Темір тізгінТОП

Шетелдік автокөліктерді заңдастыруға рұқсат берілді

Ынтымақ Толқын

Мемлекет басшысы шетелдік көліктерді заңдастыруға мүмкіндік берді. 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге кірген автокөліктер заң негізінде рәсімделеді. Жаңа өзгеріске сәйкес көлігіңіздің құжатын жасатуға 200 мың теңге көлемінде ақша жеткілікті болмақ.

Қазіргі уақытта көптің көкейінде жүрген мәселенің бірі – шетелдік автокөліктерді заңдастыру. Былтыр жұрт көп талқылаған мәселенің бірі де осы шетелдік автокөліктерге қазақстандық «төлқұжат» беру еді, түйткілдің түйіні шешілді. Ел Президенті осы уақытқа дейін өзгертулер мен толықтыруларды қажет етіп келген Салық кодексі туралы заңға қол қойды. Аталмыш кодекске енгізілген өзгертулерге сәйкес, өзге елдің көлігін тізгіндеген азаматтар бастапқы тіркеу үшін 200 мың теңге көлемінде қаражат төлеуі тиіс. Автокөліктерді заңдастыру қажетті заңнамалық өзгерістер қолданысқа енгізілген соң және Үкіметтің тиісті қаулысы қабылданғаннан кейін 6 ай ішінде, яғни 2023 жылдың 1 қаңтарынан 1 шілдесіне дейін жүзеге асады.

ІІМ-нің деректеріне сүйенсек, 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ел аумағына кірген шетелдік көліктердің саны 300 мыңнан асқан. Көлік сақтандыруларының басым бөлігі Ресейден келген темір тұлпарларға берілген. Олар шамамен 260 мыңға жуық. Ал Қырғыз елінен 25,5 мың мәшине келсе, Армениядан 18 мың көлік Қазақстан шекарасынан өткен. Енді осы аталған көліктердің барлығын өз иелері заңдастыра алады. Мемлекет басшысы бұл орайда тек екі мәселені назарға алуды тапсырды. Ел аумағында жүйткіген шетелдік көліктер өз елінде іздеуде болмаса және толық кедендік тазартудан өткен болса, қазақстандық нөмірді еш кедергісіз алуы тиіс.

– Елімізде өзге елден әкелінген көліктер жетіп артылады. Оларды заңдастыруға барлығының мүмкіндігі бар. Автокөліктер іздестіру базасында тіркелмесе, бұрынғы тіркелген жерінен есептен шығарылған болса, толық кедендік тазартудан өтсе және 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін шекарадан өткен көліктер еш кедергісіз заңдастырылады. Олардың елге кіру күні ҰҚК Шекара қызметінің деректер базасы бойынша айқындалады. Қазіргі уақытта бұл үдеріс толық автоматтандырылған. Ал шекара қызметінде көлік құралын әкелу туралы мәліметтер болмаған жағдайда автокөліктің Қазақстан Республикасында нақты болу күні автосақтандыру полисінің алғашқы рәсімделген күні бойынша айқындалады. Шығыс Қазақстан аумағында көліктерді заңдастыру тек Өскемен қаласындағы мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі мамандандырылған бөлімде (автоЦОН) жүзеге асатын болады. Сол жерде біздің арнайы криминалист маман жұмыс істейді. Заңдастыруға келген әрбір көлікті мұқият тексеріп барып керекті құжаттарын береміз. Қазір облыста қанша көлікті заңдастыруға болатынын нақты айта алмаймын. Бірақ құжат алғысы келгендердің барлығына көмек қолын созамыз, – деді облыстық полиция департаменті Процессинг орталығының басшысы, полиция майоры Равиль Кудаскин.

Осы тақырып аясында көпшілікті алаңдатқан тағы бір мәселе – оң рульді көліктер. Өйткені теріс рульді көліктерді заңдастыруға біздің елде 2007 жылдан бастап тыйым салынған. Қазіргі уақытта елімізде осындай 20 мың көлік бар. Ал Салық кодексіне енгізілетін өзгерістердің арасында осы бөлім де назардан тыс қалмаған. Заң жобасы аясында ұсынылған өзгеріс Үкіметтен қолдау тауып, заңдастыруға оң рульді көліктер де ілікті.

– Оң рөлді көлікті тізгіндегеніме төрт жылдан асты. Бағасы көңілге қонымды болған соң сатып алғанмын. Шетелдік көліктердің жүруіне тыйым салынады дегенде біраз жүрексінген едім. Қазір халыққа тиімді заң жобасы жасалыпты. Күшіне енгенін асыға күтіп жүрмін. Көлігімді тезірек өз атыма ауыстырып алсам жақсы болар еді, – дейді қала тұрғыны Базарбек Болатұлы.

Армения әлде Грузия

Көліктерді заңдастыруда қай мемлекеттен әкелінуіне байланысты бірқатар айырмашылық бар. Қырғыз елінен келген көліктер сол елдің заңнамасына сәйкес кедендік баж бен салықтарды төлей отырып 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін сату құқығынан шектеу арқылы заңдастырылады. Аталған мерзімнен кейін олар Еуразиялық экономикалық одақтың тауары деп танылып, оларға қойылған талап алынып тасталады.

Ал Армениядан әкелінген көліктерді тіркеу сату құқығынан айырмастан жүзеге аспақ. Себебі 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап олар да ЕАЭО тауары болып есептеледі. Бұл қазіргі уақытта сары нөмір таққан көліктерге де қатысты.

ЕАЭО құрамына кірмейтін мемлекеттен, мәселен Грузиядан әкелінген көліктер кедендік рәсімдеуден толықтай өтуі керек.

Егер көлік құралының төлқұжаты немесе оны тіркеу туралы куәлік болмаса, ал транспорт бұрын жол қозғалысына не болмаса ЕАЭО аумағында пайдалануға жіберілмесе және іздеуде болмаса, онда ол көлікті мемлекеттік кірістер органының мамандары тексереді. Осы уақытқа дейін не кедендік баж салығын, не өзге де жарналарды төлеместен ел аумағына заңсыз жолмен кірген көліктерді де тіркеуге болады. Ол үшін барлық тиісті сома төленуі керек.

Қандай құжаттар керек?

Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген көліктерді жеңілдікпен тіркеуге мамандандырылған ХҚКО немесе электронды үкімет порталы арқылы өтініш беруге болады. Көлігін заңдастыру үшін азаматтардың жанында форма бойынша өтініш, жеке басын куәландыратын құжат, көліктің төлқұжаты немесе тіркеу туралы куәлігі және сол көлікке меншік құқығын растайтын құжаты болуы шарт. Жоғарыда аталған екі жолдың бірі арқылы қабылданған құжаттар тексеріске жіберіледі және оның нәтижесі автокөлік суретімен бірге арнайы базаға енеді. Заңдастыру туралы өтініш екі жұмыс күні ішінде қаралады. Содан кейін рұқсат беру немесе бас тарту туралы шешім шығады. Ол жауап көлік иесіне 1414 нөмірінен SMS хабарлама арқылы жіберіледі. Аталмыш хатта көлікке қатысты ақпарат пен қабылданған шешім көрсетілмек.

Өтініш берерде құжаттарды мұқият тексерген абзал. Себебі құжаттар толық болмаса, онда өшірілген не түзетілген жерлері болса, еліміздің заң талаптарына сай келмесе және шетелдік көлік бұрын тіркелген елде заңды тәртіппен есептен шықпаса, өтініштен бас тартылады. Ал ондай жағдайда көліктің иесі жарты жыл ішінде қайта өтініш беруге құқылы.

Тексерістің барлық сатысынан өткен көліктер 200 мың теңге көлеміндегі бастапқы алым және мемлекеттік нөмір үшін 13 мың теңге төлеуі шарт. Төлемдер сәтті аяқталғаннан кейін көлік иесіне қазақстандық техникалық құжат пен мемлекеттік нөмір табысталады.

Естеріңізге сала кетейік, көліктерді заңдастыру аталмыш құжат күшіне енген күннен бастап 6 ай көлемінде жүзеге асады. 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін ел аумағына кірген көліктер заңдастырылмайды. Ішкі істер органдары қай көліктің Қазақстанға қашан әкелінгенін шекара қызметі мен сақтандыру ұйымдарының деректер базасы арқылы анықтамақ. Егер көлігіңізді өз атыңызға жаздырғыңыз келсе, облыстық полиция департаментінің әкімшілік басқармасына жүгінсеңіз болады.

 

 

Осы айдарда

Back to top button