Үшеудің монологы

С.Аманжолов атындағы Шығыс қазақстан мемлекеттік университетінде журналистика мамандығы бойынша оқып жатқан студенттер арасында «Қазақстанның жаһандық бастамалардағы рөлі» тақырыбына эссе жазудан байқау өтті. Осы байқауда үздік шыққан жұмысты оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Редакция
Кеңесбектің монологы
Семей топырағын ғана емес, тегіс қазақ даласын кесір болып аттаған 1949 жыл еді. Бозбаламыз әлі. Елмен бірге қолымызға орақ пен балға ұстап жүрген кезіміз. Сондағы бір түн еді. Менен тағы ұйқы қашқан. Тебендей түйреген ойлар кірпіктерімді айқастырмады. Сонда не ойлаймын дейсіз ғой?! Мен ойлайтын едім… Неге біз осындаймыз… Атам айтып отыратын… Біздің түп-тұқиян затымыз ер түркілер. Дүниені дүр сілкіндірген Білге мен Күлтегіннің ұрпағымыз.
Жарты әлемді жаулаппыз. Содан бері де талай қаһарлы хандар мен бәтуәлі билер, алпамыс батырлар өткен. Кейін ғой отарлаудың оқпанында қалдық. Осы бізді құртқан алауыздық-ау, шамасы. Жік-жікке бөліну… Осындай ойлардың оты өртейтін жанымды… Таң қылаң беріпті. Үркер туған шақ. Кенет, күллі дүние жаңғырды. Айнала әлем-тапырық. Кейін білдік. Киелі топырағымызға қуаттылығы 20 килотонна жарылғышты тастай салыпты. Біздің облыстың өзінде-ақ 200 мыңнан астам адам 100-ден 200-ге дейінгі рентген шамасында радиация алыпты. Аса күшті зарядты жарылыстар кезінде радиация мөлшері 300 рентгенге дейін жетіпті-міс. Соның салдарынан 1949-1963 жылдар аралығында екі млн.-нан астам адам айықпас дертке ұшырады.
Сөйтіп жүріп ел ағасы болар шаққа жеттік. Жөңшек үлектей ызғарлы желтоқсанды көрдік. Ақ қар жоса болды. Боздақтардың ыстық қаны мұзды ерітті. Азаттықтың гүлі көктеді сол боздақтардың бор сүйегіне. Етек жеңімізді жиып ел болғанда, құдайдың бергені-ай!.. Өз ұлымыз көтерілді тұғырға. 1991 жылдың 29 тамызында бөркімізді аспанға аттық. Семей сынақ ядролық полигонын жабу туралы Президент Жарлығы шықты. Мұны көптеген мемлекеттер қолдады. Ал Қазақстан осындай ірі жаһандық бастаманың көшбасшысы атанды. ЯСЖТШ Халықаралық мәліметтер орталығының директоры Рэнди Бэлман: «Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қару мен оның сынақтарынан ада болған бейбіт әлемді жақтайды. Бүгінде Қазақстан – ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы және бұл бағытта орны ерекше мемлекет. Президенттеріңіз ядролық сынақты тыйым салуға арналған жалпы келісімге жеке басы көп күш жұмсады. Дәл осы Қазақстанның миссиясы арқылы мақсатымызға жетеміз деп ойлаймын», – депті. Пәлі… Тамаша емес пе?!
Сондағы ерім еңірей жүріп, табалдырығы құйма алтын есікті қаққан-ды. Сондағы бір ұланымның сөзі еді…
Қазыбектің монологы

Мектеп партасындамыз. Алтын күнді аспанымызда қыранымыз қалықтап жүреді. Ғасырлар тоғысынан үш жыл ілгерілегенде Қазақстан кезекті бір жаһандық бастаманы қолға алды. Президент Н. Назарбаевтың бастамасы негізінде Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірінші съезі өтіп, оған ислам, христиандық, иудаизм, индуизм, буддизм секілді көптеген діндердің беделді өкілдері қатысты. Елбасының пікірінше, мәдени-өркениеттік және діни әртүрлілікке саяси идеологиялық рең беруге шектеу қою қажет. Ері айтты, елі қолдады.
Тағы бір жаһандық жаңғырық. 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) – Еуропада, Орталық Азияда және Солтүстік Америкада орналасқан 56 елдің басын біріктіретін ірі аймақтық ұйымға төрағалық етуі болды. Еліміздің ЕҚЫҰ-дағы төрағалығының ұраны латынның төрт «T» әрпі болды: сенім (trust), дәстүр (tradition), транспаренттілік (transparency) және төзімділік (tolerance). Сенімге ие боп, дәстүрді дәріптеп, транспаренттілік ашықтығымызды көрсетіп, төзімділік таныттық. Отыз күн ойынға келген 38 мемлекеттің ойынан шықтық.
Бөрісырғақ күнде буазыған айдың уыз нұрына жарыған ел перзентінің лебізі еді…
Мәңгібектің монологы

Университетте оқимыз. Мәңгілік елдікке келе жатқанбыз. Айдай әлемге жар салып, жаһанды жаңғырттық. Елордамызда «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі бой көтерді. Неге екенін, екі рет… Әлемнің 150 елінен миллиондаған қонақ келді. Көрмеміздің кереметімен танысты. «Жасыл энергетиканы» жалау еткен ірі бастаманы электр энергиясы бар ауылдарымыздың тұрғындары теледидардан түгел тамашалады. Жаз маусымында жалаулаған көрме, үркер толғағы жүрер шақта тәмамдалды. Әлем сахнасында сан мәрте мерейімен көрініп жүрген, жілік майы толысқан мемлекетіміз бұл бастаманы да абыроймен алып шықты. Қазақстан жаһандық бастамалардың барлығында дерлік көшбасшылар қатарынан көрінеді. Көріне бермек. Алғаш сонау заманда, түркі әскерінің Апа-Тарханы Тоныкөктің тасқа басқан тағылымында айтылып, беріде Алаш арыстарының арнасынан өтіп келіп, бейбіт еліміздің бөктерінде көктеген Мәңгіліктің гүлі жайқала берсін.

Оразай Жеңісұлы