Қоғам

Шипалы қан тамшылары

Семей қаласындағы қан орталығында COVID-19 антиденелері бар иммунды плазма дайындау үшін әлеуетті донорлардың тізімін жасау жалғасуда. Иммундық плазма – бұл   кез келген инфекциялық агенттерге қарсы антиденелер бар қанның сұйық бөлігі. Коронавирустық инфекциямен ауыратын адамдардың плазмасында ауруды жеңуге көмектесетін антиденелер бар. Оны құю кезінде реципиентте ( науқаста) аурумен күресу үшін пассивті иммунитет қалыптасады. Бүгінгі күні иммундық плазманың 555 дозасы дайындалды, әлеуетті донорларды тексеру жалғасуда.

– Біз облыс әкімінің тапсырмасы бойынша облыста 2000 дозаға дейін иммундық плазма дайындаймыз, – дейді Семей қаласының қан орталығының директоры Айгүл Әлжанова. – Ол үшін барлық ресурстар бар. Қазіргі уақытта Семей өңірінде 17 науқасқа 34 доза плазма құйылды. Қан орталығында медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт бар, ол барлық шығындарды өтейді, пациенттерге плазма тегін беріледі. Пациенттер иммундық плазманы емдеу процесінде  тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қанның басқа компоненттері сияқты алады. Плазма дайындау жалғасуда, әлеуетті донорларды іздеу жүріп жатыр. Процестің ұзақтығы донордың жеке ерекшеліктеріне байланысты. Дайындау процесі 45 минуттан бір сағатқа дейін созылады. Қазіргі уақытта бізде иммундық плазманы дайындау үшін қан тапсыруға дайын адамдар жеткілікті.

Дәрігерлердің айтуынша, әлеуетті донорлар аудандарда да, қалада да бар, енді олар қан орталығына келіп, тексерілуі керек. Тексеруге екі-үш күн кетеді. Естеріңізге сала кетейік, КВИ-мен ауырғандардың барлығы донор бола алмайды. Іріктеу критерийі коронавирустық инфекцияға антиденелердің жеткілікті саны болып табылады. Ковидпен ауырған пациенттерге коронавирусқа жеткілікті жоғары антиденелері бар плазма ғана көмектесе алады. Иммундық плазма донорларына қойылатын басқа талаптардың әдеттегі қан донациясына қойылатын талаптардан еш айырмашылығы жоқ. Иммундық плазманы алу сауыққаннан кейін кемінде екі аптадан соң жүргізіледі, өйткені донор инфекциядан кейін әлденуі тиіс. Плазманы жинауға арналған барлық аппараттар қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған, олардың жұмысын және донордың жай-күйін трансфузиолог-дәрігерлер мен операциялық медбикелер бақылайды. Бұл процедура донор үшін мүлдем қауіпсіз болып табылады. Айта кету керек, плазма донорлары үшін жеті АЕК көлемінде  19 446 теңге төлем қарастырылған. Донор болу үшін Семей қаласының қан орталығына 8-7222-42-15-34 телефоны арқылы хабарласу қажет. Құпиялылыққа кепілдік беріледі. Әлеуетті донор қан орталығына және кері қарай жету үшін орталықтың  қызметтік автокөлігін де пайдалана алады.

Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button