Темір тізгінТОП

Шетелдік көлік мәселесі шешімін тапты

 Осыған дейін елімізде өз көлігінің өзінікі екеніне сене алмай күдіктене қарап, күмәнді күй кешіп жүргендер көп болатын. Шетелдік көліктерге қатысты бұл мәселе күні кеше шешімін тапты. Басқа өңірлерді айтпағанда, Өскемендегі шетелдік көліктердің алғашқысы тіркеуден өтіп, қазақстандық темір тұлпарлардың қатарына қосылды. Алайда көлігім «ауада ма, жерде ме?» деп жүргендер әлі де сан сауалды сана сүзгісінен өткізу үстінде.

Көлігі анда да, мұнда да жоқ, «ауада» тұрғандар қандай шешім табары әлі беймәлім. Ал шетелден әкелсе де, шешімін тауып, заңды жолмен шекарадан көлік кіргізіп келгендер мамандандырылған ХҚКО-ға жүгінуде. Мемлекет тарапынан жасалған бір реттік жеңілдікті пайдалана отырып, көліктерін тіркетіп алуды көздегендер көп. Солардың бірі 23 қаңтар күні Ресей Федерациясынан әкелген көлігін қазақстандық автомобильдердің қатарына қосты.

– Мемлекет бізге берген бірегей мүмкіндікті пайдаландым. Бұл – нақты қолдау, өте ризамыз. Көлігімді заңдастырғаныма қуаныштымын, – деді облыс тұрғыны Анастасия Кузьмичева.

Көлігін заңдастыруды көздегендердің алғашқы легі өтініштерін ХҚКО-ға бере бастаған. Нақтырақ айтқанда, облыс бойынша алғашқы күні 150 ден астам адам өтініш берсе, солардың 90-нан астамы бірінші кезеңнің тексерісінен сәтті өткен. Ал қалғандарының өтініші қаралу үстінде. ХҚКО-ның мәліметінше, көптеген көліктердің кедендік мәліметтері табылмаған. Олар біз жоғарыда тілге тиек еткен көлігінің «ауада» екенін білмей жүргендердің қатарынан болса керек-ті. Шетелдік көлікті қалай тіркеу керек екенін, оған қандай құжет қажеттігін газетіміздің осыған дейінгі сандарында жазған болатынбыз. Десе де құлақтанып үлгермей жатқан халық үшін сұрақ тудырған мәселелердің кейбіріне нақтырақ тоқтала кетуді жөн көрдік.

                           

Оң рульді автомобильдерге шектеу жоқ

Алғашқы көліктердің тіркелгені туралы әлеуметтік желі мен сайттардағы ақпараттардың асты пікір алаңына айналып үлгерді. Көптеген халық бұған дейін қаншама ақпарат жарияланса да, көліктің тіркелу барысы мен құны туралы сұрақтарын жолдаған. Оларға кез келген БАҚ-та бұл сұрақтың жауабы бұған дейін жазылғанын айта кеткен артық болмас. Ал біраз адамды оң рульді көліктерді тіркеу мәселесі толғандырған. Олардың көпшілігі «оң рульді көліктерді тіркеу Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңына қайшы емес пе?» деген сауалын жолдапты. Бұған жауапты мамандар, осыған дейін белгілі болғандай, мемлекеттің бірреттік жеңілдік аясында тіркеліп жатқандығын түсіндірді. Нақтырақ айтқанда, кез келген адамның шетелден әкелген оң рульді көлігі іздеуде жүрген (қылмыстық) болмаса, толық кедендік тазартудан өткен, 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге кірген болса, ешқандай кедергісіз тіркеліп, қазақстандық көлік атана алады.

Сондықтан, ең әуелі, көлікті басқа елдегі тіркеуінен шығарып, одан кейін барып Қазақстанда тіркетуге болады. Өзге елдегі тіркеуінен шығармай, Қазақстанда тіркеуге қойған жағдайда құқықтық мәселелер туындайды. Қолдан-қолға өткен шетелдік көлікті сатып алған жағдайда оның есептен шығарылғанын білу біраз уақыт алуы мүмкін. Десе де, мамандардың айтуынша, көп жағдайда ондай көліктер есептен шығып қалатын көрінеді, өйткені оның тіркеуде тұруы көлікті сатқан адам үшін тиімсіз. Сондықтан да оны тіркеуден шығарып тастауы – заңдылық. Сол себепті оны тіркеуден шығару үшін көлікті алған елге барудың қажеті шамалы. Сондай-ақ тіркеуден шығу фактілерін қашықтан тексерудің техникалық мүмкіндіктерін пайдаланып, арнайы сұрау жіберуге болады.

Кедендік тазарту және «конструкторлар»

Көптеген көліктерге кедендік тазарту кедергі болып жатқан көрінеді. Бұл – жалпы тәртіппен жүзеге асырылатын әдеттегі процедура. Нақтырақ айтқанда, Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден келген көліктерге кедендік тазарту жүргізілуі керек. Ал аталған одаққа кіретін елден келген көліктерге кедендік тазартудың қажеті шамалы. Десе де Еуразиялық экономикалық одаққа кіретініне қарамастан, Қырғызстаннан келген көліктерге кедендік тазарту жүргізіледі. Өйткені олар одақ үшін көзделген төмен мөлшерлемелер бойынша кедендік тазартудан өткен және бұл автомобильдер ішкі тұтынуға арналған көліктер болып саналады.

Сонымен қатар «конструктор» көліктердің тіркеуге алынбайтыны айтылды. Өйткені олар қосалқы бөлшектер арқылы құрастырылғандықтан ешқандай құжаты жоқ.

– «Конструктор» көліктерді тіркеуге алмаймыз, себебі олардың ешқандай құжаты жоқ. Сондай-ақ бұл көліктер Қазақстан шекарасынан заңсыз кіргізілген. Ондай көліктердің заңсыз екенін иелері де, біз де білеміз. Сол себепті де заңдастыра алмаймыз. Оны енді иелері тек қосалқы бөлшек қылып қана сата алады, – деді ІІМ ӘПК төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев.

«Конструктор» көлік иелеріне әзірше бөлшектеп сатудан басқа жол жоқ екені айтылды. Ал Армениядан әкелінген көліктердің көпшілігі уақытша тіркеуге алынғандықтан олар оң шешім таппақ.

Көлігіңді заңдастыру үшін арнайы АвтоЦОН-ға бармай-ақ, өтінішті «Электронды үкімет» порталы арқылы жолдау әлдеқайда жеңілірек болмақ. Жалпы, жұмысты тез арада шешіп алу үшін көрсетілген негізгі төрт құжатты өткізу қажет, олар: өтініш, өтініш берушінің жеке куәлігі, көлік паспорты немесе тіркеу туралы куәлігі, көлікке меншік құқығын растайтын құжат. Бұның барлығы дұрыс болған жағдайда көлікті АвтоЦОН-ның тексеру пунктіне нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін ұсыну қажет. Көлігіңіз талапқа сай, құжатқа сәйкес келсе, ары қарай 2 күннің ішінде заңдастырып алуға болады.

Көліктің елге қашан кіргізілгені де оңай анықталады. Белгілі болғандай, көліктің елге кіру күні ҰҚК Шекара қызметінің немесе Мемлекеттік кірістер органдарының жүйелері және автосақтандыру полисінің алғашқы ресімделген күні бойынша анықталады. Өйткені барлық процесс толығымен автоматтандырылған. Сондай-ақ Интерпол және ТМД базалары бойынша да тексеріліп, Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік жүйесі бойынша кедендік тазартудан өтуі тексеріледі. Барлығы да цифрлық жүйеге қосылғандықтан тұтынушыға ешқандай қиындық туғызбайды.

Бұл бірреттік қана жеңілдік болғандықтан мүмкіндікті мүлт жібермей пайдаланып қалған көлік иелерінің ұтары анық. Ал осыдан былай Қазақстан азаматтары шетелдік есепке алынған автокөліктерді сатып алғаннан кейін оларды Қазақстан Республикасында 10 жұмыс күні ішінде тіркетуі қажет.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button