Мәдениет

Шетелден де шеберлер келді

Шетелден де шеберлер келді
Семейде өткен қолөнер шеберлерінің «Асыл мұра» халықаралық фестиваль-байқауына ел аумағынан бөлек, Өзбекстан, Ресей, Моңғолиядан келген қандастарымыз да қатысты.
– Шығыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық институт мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Ресейдің Алтай Республикасы мен Барнаул қаласынан және тағы басқа шет елерден келген шеберлер киіз басу, ағаш ою, алаша тоқу, ши тоқу, біз кесте және ілмек бізбен тоқу өнерін жаңғыртып, жасаған дүниелерін көрмеге алып келіп отыр. Мақсат – қазақ халқының көне мұраларын жаңғырту, салт-дәстүрді насихаттау болып табылады, – деді дәстүрлі қазақ сәндік-қолданбалы өнер фестиваль-байқауына арнайы келіп тамашалаған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.
Сонымен қатар фестивальға облыстық Достық үйінің директоры Эльдар Төлеубеков, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, этнос өкілдері қатысты.
Абай ауданынан келген Айбын Жұматайұлы, семейлік Сәкен Назарханның киізден, теріден жасаған бұйымдары келушілердің назарын өзіне аударды. Сәкен Назархан әжесінен қалған киіз бұйымдарын әлі күнге дейін сақтап жүр екен.
Моңғолияның Баян Өлгей аймағынан келген Тампай Өркенқызы шапан, тымақ сияқты ұлттық киім түрлерін жасап әкеліпті. Сол сияқты Флора Камаева, Болат Мақажановтардың қолынан шыққан дүниелер көпшіліктің қызығушылығын туғызды.
– Әсіресе біздің Семейде ұлттық қолөнер кеңінен дамып келеді, қолдау бар, – дейді «Айша бибі» ұлттық мәдени орталығының төрайымы Айман Ибрайқызы, – біздің орталықтың мұрындық болуымен қала тұрғындарына біз кестемен тоқу, киіз басу сияқты қолөнерден жыл сайын тренингтер өткізіліп тұрады. Осыдан біраз бұрын біз түрлерімен тоқу оқуына Семей мен Өскеменнің жұмыссыз әйелдері, қолөнер шеберлері шақырылды. Жалпы, қолөнерге деген халықтың қызығушылығы ерекше.
Шара барысында белгілі суретші, ЮНЕСКО сапа белгісінің иегері, көркем тоқу шебері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, халықаралық фестивалдардың лауреаты Зейнелхан Мұхамеджан келушілерге шеберлік сағаттарын өткізіп, тәжірибесімен бөлісті. Ол өзінің картиналарын біз кестемен тоқиды екен.
Көрмеге қатысушы Нағым Омарғалиева әжей болса, бала күнінен киіз басу өнерімен, құрақ көрпе, сырмақ жасаумен айналысып келеді. Ал Көкпекті ауданы, Самар ауылындағы Ж.Болғанбаев атындағы мектеп-лицейінен келген Бекқали Оралбек әйелдер тағатын әшекей-бұйымдардың түр-түрін жасап әкеліпті.
– Бұл – талантты дизайнерлер үшін шабыт беретін шара, маңызды фестиваль. Әлем және қазақ ұлттық мәдениетіндегі өнер, қолөнер мен дизайн туындыларының ерекшеліктерін бүгін осы жерден тамашалай алдық. Біз әділ бағасын беруге тырыстық. Ең үздіктеріне жоғары бағасын бердік, – дейді фестиваль-байқауда қазылар алқасының төрайымы болған Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі Рая Масаева.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button