Қоғам

Ширек ғасыр ректор болған

Ширек ғасыр ректор болған


Ғылыми орталықтардан жырақ жатқан жас жоғары оқу орны ректордың қажырлы еңбегі арқасында Қазақстанның жетекші институына айналды, 1979 жылы институт бірінші дәрежелі ЖОО-лар қатарына, 1982 жылы Кеңес одағындағы үздік пединституттардың ондығына енді.

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да «Заманауи ғылым мен білімнің даму үдерісі» тақырыбында «Уәлиев оқулары» дәстүрлі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

– Юмаш Кәрімұлының еңбек жолы – өз ісіне деген адалдықтың үздік үлгісі, оны терең ұғынып, жіті зерттеу қажет. Юмаш аға өзнің бүкіл саналы өмірін Өскемен педагогикалық институтымен – Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетімен байланыстырды, – деді ШҚМУ ректоры, профессор Мұхтар Төлеген.
Бүгінде аты аңызға айналған ректордың құрметіне бірқатар іс-шаралар атқарылған. Мәселен, 2010 жылы 30-шы Гвардиялық дивизия көшесінің бойында орналасқан ШҚМУ-дың №1 оқу ғимаратына ұстаздардың ұстазына арналған мемориалдық тақта орнатылған, ал 2012 жылы Өскеменнің жаңа ықшам ауданындағы бір көшеге ғалым есімі берілген. Сондай-ақ ШҚМУ ғылыми кеңесінің шешімімен Уәлиев атындағы шәкіртақы тағайындалыпты.

Ғалымның ұлы, Жамбыл облысы, Шу қаласындағы «ХИМ-плюс» серіктестігінің департамент директоры Тимур Уәлиевтің айтуынша, әкесінің бүкіл саналы ғұмыры білім ордасымен байланысты болды, пединститут оның төртінші баласындай еді.

«Ерекше адам», «бірегей тұлға», «дарынды басшы» – Уәлиевті ардагер әріптестері осындай сөздермен еске алды.

Ғылыми баяндамаларды Медицина ғылымдары университетінің (Түркия) докторы Ахмет Бейатлы, Алтай мемлекеттік университетінің (Ресей) профессоры Наталья Базарнова жасады. Өскемен педагогикалық институтының ректоры болған, химия профессоры, техника ғылымдарының кандидаты, Ұлы Отан соғысының ардагері Юмаш Уәлиев көзі тірі болса биыл 95 жасқа толар еді.

Ректор мұғалімдер даярлау сапасына мән берді, ол басқарған жылдары профессорлық-оқытушылық құрам тұрақталып өсті, ғылыми бағыттар мен мектептер қарқынды дамыды, жаңа факультеттер мен кафедралар ашылды. Сондай-ақ Кеңес одағының озық оқу орындарымен тығыз ғылыми-кәсіби байланыстар орнады. Қысқа мерзімде бас оқу ғимараты, 2200 орындық 4 студенттік жатақхана, оқытушыларға арналған 105 пәтерлік тұрғын үй, асханалар, медпункт, жүзу бассейні және басқа да орынжайлар салынды.

Юмаш Уәлиев – физикалық химия бойынша қазақ тіліндегі тұңғыш оқулықтың авторы. Ол Қаратау фосфоритін, кристалдар теориясын ғылыми зерттеумен шұғылданды. Өскемен пединститутының материалдық базасын жасап, кәсіби ұжым құра білген Юмаш Уәлиевтің ерен еңбегі, ұйымдастырушылық қабілеті институттың университет болып түрленуіне негіз болды.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button