Шетелге шығу қауіпті болып тұр
Францияның Ницца шаһарында 84 адамның өмірін қиған лаңкестік әрекет шетелдегі қазақстандықтардың қауіпсіздігіне бұрынғыдан да жоғары көңіл бөлу керектігін көрсетті. Әсіресе, елден жырақта білім алып жүрген жастарымыздың өмірі мен денсаулығын сақтау, қорғау күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналды бүгін.
Естеріңізде болса, 14-шілде күні кешке Ницца қаласының «Ағылшын жағалауы» деп аталатын ауданында лаңкестік шабуыл жасалды. Дәл осы күні қала тұрғындары мен қонақтары мемлекеттік мереке – Бастилия қамалын алған күнді тойлап жатқан. Жүйткіген жүк көлігі рұқсат етілмеген аумаққа бұзып кіріп, адамдарды аяусыз басып, оған қоса қарудан оқ жаудырған. Көліктің жүргізушісін тәртіп сақшылары атып өлтіргенше ол екі шақырымдай жер жүріп өтіп, жолындағының бәрін жайпаған. Қанды қырғын салдарынан 84 адам, оның ішінде балалар да қаза тапты. Екі жүзге жуық адам жарақат алған.
Еліміздің Сыртқы істер министрлігі террорлық шабуылдың салдарынан төрт қазақстандық оқиға орнында қаза тапқанын мәлім етті. Одан бөлек тағы екі отандасымыз (студенттер) дүйім жұртты дүрліктірген жағдайды көзімен көрген.
Францияда білім алып жатқан Азиза Қасымбекова мен Анастасия Архиреева достарымен бірге 14-шілде күні кешке «Ағылшын жағалауында» қыдыруға шығады. Көпшілікпен бірге олар да мерекені қызықтап, көріністерді бейнетаспаға жазып, көтеріңкі көңіл күйде жүрген. Кенет жұрттың үрейін ұшырған қайғылы оқиғаның куәсі болады. Егер қазақстандық студенттер сәл бұрылып, басқа жолмен жүрмегенде олардың жүк көлігінен аман қалуы екіталай еді.
– Өйткені, жүк көлігі біз бес минут бұрын тұрған жерден өтті. Абырой болғанда біз келе жатқан бағытымызды өзгертіп, жолдың екінші қапталына шығып кеткенбіз. Соның арқасында құдай сақтап аман қалдық. Бірақ сол сәтте біз былтыр күздегі сияқты тағы да бірнеше жерде терракт бола ма деп қатты қорықтық. Қайда қашып, қайда тығыларымызды білмей қалдық, – дейді Азиза Қасымбекова.
Жалпы, Ниццада шамамен 240 қазақстандық консулдық есепте тіркелген. Олардың нешеуі лаңкестік оқиға орнында болғанын дөп басып айту қиын. Десек те қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында отандастарымыз жоқ. Сексеннен астам жазықсыз жанға ажал құштырған террорлық әрекетті «ДАИШ» экстремистік ұйымы өз мойнына алды.
Осы жағдайға байланысты еліміздің Сыртқы істер министрлігі Франциядағы қазақстандықтарға қауіпсіздік шараларды сақтау туралы нұсқаулар, ұсынымдар берілгенін хабарлады.
Ниццадағы терракт бір жыл ішінде Францияда орын алған екінші ірі лаңкестік шабуыл. Былтыр қараша айында Парижде үш жерде қатарынан жарылыс болып, 128 адам ажал құшқан. Ол жолы да қанды қырғынды ДАИШ содырлары жасаған болатын.
Ойда жүрер он ереже
«Сақтансаң ғана сақтайды» демекші, кез келген оқыс оқиғадан, кездейсоқ жағдайлардан ешкім де жүз пайыз қорғалмағанымен, әркімнің алдын ала сақтанып жүруі, өз басының қауіпсіздігіне мән беруі маңызды. Осы ретте оқырман назарына Мәдениет және спорт министрлігі дін істері комитеті дайындаған қазақстандықтардың, оның ішінде әсіресе, сыртта оқитын студенттердің шетелде өзін-өзі дұрыс ұстауына, әртүрлі өмірлік жағдайларда дұрыс іс-әрекет жасауына, сонымен қатар, өзге елге бейімделуді үйретуге арналған ойда жүрер он ережені ұсынып отырмыз.
№1 ЕРЕЖЕ
Жоғары оқуға түсу үшін шетелге шығу алдында әр азамат таңдаған оқу орнының ресми мәртебесін анықтап, ол туралы интернет (сайттар, ұсыныстар) мүмкіндіктерін пайдаланып, мәлімет алуы, еліміздің Сыртқы істер министрлігінен, Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан Республикасында аккредитациядан өткен сол мемлекеттің елшілігінен қажетті анықтама ақпаратты жинауы тиіс.
Мұсылман діни білімін алуға ниетті азаматтар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен алдын ала кеңес өткізу керек.
Христиан діни білімін алуға ниетті азаматтар Қазақстан Православиелік шіркеуінің Митрополит округінің алдын ала кеңесі қажет.
№2 ЕРЕЖЕ
Шетелге шығу алдында болашақта оқитын елдегі Қазақстан елшіліктері мен консулдық мекемелерінің барлық мекенжайларын біліп алған жөн. Олар туралы ақпарат Сыртқы істер министрлігінің www.mfa.gov.kz сайтында көрсетілген.
Болашақта оқитын ел туралы ақпарат алдын ала жинаған жөн.
№3 ЕРЕЖЕ
Шет мемлекетке келгеннен кейін Қазақстан елшілігіне немесе консулдығына барып, бір ай көлемінде консулдық есепке тұру. Сондай-ақ, ары қарай да тұрақты байланыс орнату.
Сол елде оқитын өзге қазақстандық студенттермен де танысып, қарым-қатынаста болу.
Сонымен бірге, тұратын мемлекеттің барлық қажетті төтенше қызмет көрсету мекемелерінің (жедел жәрдем, полиция, өрт сөндіру, төтенше жағдайлар және т.б.) байланыс және мекен-жайларын біліп алған дұрыс.
№4 ЕРЕЖЕ
Жаңадан танысқан адамдармен мұқият әрі абай болу керек. Көшеде, не болмаса өзге қоғамдық орындарда бейтаныс адамдардың тарапынан жеке мәліметті сұрайтын анкеталар ұсынылатын болса, оларды толтырмаған жөн.
Ақысыз материалдық көмек немесе басқа да тегін жәрдем ұсынатын әртүрлі үкіметтік емес, соның ішінде діни қорлар мен ұйымдар өкілдерімен қарым-қатынас жасаудан тартыну керек.
№5 ЕРЕЖЕ
Негізгі білім алу үдерісі барысында жоғары оқу орны аумағынан тыс жерлерде ұйымдастырылатын қосымша түрдегі оқыту курстарынан, лекциялардан, практикалық сабақтардан алыс жүру.
№6 ЕРЕЖЕ
Егер оқитын елде қандай да бір діни ұйымның нысандарын көрсетуге байланысты бірнеше рет қайталанатын ұсыныс айтылса, ондайдан аулақ болған жөн.
Қазақстанның аумағында қызметіне тыйым салынған діни ұйымдар өкілдерінің уағыздары жазылған аудио және бейне материалдарды тыңдамаған әрі қарамаған жөн.
Сот шешімімен қызметіне тыйым салынған діни ұйымдар туралы ақпарат Мәдениет және спорт министрлігі дін істер комитетінің www.din.gov.kz. cайтында үнемі жаңартылып отырады.
№7 ЕРЕЖЕ
Егер Сізді жергілікті құқық қорғау органдары тоқтатып, тергесе, не болмаса Сізге діни ұйым немесе ағым өкілі кездесіп, қауіп төндіретін, дін негізіндегі тартыс-таласқа және т.б. жағдайға тап болсаңыз, өзіңіз тұрған мемлекеттегі Қазақстанның елшілігіне немесе консулдығына дереу хабарласу қажет.
Шет тіліндегі кез келген хаттамалар мен өзге құжаттарды Қазақстанның елшілігі немесе консулдық мекемесі қызметкерінің қатысуымен ғана толтырып, қол қоюыңызға болады.
№8 ЕРЕЖЕ
Шетелдік мемлекетте оқу кезінде сол мемлекеттің заңдары мен нормалары Сіз үшін де қатысты болады. Сондықтан оларды бұлжытпай орындау керек.
Сіз тұрған мемлекеттің заңдарын білмеу Сізді заң талаптарын бұзу жауапкершілігінен босатпайды.
№9 ЕРЕЖЕ
Теріс діни ағымдарды анықтайтын белгілер:
Діни басшы және оның құрған тобының жеке діндар тұлғасынан дараланып, маңызының жоғары болып көрсетілуі;
Ұйым мүшелерінің санасы мен жүріс-тұрысының діни басшысы жағынан үнемі бақылауда болуы. Олардың жеке өмірлерінің қатаң тәртіппен өтуі. Сырттан келіп түсетін ақпаратқа шектеу мен бақылау орнату.
Әлемдік және дәстүрлі діни мәтіндердің белгілі бір мақсат аясында әдейі бұрмалануы, өз қағидаттарына сай өзгерту. Әлемдік және дәстүрлі діндерді «шын діни ілімнен» адасуда айыптау. Дәстүрлі діни мәтіндерін «жаңа» тілге «аудару».
Діндарлардың бойына «діни менталитетті» сіңіру үшін саналарын бақылауда ұстау мен бағдарламалаудың арнайы техникаларын пайдалану. Психологиялық тәсілдерді қолдану.
Ұйым ішіндегі қатаң иерархияға бағыну.
Өз мүшелерінің өзге адамдармен салыстырғандағы артықшылығын насихаттау, әлемдік және дәстүрлі діндерге деген төзімсіздік, оларды менсінбеу. Топқа және топ басшысына бағыну бағытын алу.
№10 ЕРЕЖЕ
Төменде аталып көрсетілген белгілерге қарап, теріс ұйымдарға кірген адамды білуге болады:
1. Оқудағы талап-тілегінің өзгеруі. Адамның оқуға, болашақ мамандығына деген немқұрайлығы пайда болады. Ол достарымен аз араласып, туған-туыстарынан алыстайды. Білімге, үйреншікті көңіл көтеру шараларына құштарлығы азаяды.
2. Жүріс-тұрысының өзгеруі. Адам күнделікті әрекетіне, үйреншікті ісіне сәйкес келмейтін, кейде ашулы қылық көрсетеді, барлық нәрсеге салқын қарайды. Бұрынғысынан бетер тұйықталып, эмоциялары басылған немесе асыра эмоционалды болып кетеді. Жаңа істің игілігі үшін кез келген нәрсені құрбан етуге дайын екенін білдіреді.
3. Сөзінің өзгеруі. Адам жаңа, өзіне тән емес сөздерді, сөйлемдерді, терминдерді пайдалана бастайды; жат сөйлейді; сөйлеу мәнері өзгереді, сөзі қайталанып, дауысында мазасыздық, бірсарындылық байқалады.
4. Әдеттерінің өзгеруі. Адамның тамақтану тәртібі өзгереді, киім үлгісі де өзгеріске ұшырайды; көп уақытын діни әдебиет оқуға арнайды, медитациямен ынта танытып шұғылданып, жиі дұға оқиды.
5. Өмір қалпының өзгеруі. Телефон арқылы ұзақ сөйлесулері пайда болады, хаттар көптеп келіп түсіп, кездесулерге, жоспардан тыс жиналыстарға, семинарларға, т.б. жиі қатыса бастайды. Университеттегі оқуынан тыс ел ішінде немесе шетелдік сапарлары пайда болуы мүмкін.
6. Негізсіз ақша шығындарының көбеюі, қарыз алуының жиілеуі. Адамның тамақтануға, оқу әдебиетін сатып алуға, киіміне, көлікпен жүріп тұруына, спортпен шұғылдануына, т.б. қатысты күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерін өтеуге жұмсалатын қаражаттың көлемі ұлғаяды.
Жалпы алғанда, адам бойында аталған өзгерістер анықталған жағдайда, жеке тұлға мен теріс сипаттағы діни топ арасында алғашқы байланыс орнауы мүмкін.
Мұндай жағдайда жеке қауіпсіздік шараларын қолданып, Қазақстанның елшілігіне немесе консулдығына шұғыл хабарласу керек.