Ширек ғасырда елімізді төрткүл дүние таныды
Биыл Қазақ елінің Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толады. Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде Алтай мен Атыраудың арасын жайлаған елімізді төрткүл дүние таныды деуге болады.
1991 жылы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бірден аяққа қаз тұрып кетпегеніміз бәрімізге аян. Әлемге беймәлім елдің болашағы бұлыңғырлау көрінгені де рас. Елбасы айтпақшы, «Тәуелсіздік алған тұста бұрынғы Кеңес Одағының соңында қалған республика болатынбыз. Экономикамыз әлсіз, қолда бар өндірістер мен зауыттар әбден ескірген. Мұғалімдер мен дәрігерлерге жалақы, зейнеткерлерге зейнетақы тауып берудің өзі қияметтің қиыны болатын». Десе де, қиын-қыстау шақтарды артта қалдырып, дамудың даңғыл жолына түстік.
Қаншалықты биікті бағындырғаныңды білу үшін бір мезет артыңа көз салсаң жеткілікті.
«Тіліміздің қолданылу деңгейі төмен, ғасырлар қойнауынан қаймағы бұзылмай келген ана тіліміз жұтаң тартып барады» деп жиі айтатынымыз рас. Ал аға буынның көпшілігі «осыған да шүкір» дейді. Себебі еліміз тәуелсіздік алғанға дейін, одан кейінгі жылдарда да он адамның жетеуі өзге ұлт өкілі, үшеуі ғана қазақ боп қалған кездерде биік мінберді былай қойып, қоғамдық көлікте, қала көшелерінде туған анаңмен, туған балаңмен қазақша сөйлесудің өзі мұңға айналған заман болған. Ал қазір ше? Тәуелсіздік алғаннан кейін, тіліміз заң жүзінде елдегі басты тілге – мемлекеттік тілге айналды.
2011 жылы 25 мамырда Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайында Елбасы былай деді: «Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған елдің өзі де жоғалады» деген тамаша нақылы бар. Біздің тәуелсіздікпен бірге сөзіміз тіріліп, өзіміз еңсе тіктедік. Бабадан жеткен қасиетті қазақ тілінің осы жылдары мемлекеттік мәртебе алып, құлашын кеңге жая түскенін білесіздер. Естеріңізде болса, 1991 жылы қазақ мектептерінде оқитын шәкірттердің жалпы саны 32 пайыз ғана болатын. Сөйтіп, біздің тіліміз кеңес заманында жойылуға тақады. Бүгінде ол көрсеткіш екі есеге артып, мектептерде бір жарым миллионнан астам бала қазақ тілінде білім алады. Аралас мекемелерді қосқанда, барлық балабақшаның 90 пайызға жуығы қазақ тілінде тәрбие беріп жатыр. Қазір мемлекеттік органдарда іс жүргізу қазақ тіліне көшірілді».
Тәуелсіздік алған тұста еліміздегі қазақтың саны 40% ғана болатын. Ал бүгінде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. 2014 жылы тамыз айында Ұлытауда берген сұхбатында Елбасы: «Біз тәуелсіздік жариялағанда Қазақстандағы қазақтың саны 40% болатын. 40%! Басқалар «Сендер азсыңдар, мына мемлекетте қайдағы тәуелсіздік сендерге?» деп айтпайтын ба еді? Дегенмен елге соның бәрін түсіндіріп, күресе жүріп, біз тәуелсіздік жарияладық. Қазір, міне, қазақтың саны 65%-ға жетті. 17 миллионнан астық. Тіпті Кеңес Одағы кезіндегіден де көбейіп келеміз. Құдайға шүкір, жыл сайын халқымыздың саны артып жатыр. Оның ішінде қазақтың саны көбеюде», – деген еді.
Егемендік алғаннан кейін еліміз жаhандық экономикада әлемдiк тауар рыноктарына мұнай, газ, қаратүстi, сирек кездесетiн және қымбат металдар, уран өнiмдерiн шығаратын ел ретiнде танылды. Өндiрiстiң және шикiзат ресурстары экспортының қарқынды дамуы экономикалық дағдарыстан шығып, экономикалық өсудiң жоғары қарқынын қамтамасыз етуге мүмкiндiк бердi. Елдегі өмiр сүру деңгейi жоғарылап, индустриялық сервистiк-технологиялық даму сатысына өтуге мүмкiндiк беретiн қаржы ресурстары жинақталды. Қазіргі таңда Қазақстанды әлемдiк қоғамдастық нарықтық экономикадағы мемлекет ретiнде мойындады.
Елбасының ұдайы қамқорлығының арқасында отандық сот жүйесі де халықаралық стандарттарға сай дамып келеді. Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексінің «Соттардың тәуелсіздігі» индикаторы бойынша Қазақстанның рейтингісі жыл сайын жақсаруда. Мәселен, 2015 жылғы дерек бойынша еліміздің осы рейтингтегі көрсеткіші 86 орыннан 72 орынға көтеріліп, 14 позицияға жақсарды. 140 елдің сот жүйесі сынға түскен әлемдік рейтинг бойынша бұл жақсы көрсеткіш. Тағы бір мысал. Дүниежүзілік Банктің рейтингісінде соттардың жұмысы «Келісімшарттардың орындалуын қамтамасыз ету» индикаторы бойынша бағаланады. Осы индикатор бойынша өткен жылы Қазақстан өз көрсеткішін 5 позицияға жақсартып, 189 елдің ішінде 9-шы орынды иемденді.
Тәуелсіздік жылдарында Өскемен қалалық соты да көптеген өзгерістерді бастан кешірді. Елдегі сот саласында жүргізілген реформалардың нәтижесінде соттардың материалдық-техникалық жағдайы жақсарып, қызмет көрсету сапасы артты.
1998 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің №4016 Жарлығымен 1973 жылдың 10 сәуірінде Қаз ССР-нің Жоғарғы Кеңесі төралқасының Жарлығының негізінде Өскемен қаласында құрылған Октябрь және Үлбі соттары таратылып, Өскемен қалалық соты құрылды. Тәуелсіздік жылдарында қалалық сотты ең алғаш болып Еркінбек Садықов (1998-2005) басқарып, кейін Әбдуғали Тілеубергенов (2005-2009), Гүлнәр Әділбаева (2009-2014), Қайрат Чакпантаев (2014-2015) басшылық жасады. Осы ретте қалалық сотта ұзақ жылдар абыройлы қызмет атқарған Евгения Мерзлякова, Валентина Балачева, Галина Михина, Тимофей Пак, Нина Колесникова, Гүлнар Түменбаева сынды сот саласының ардагерлерінің қалалық соттың аяғынан қаз тұруы жолындағы еңбегінің өлшеусіз екендігін де айтқым келеді.
Бауыржан Тайтөлеуов,
Өскемен қалалық сотының төрағасы