім сынды ғұламалар шыққан. Өзім де осы Семейде жүрген кезде бағым ашылды. Семей сонысымен де маған қымбат. Кейінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге болсын деген үмітпен медальдарды осында табыстауға шешім қабылдадым. Менің ізбасарларым көп болады деп сенгім келеді, жастар спортқа бет бұра берсін.
Раушан Нұғманбекова
Семей.