Шетелдіктердің жобасы қызығушылық тудырды

Елордада өткен «ЭКСПО-2017» көрмесінде Ресей ғалымдары ұсынған жоба Глубокое ауданы тұрғындарының қызығушылығын тудырды. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Глубокое ауданы әкімінің орынбасары Сергей Кимасов мәлім етті.
– Шетелдіктердің бұл жобасы аудандағы өнеркәсіп саласының дамуына тың серпін бермек. Ағын суларды зиянды заттардан тазалау әдістерін ұсынған ресейліктердің қолға алған жобасына біздің жерлестеріміз жоғары баға беріп отыр. Қазір біз Финляндия, Польша, Германия, Ресей елдері ғалымдарының «ЭКСПО-2017» көрмесіне әзірлеген ғылыми жобаларына жан-жақты талдау жүргізудеміз. Егер шетелдіктер ұсынған өнертабыстардың тиімді тұстары көп болса, онда мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында инвестиция тартатын боламыз, – дейді Сергей Кимасов.
Биыл Астанада «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен өткен халықаралық көрмені бес мыңға жуық глубокоелық тамашалап қайтқан. Елордадан ерекше әсермен оралған аудан тұрғындары архитектураның ең соңғы үлгілерімен салынған әсем ғимараттарды аралап, ғылымның соңғы жаңалықтарымен танысып қайтқандарына дән риза.
– Ауданның үш мыңға жуық тұрғыны «ЭКСПО-2017» көрмесіне тегін барып қайтты. Биыл Қазақстан полициясының 25 жылдығына орай аталмыш салада қызмет еткен 25 ардагерге жолдама бердік. Сондай-ақ, 50 мұғалім мен 50 мемлекеттік қызметкер де Астанада өткен көрмені тамашалады, – дейді Сергей Кимасов.
Елбасының биылғы Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ауданда кәсіпкерлерді қолдау, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жұмыстары қолға алынып, инвестиция тарту сияқты экономиканың ілгерілеуіне серпін беретін жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Бүгінде Глубокое ауданындағы 2400-ден астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген, бұл 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Ал ағымдағы жылғы бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 11,5 миллиард теңгені құрайды деп күтілуде. Сондай-ақ, аудандағы өнеркәсіп өнімінің көлемі жыл соңына дейін 22,7 миллиард теңгені құрамақ.
– Бүгінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты деңгейде деп айтуға толық негіз бар. Биылғы жылды оң көрсеткіштермен аяқтаймыз деп ойлаймын, – дейді Сергей Кимасов.
Ажар Сағатбекова