Қоғам

Шетелдік компания тұрғын үй салады

Шетелдік компания тұрғын үй салады

Аягөз ауданынан жуықта жақсы бір жаңалық естілді. Жиырма жылдан бері ешқандай көпқабатты үй салынбаған елді мекенде жергілікті әкімшілік пен шетелдік компанияның өкілі 60 пәтерлік бесқабатты тұрғын үй салу жөніндегі екіжақты келісімшартқа қол қойды. Жобаның құны 440 млн. теңгеден асады.
Өткен жылғы халыққа Жолдауында Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ республикаға шетелдік инвесторларды тарту туралы айтқан болатын. Елбасы шетелдік бизнесмендер мен кәсіпкерлердің капиталы еліміздің экономикалық қуатының артып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, еңбек өнімділігін жақсартуға мүмкіндік береді деген пікір білдірген-ді.
Шығыс Қазақстан – Елбасының тапсырмасын алғашқылардың бірі болып басшылыққа алған өңір. Тұрақты инвесторларды іздеген қалалар мен аудандардың арасында енді Аягөз де бар. Қала үшін тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі бүгінгі таңдағы ең өзекті проблема болып табылады. Сол себепті шетелден келген қаражатты ең алдымен жаңа үйлердің құрылысына құю туралы шешім қабылданған.
Келісімшартқа қол қоймас бұрын Аягөз ауданының әкімі Бақытжан Байахметов пен «СМП-610» ЖШС-нің құрылтайшысы Альфредо Мануэль Бруно Виторино жаңа ғимараттың салынатын жерін қарап шықты. Көпқабатты үйдің құрылысына коммуникация жүйелеріне шығын аз кететін аумақ таңдалып алынды. Содан кейін жаңа жобаның техникалық және технологиялық мүмкіндіктерін талқылаған жиын өткізілді.
– Жаңа баспана басқа көпқабатты үйлерге жақын орналасады, бұл ғимаратты су мен жылу жүйелеріне, кәріз жүйесіне қосуға ыңғайлы болмақ, – деді Бақытжан Байахметов. – Пәтерлердің жалпы аумағы 3546,7 шаршы метр. Үйді келесі жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Баспананың бір шаршы метрінің құны 111 262 теңгені құрайды. Жаңа пәтерлер «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның салымшыларына берілмек. Наурыз айының басында әкімшілік, банк және шетелдік инвестор меморандумға қол қойған болатын. Оның шартында қаржы институты құрылыс жүргізушіге өз клиенттерінің және ниет білдірушілердің арасынан сатып алушыларды тауып беруге міндетті екені көрсетілген. Жылжымайтын мүлікті сатып алуға қарыз еліміздің қолданыстағы заңдылықтарына, банктің ішкі құжаттары және тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы бекітілген келісімшарттардың талаптарына сәйкес берілетін болады.
– Құрылысты мамыр айының басында бастау жоспарланған, – деді аудан әкімі. – Ғимаратты салуға жергілікті компаниялар тартылатын болады. Алғашында 30-40 жаңа жұмыс орны ашылады. Ары қарай жұмыс көлемі артатындықтан, қосымша жұмыс орындарының саны да көбейеді. Шетелдік инвесторлармен меморандум бекіту алдағы уақытта бізде дәстүрге айналады деп сенемін.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button