ҚоғамТОП

ШЕТЕЛГЕ КЕТПЕЙ, ШЫҒЫСҚА КЕЛЕДІ

Төрткүл дүниені тыпыр еткізбей тастаған коронавирус пандемиясына байланысты қазақстандықтардың көпшілігі биыл алдағы  демалыстарын шетелде емес, отанымызда өткізбек. Шетелдік демалыс орындары да  өзге елден ағылатын туристерді қарсы алуға аса құштар болып отырған жоқ. Сарапшылар осылай деп отыр.

 

 

Елдегі “Туристік Қамқор” қорының төрайымы Инна Рей  «Қытай өздерінің барлық туристік ағымдарын ішкі нарыққа бейімдеп, ішкі маршруттарды белсене дамытуда. Олардың  қайтадан тәуекелге барғысы жоқ», – деп бізге де солай істеуге инфрақұрылымдардың жоқтығы қатты кедергі келтіретінін айтады. «Егер бізге қызметін ұсынып отырған елдің жұқпалы дерт зардаптарымен жақсы күресіп жатқанына күмән келтірмей, кәміл сенетін болсақ, онда шетелге демалуға барамыз. Түркия сияқты бірқатар ел барлық нысандарды мұқият залалсыздандырып, сақтық шараларын жан-жақты жүргізуде. Бұл ел курорттарын да осылай дайындайды деген ойдамын», –  дейді ол.

Ел тамылжыған табиғатына бола ынтығатын біздің Шығыста да туризм жүйесіз түрде дамып келеді. Қонақ келгенде қызармас үшін кішкентай қонақүйлерден бастап, курорттар инфрақұрылымдарын жақсартып, қызмет сапасын арттыру қажет.  Отандық демалыс орындарының қай-қайсында да  шетелдегідей  жақсы жағдай, тиімді қызмет жоқ, демалыс ақысы аса  қымбат  десек те, ішкі туризм үшін енді сәтті мүмкіндік туғалы тұр. Әдетте  толқынды теңіз бен ыстық күнді іздейтін демалушыларды аймағымыздың айрықша табиғатымен де  көптеп тартуға болады.

Бүгінгі күні облыста демалуға келушілерді орналастырумен айналысатын 576 орналастыру орны (түрлі демалыс орындары) жұмыс істейді, оларда 10 743 нөмір, сонымен қатар бір мезгілдегі сыйымдылығы 33 629 төсек-орын бар. Тек курорттық аймақтардағы орналастыру орындарының саны 313 бірлікті, бөлме саны 7230 бірлікті құрайды.

Орналастыру орындарының қызмет көлемі (мейрамханалардың қызметін қоспағанда)  2018 жылмен салыстырғанда былтыр 7,6%-ға артқан. Статистика бойынша, 2019 жылғы қаңтар-желтоқсанда 2017 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда аймақта  қызмет көрсетілген келушілер саны 16,2%-ға артып, 565030 адамды құраған. Облыстағы демалыс орындарына  шеттен келгендер өткен жылмен салыстырғанда келушілердің (бейрезиденттер) саны 3,1%-ға көбейіп, 29741 адамға жеткен. Былтыр курорттық аймақтарға 292 432 ішкі және 5281 басқа мемлекеттен келген демалушылар келген. Облыста бұрнағы  жылмен салыстырғанда ішкі туризм келушілерінің  саны да  8,7%-ға артып,  582948 адамды құраған.

«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары  Тимур Дүйсенғалиев әсіресе, (біздің облыс пен  Алматы облысы аумағында жатқан) әйгілі Алакөл, шілдеде  Каспий теңізі жағалауында ашылғалы отырған заманауи жаңа курорт биыл қазақстандықтардың жаппай баратын бірден-бір демалыс орны болатынын  айтады.

Жалпы, елімізде  ішкі туризмнің ең перспективалы бағыттарына Қазақстанның келесідей басым туристік  аумақтары енгізілген:

  1. Алакөл көлі – әлеуеті бір жылда 2 500 000 турист (ағымдағы ағын – бір жылда 772 000 турист);
  2. Алматы өңірінің тау кластері– әлеуеті бір жылда 2 500 000 турист (ағымдағы ағын – 500 000);
  3. Щучинск-Бурабай курорттық аймағы – әлеуеті бір жылда 2 000 000 турист (ағымдағы ағын – 750 000);
  4. Баянауыл курорттық аймағы – әлеуеті бір жылда 450 000 турист (ағымдағы ағын – 200 000);
  5. Имантау-Шалқар курорттық аймағы – әлеуеті бір жылда 400 000 турист (ағымдағы ағын – 130 000);
  6. Балқаш көлі – әлеуеті бір жылда 400 000 турист (ағымдағы ағын – 130 000);
  7. Шарын каньоны – әлеуеті бір жылда 1 000 000 турист (ағымдағы ағын – 100 000);
  8. Түркістанның тарихи-мәдени туризмін дамыту – әлеуеті бір жылда 1 500 000 турист (ағымдағы ағын – 500 000);
  9. Маңғыстаудың жағажай туризмін дамыту – әлеуеті бір жылда 750 000 турист;

Жамал Ермен

Осы айдарда

Back to top button