ЖаңалықтарТОП

Шетелдерде жүрген шығысқазақстандық балалар

Бүгінде әлемнің 30 елінде Қазақстаннан асырап алған балалар тұрып жатыр. Олардың арасында шетелдік азаматтар біздің облыстан, Өскеменнен асырап алған мыңнан астам бала бар. Жарық дүниеге келісімен әке-шешенің жылуын сезіну бақыты бұйырмаған олар ата-анасынан ғана емес, кіндік қаны тамған туған жерлерінен де жырақтап, жаттың қолына кеткен.

Облыстан 1030 сәбиді асырап алған, деп хабарлайды Didar ақпарат тілшісі.

Ресми статистика бойынша Қазақстанда шетелге бала беру 1999 жылы басталған. Әсіресе, 2000 жылдардың басында Шығыс Қазақстан облысынан бала асырап алуға ниетті шетелдіктер күрт көбейе түскен. Сол жылдары облыстағы сәбилер, балалар үйі жыл сайын 100-ге тарта баланы шетелге шығарып салған. 2009 жылы ғана шетелдік азаматтар облыстан 120 сәбиді асырап алып, шетелге әкеткен.

Облыстан шетелдіктер: 1999 жылы – 38, 2000 жылы – 61, 2001 жылы  – 86, 2002 жылы – 86, 2003 жылы – 79, 2004 жылы – 80, 2005 жылы – 89, 2006 жылы – 82, 2007 жылы – 64, 2008 жылы – 107, 2009 жылы – 120, 2010 жылы – 95, 2011 жылы – 15, 2012 жылы – 0, 2014 жылы – 11, 2015 жылы – 6, 2017 жылы – 1, 2018 жылы – 4, 2019 жылы – 11 бала асырап алған. Балалар АҚШ, Италия, Испания, Канада, Англия, Бельгия және тағы басқа шетелдерден келген отбасыларға берілген.

1999 жылдан бері Шығыс Қазақстан облысындағы балалар үйінен шетел азаматтары барлығы 1030 баланы асырап алған.

«2020 жылдан бастап осы уақытқа дейін шетел азаматтары бала асырап алуды жүзеге асырмаған» деп жауап берді Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева газет редакциясынан жолданған сауалдарға.

Ресми мәліметтер бойынша 1999-2020 жылдар аралығында Қазақстаннан 9000-ға жуық бала шетелдіктерге асырауға берілген. Олардың біразының тағдыры әлі күнге дейін белгісіз.

«Ресми статистика бойынша, шетелге бала беру 1999 жылы басталған. Бірақ, осы жолы Еуропаға барған кезде 90-жылдардың басында кеткен қызбен кездестім. Ол мүлдем еш жерде тізімде жоқ. Ол кезде заң да басқа болды. Мүмкін, біздің азаматтар асырап алмаған соң, тым құрығанда сол балалар бақытты болсын, шетелдіктер болса да, отбасында өссін деп ойлаған шығар. Одан кейін оны ешкім қадағалаған да жоқ. Былайша айтқанда, ол жүйесіз кеткен, – дейді «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының авторы Жанар Байсемізова.

Қазақ балаларының көбісінің есейіп, ержеткендегі қазіргі өмірінің жарқын сәттері туралы, біразының қайғылы оқиғаларға душар болып жатқаны туралы да ақпарат бар.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Ақмола облысында туып, америкалықтардың асырауына берілген 1997-1999 жылдары туған Тимур мен Дамир Вашингтон штатында өздерін асырап алған азаматтың қолынан қаза тапқан болатын.

Тағы да сол АҚШ-тың Массачусетс штатына қарасты қалада америкалықтарға  берілген қазақстандық ұл мен қызды асырап алған ерлі-зайыптылар бірнеше жыл бойы зорлап келгені белгілі болды.

Америкалық ерлі-зайыпты Джозеф пен Лаура Майотта 2004 жылы Қазақстандағы балалар үйінен 8 жасар қыз бен 13 жасар ұлды асырап алған. Жетімдердің жаңа ата-аналары балаларды қарауына ала салысымен сұм әрекеттерін бастаған. Линда Майотта тіпті асырап алған ұлынан жүкті болған. Сот үкіміне сәйкес олар сотталған. Олардың асырап алған балалары мемлекет қамқорлығына алынған. Оқиға 2014 жылы болған. Одан бері арада 10 жыл өтті. Балалардың қауіпсіздігі үшін аты-жөні құпия сақталынған. Сондықтан олардың қазіргі өмірі туралы мәліметтер қолжетімсіз. Оқиғадан кейін Мәжіліс депутаттары шетелдегі қазақ балаларын елге қайтару туралы ұсыныс айтқан еді. Дегенмен ол ұсыныс қолдау таппады.

Америкадағы Салтанат 20 жылдан соң  Өскеменге оралды

Өскемен қаласының мамандандырылған балалар үйінде бүгінде 36 бала тәрбиеленіп жатыр. Былтыр мұнда 70-тен астам бала болған. Бірнешеуіне ата-ана табылып, асырап алуға берілсе, енді біреулері өзге балалар үйіне ауыстырылған, кейбірі қайтадан өз ата-аналарына қайтарылған.

Мұнда тағдырдың түрлі теперішіне тап болған сәбилер: ата-аналық құқығынан айрылғандардың балалары және туа салысымен перзентханада аналары бас тартқандар, әке-шешелерінен айрылған тұл жетім балалар тәрбиеленіп жатыр. Олар туғаннан бастап 4 жасқа дейін осы балалар үйінде тәрбиеленіп, кейін облыстағы басқа балалар мекемелеріне ауыстырылады.

Есіктен бас сұққан жанның бәріне жаутаңдай қарайтын, алдыңнан жүгіріп шығатын бұл сәбилердің тағдыры сан түрлі. Бұрнағы жылы  қыстыгүні жылу трассасының бойынан табылған сәби де осы үйде тәрбиеленіп жатыр.

Мамандандырылған балалар үйінде тәрбиеленіп жатқандардың басым бөлігі – ата-ана құқығынан айрылғандардың балалары. Балалар үйінің директоры Салтанат Фатихованың айтқанындай, «арақты қойдым, баламды өзім бағамын» деп ант-су ішіп келген аналардың кейбірі  баланы  өздеріне алып алған соң сол үйреншікті әдеттерін қайтадан бастайтын көрінеді. Ондай аналардың балаға тамақ бермей, аш-арық қылып, қараусыз қалдырып кеткен жағдайлары жиі қайталанып жатыр.

– Осында балалар дәрігері болып жұмыс істеп жатқаныма 25 жылдан асты. Ата-ана құқығынан айрылған аналардың балалары бізге өмірі жуынып көрмеген, кір қожалақ, ыстық тамақ көрмеген күйінде, өте аянышты жағдайда түсіп жатады. Бала жетім болмауы керек. Бірақ ол қайырымды, қамқор отбасында дұрыс өмір сүріп, тәрбиеленуі керек. Өкінішке қарай біздің балалар үйінен балаларын бір емес, бірнеше рет алып кеткенімен, ішкілікке салынған аналары бағусыз, күтусіз қалдырған сәбилері мемлекеттік органдардың араласуымен қайтадан осында келіп жатады. Керісінше, баланы аңсап жүрген жандар бауырына басып, олардың қолына бала болып, бақыт болып барып жатқан сәбилер де бар. Олардың болашақ ата-аналарымен кездескен, қауышқан қуанышты сәтінің өзі біз үшін ұмытылмас оқиға, – деген балалар үйінің педиатры Тамара Минина бұдан 20-30 жыл бұрын 200-ге жуық бала тәрбиеленген балалар үйі бүгінде ықшамдалып қалғанын, әр баланың денсаулығын түзеп, оңалтуға барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізді.

2002 жылы жеті айлығында осы балалар үйінен америкалық отбасы асырап алған Салтанат атты қыз өткен жазда Өскемендегі өзі тәрбиеленген балалар үйін мұхиттың арғы жағындағы Америкадан іздеп келіпті. Америкалық анасы Трейсимен бірге келген Салтанат-Ребекка ұшақ қалаға қонысымен бірден балалар үйіне қарай ұшқан екен. Мұндағы тәрбиешілері де Салтанатты ерекше толқи қарсы алыпты. Салтанат пен оның америкалық анасының сонау Америкадан балалар үйіндегі балаларға алып келген қорап-қорап базарлығын көргенде қуанбаған сәби, көзіне жас алмаған жан қалмапты.

Өзі өмірге келген Өскеменді, өзін баққан тәрбиешілерді көріп, туған жерге, елге деген сарғайған сағынышын басқан Салтанатқа Өскеменде тұратын бауырларымен де кездесудің сәті түскен.

– Қызымыз Америкада медициналық колледжде оқып жатыр. Асырап алған ата-анасының оған өз баласындай қарап, жақсы тәрбие беріп жатқанын көріп, қатты қуандық. Ол өзінің Америкада тұруды қалайтынын айтты. Осындағы бауырларын Америкаға қонаққа шақырды, – дейді Өскемендегі мамандандырылған балалар үйінің тәрбиешісі Әлия Аманжолқызы.

Есін білмейтін кезде Америкаға кеткен Салтанатты Өскеменге елімді, түп-тамырымды танып,  кім екенімді білсем деген құштарлық жетелеп келген екен.

1999 жылға дейін қанша жетім шетелге кеткен?

 

Жуықта Сенаттың жалпы отырысында сенатор Дархан Қыдырәлі мен еліміздің бір топ депутаты Үкімет басшысы мен Бас прокурорға шетелдіктер асырап алған балалардың тағдыры туралы депутаттық сауал жолдап, 1999 жылға дейін шетелдіктер асырап алған балалар туралы зерттеу жүргізуді ұсынды.

Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі сауалында Бас прокуратура шетел асқан балалар туралы 2014 жылы арнайы тексеріс жүргізгенін, алайда оның нәтижесі беймәлім екенін айтты.

– Айталық, Оңтүстік Африка республикасы, Кения, Филиппин, Мексика, Мальта, Аргентина сияқты елдерге кеткен 120 бала бақылауға алынды ма? Бірыңғай мәліметтер жүйесі құрылды ма? Жауап  күтетін сауалдар көп, – дейді депутат.

Осы ретте сенатор журналист Жанар Байсемізова жүргізетін «Шетелдегі қазақ балалары» жобасын атап өтіп, жақында қоғамда резонанс туғызған бельгиялық әйел асырап алған Жәнібек Савельевтің оқиғасын мысалға келтірді.

Депутаттың айтуынша, өкінішке қарай, есеп бермейтіндер де аз емес.

– Мәселен, Оңтүстік Африка еліне кеткен 30 баладан хабар-ошар жоқ. Сол сияқты АҚШ-тағы – 104, Бельгиядағы 113 баланың тағдырын білмейміз. Ең сорақысы, 1999 жылға дейін елімізден қанша жетім баланың шетелге кеткені туралы мүлде мәлімет жоқ. Талай тағдырды талқандаған 1990 жылдардағы безбүйректердің наласы жазылар, ал баланың наласы мен обалы кімге? – дейді ол.

Осыған орай бір топ Сенат депутаты бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиевамен кеңесе отырып төмендегідей ұсыныстар берді:

1999 жылға дейін шетелге кеткен балалар туралы зерттеу жүргізу;

Санда бар санатта жоқ балалар туралы мәлімет-деректерді жаңалау;

Шетел асқан балаларға тегінен ажырамас үшін түрлі үйірмелер арқылы қолдау көрсету, қажет болса ата-аналарын табуға көмектесу;

Олар ата-аналарын көріп тұруы үшін ведомствоаралық келісімдер жасау, елшіліктер арқылы қолдау;

Кәмелет жасына толған балалар қалаған жағдайда Қазақстан азаматтығын алуы үшін олардың таңдауына көмектесу.

Депутат заңға сәйкес, жоғарыда көтерілген мәселелер бойынша Премьер-Министр мен Бас прокурордан толық жауап беруін сұрады.

Кезінде кеткен қателіктер түзетіліп, қаракөздеріміз дін аман түгенделіп, табылса екен. Елден жырақта тілін, дінін білмей өмір сүріп жатқан балаларымыздың жақсы-жаманды тағдыры, жан айқайы – өткен қоғамның, бүгінгі қоғамның қасіреті, ұлтымыздың трагедиясы. Қазақтың қыз-жігіттері мейірімнен, адамгершіліктен жұрдай болмаса,  өтірік «ұяттан» өртенбей, арлы болса,  қоғам, отбасы, ата-ана, адамдар, таныстар, туыстар бір-біріне қайырымды болса қазақ елінде жанды солқылдатқан мұндай сорақылық болмас еді.

 

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Осы айдарда

Back to top button