Шеткері аудандарды дамытуға басымдық берілді
Өскемен қалалық мәслихатының депутаттары алдында қала әкімі Жақсылық Омар өзіне жүктелген қызмет пен міндеттердің орындалуы жөнінде есеп берді.
– Бүгінгі есептің мен үшін маңызы ерекше. Төрт жыл облыс орталығын басқару – бұл менің жұмысымның жауапты кезеңі болып табылады. Шығыс Қазақстанның ғана емес, отандық экономиканың дамуына елеулі үлес қосып отырған аса ірі индустриялық қаланы басқару – мен үшін үлкен мәртебе, – деп бастады Жақсылық Омар.
Еліміздегі 17 облыс орталығының ішінде 6 айдың қорытындысы бойынша Өскемен өнеркәсіптік өндіріс көлемі бойынша бірінші орынға, бөлшек сауда тауар айналымы бойынша үшінші орынға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемі және құрылыс жұмыстары бойынша төртінші орынға, инвестициялар көлемі және жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны бойынша бесінші орынға шығып отыр. Бұл – жай ғана статистика емес, бұл – азаматтардың әл-ауқатының негізі, тұрақты жұмыс және болашаққа деген сенімінің көрсеткіші.
– Өткен жылдың қараша айында қаланың жаңа бас жоспары бекітіліп, онда облыс орталығын дамытудың негізгі бағыттары белгіленді. Ағымдағы жылы әкімдік қаланың шет аймақтарының мәселесін шешуге басымдық беріп отыр. Қаланың шеткері өңірлеріне жылдар бойы қаражат бөлінбей, халықты алаңдатқан мәселелер қордаланып қалған. Бұл орайда қала әкімдігінің жұмысы тұрғындардың тілектері мен депутаттардың ұсыныстары негізінде ұйымдастырылды. Тұрғындардан түскен өзекті мәселелерді шешу мақсатында жылдық жоспарларымызға өзгерістер енгізіп, қосымша 1,3 млрд. теңге бөлдік, – деді қала әкімі.
Шеткері аудандарға басымдық берілді
Шаһар басшысы Аблакетка, Сол жағалау ауданы, Красин кенті, Бабкина Мельница ауданы, Новоявленка мен Прудхоздың, басқа да ықшам аудандардың тұрғындарымен кездесіп, сол жиындардың нәтижесінде қолған алынған істердің атқарылу барысымен әлеуметтік желідегі өз парақшасында үнемі бөлісіп отырады.
Қала әкімінің мәліметі бойынша, жол инфрақұрылымын жақсартуға 2022 жылы қалалық бюджеттен 2,3 млрд. теңге бөлінген, бұл өткен жылға қарағанда 2 есе көп қаржы. Оның 1,7 млрд. теңгесі жолдарды орташа жөндеуге бөлінсе, жолдардың шұңқырларын жөндеуге 257 млн. теңге, аула ішіндегі аумақтардағы шұңқырларды жөндеуге 84,5 млн. теңге қарастырылған. Қиыршық тас төселген жолдарды ағымдағы жөндеуге 144 млн. теңге бөлініп отыр.
Биыл облыс орталығындағы жолдарды жөндеу жұмыстары ауа райы орныққаннан кейін-ақ басталып кетті. Мамыр айында Қабанбай батыр көшесінің бір бөлігі толығымен пайдалануға берілді. Мердігерді таңдау бойынша конкурстық рәсімдердің ақпан айында жүргізілуі жөндеу жұмыстарын ерте бастауға мүмкіндік беріпті. Жөнделуге жататын көшелердің тізімі 2020 жылдың соңында жасалған.
– Естеріңізде болса, орташа жөндеу жұмыстары бірнеше жыл бұрын қазан-қарашаға дейін созылатын, соның салдарынан көптеген арыз бен шағымдар туындайтын. Сол себепті біз соңғы үш жыл ішінде бірінші кезеңді 1 маусымға дейін аяқтау міндетін қойдық. Жаңа конкурсты қаңтар айында өткізу үшін болашақта жөнделуге тиіс көшелердің тізімін біз жыл аяғында жасап қоямыз, – деп нақтылады шаһар басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылы облыс орталығындағы 20-дан астам көше орташа жөндеумен қамтылады.
Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында тұңғыш рет ауылдық елді мекендердегі жолдарды жөндеуге қаражат бөлінді. Ахмер ауылындағы ерте көктем мен жаңбырлы күзде батпағы ми болып езіліп жататын ұзындығы 1,7 км және Меновное ауылында 2,6 км жолдарға орташа жөндеу жүргізілді. Шұңқырларды жөндеу кезінде 50 мың шаршы метр жол жамылғысы қалпына келтірілді.
Көлігі бар тұрғындар қала көшелеріндегі көлік ағымдарын едәуір жеңілдетуге мүмкіндік беретін оң жақты бұрылыстардың қосылуын жылы қабылдаған-ды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, биыл қосымша 15 оң жақты бұрылыс жасалды.
Өскемендіктер үшін түйткілді мәселелердің бірі – ескірген қоғамдық көлік құралдары болатын. Жақсылық Омар облыс орталығының автотасымалдаушылары әкімдік тарапынан қолдау тауып, автопарктерін біртіндеп жаңарта бастағанын айтты.
– Қалалық автобус маршруттарына қызмет көрсету үшін күн сайын желіге 260 қоғамдық көлік шығады. Жылжымалы құрамды жаңартудың үш жылдық бағдарламасы аясында тасымалдаушылар 52 автобусты жаңартты, жыл соңына дейін қосымша 38 жаңа автобус жеткізу жоспарлануда, олар бірден маршрутқа шығады. Бұл тасымалдаушыларды субсидиялаудың маңызды шарты болып табылады, – деп атап өтті қала басшысы Жақсылық Омар.
Облыс орталығында алғаш рет трамвай жолдарын жаңғырту бойынша үлкен жоба қолға алынды. Жыл соңына қарай Минсктен салоны кондиционермен және бейнебақылау жүйесімен жабдықталған төрт жаңа, төмен еденді трамвай жеткізіледі.
Облыс орталығының тұрғындарына денсаулық сақтау мекемелері мен әлеуметтік нысандардың қолжетімді болуына да көп мән беріледі. Қала күні қарсаңында өскемендіктерге тағы бір жаңа емхана өз есігін айқара ашпақ. Ал №4 қалалық аурухана ғимаратында науқастарға қолайлы болу үшін лифт жабдықтарын ауыстыру жоспарланған. Шәкәрім көшесі, 149 мекенжайындағы күрделі жөндеуден өткен және жабдықталған ғимаратта келешекте перзентхана ашылады. Гематология орталығының құрылысы жалғасуда, онда жасушалық және гендік-инженерлік технологияларды пайдалана отырып жаңа бірегей аспапты орнату көзделген.
«Үлбі» медициналық-әлеуметтік орталығында жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Жыл соңына дейін технологиялық және құрылыс колледждерінің студенттеріне арналған екі жатақхананың құрылысы аяқталады. Аблакеткадағы бұрынғы «Асқартау» мейрамханасының ғимараты қалаға қайтарылып, қазір мәдени-демалыс орталығына айналды. Бұл жерде аблакеткалықтар бос уақыттарын қызықты да тиімді өткізе алады.
Кездесуде қала әкімі қоқыс сұрыптау зауытының желісі келесі айда іске қосылатынын мәлім етті. Қазір нысанды іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Алдын ала болжам бойынша, қоқысты сұрыптау полигонға келіп түсетін қатты тұрмыстық қалдықтарды 40%-ға азайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ тағы бір өзекті мәселе – контейнерлік алаңдардан қоқыстың тұрақты шығарылмауы жайында да сөз қозғалды. Қоқыс шығарушы компаниялар тұрғындардың бір бөлігі шартқа отырмағандықтан қалдықтарды шығару үшін ақы төлемейтініне шағымданады.
– Бұл мәселені де біз кешенді түрде шешіп, компаниялармен де, халықпен де келіссөздер жүргізетін боламыз, – деп қорытындылады Жақсылық Омар.
Айна Ескенқызы