Руханият

Ширек ғасырдан соң басылған кітап

Ұлттық құндылықтың ұпайын түгендеуге атсалысып келе жатқан компаниялар мен кәсіпкерлер баршылық. Руханияттың қай саласы болмасын кез келген уақытта қолдауды қажет етеді. Әсіресе қазақ тілін дамыту бүгінгі таңда міндетті үрдіске айналып отыр. Осыны ескерген KAZ Minerals Тобы және Central Asia Production компаниясы сұраныстағы кітапты 25 жылдан соң қайта басып шығарды.

Бұл кітап бұдан ширек ғасыр бұрын жарық көріп, қазақ тілін үйренуші жұрттың қажетіне жараған болатын. Алайда кітапқа деген сұраныс, қазақ тілін үйренуге деген қажеттілік әлі басым болғандықтан KAZ Minerals Тобы мен Central Asia Production компаниясы Наурыз мерекесіне орайластырып, Такура Жақсыбайдың «Қазақша үйренейік. Поделюсь сокровищем своим» атты қазақ тілі, мәдениеті және дәстүрлеріне  негізделген кітапты қайта басып шығарды. Сол заманда да сұраныстан туған мақалалар мен жазбалар кітапқа айналған екен. Осыдан 25 жыл бұрын «Казахстанская правда» газетінің жұма күнгі нөмірінде жарияланған мақалалар кітап болып басылып, тіл үйренушілердің негізгі құралдарының біріне айналыпты.

  • Бұл кітаптың халықтың қажетіне жарап, қайта басылып жатқанынан қуаныштымын. Бұдан ширек ғасыр бұрын оқырмандардың қажетіне қалай жараса, қазір де солай қажет болады деген үміттемін. Мен қай уақытта да  басқа мәдениет өкілдерінің қазақтарда қандай қызықты дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар бар екенін білгенін қалаймын. Жоба бастамашыларына осы кітапты қайта басып шығарғаны үшін алғыс білдіремін. Менің рухани қазынаммен, мәдениетіммен бөлісуге мүмкіндік бергені үшін рақмет айтамын, – дейді кітап авторы, кітаптанушы, редактор, аудармашы Такура Жақсыбай.

Осылайша өзінің өзектілігі мен құндылығын жоғалтпаған кітаптың жаңа басылымы оқырманға жол тартып отыр. Кітаптың ерекшелігі әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді түсінікті әрі жеңіл тілде баяндайды. Кітаптың жаңа басылымы қазақстандық қылқалам шеберлерінің туындыларымен безендіріліп оқырманға жол тартып отыр. Бұл қай уақытта болмасын сұраныстағы рухани мұраны баспагерлер басуға мүдделі екендігін көрсетеді. Осылайша компаниялардың қолдауымен жаңа кітап оқырманға жол тартты. Жалпы бұған дейін де KAZ Minerals Тобы руханиятқа қолдау көрсетіп, «Батыл бол» ауызекі қазақ тілі клубына демеуші болған. Қолдау тапқан клуб еліміздің әр өңірінде жұмыс істеп келеді.

Алтай Ғали-Асқар

 

Осы айдарда

Back to top button