Шетелде тегін оқуға болады

Бүгінде мектеп бітірушілердің басым бөлігі өзге елде оқуды армандайтыны мәлім. Бірақ олардың сол сырт мемлекеттерде тегін білім алу үшін не істеу керектігін білмей жататыны және рас. Біз осы мәселенің жауабын іздеп көрген едік.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасымен оқуға болады
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да академиялық ұтқырлық бағдарламасы қолға алынған. Соңғы жылдары тарих, филология және халықаралық қатынастар факультетімен ішкі және сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Нәтижесінде студенттер жыл сайын Оңтүстік Корея, Польша, Қытай сияқты мемлекеттерге барып, білім алып қайтуда. Солардың бірі – Дана Нұрекенова. Ол 2015 жылы академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Қытайдағы Іле университетінде оқып келген.
– Бір семестр бойы білім алдық. Негізі теорияны оқи бергеннен гөрі тәжірибемен ұштастырған дұрыс екеніне көзім жетті. Бастапқыда Қытайға оқуға барғанда біздің университет қабырғасында үйренген біліміміз жеткіліксіз екенін түсіндік. Өйткені, тіл үнемі қолданыста болмаған соң аздап қиынға соғады. Бірақ Қытайда оқу, тұру мен тамақтану ақысы Қазақстанға қарағанда әлдеқайда арзан. Орта қолды бюджетпен сіз еш қиындықсыз оқи аласыз, – дейді Дана Нұрекенова.
Екі жыл бұрын «Екі шет тілі» мамандығы бойынша диплом алып шыққан Дана Өскемендегі «Оксфорд» тіл орталығында жұмыс істейді. Биыл бойжеткен Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология және әлем тілдері факультетіне оқуға құжат тапсырмақ. «Әрбір адам алға қойған мақсаттарына жету үшін тынбай еңбек етіп, білім алуы тиіс», – дейді ол.
Қаражатын екі есе етіп қайтарып алған
Бүгінде арман қуып, шетел асқан жастар көп. Солардың бірі – Әсел Серікбаева. Ол Глубокое ауданындағы орта мектептердің бірінде білім алған. Кейін Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінде оқыған. Әсел жоғары оқу орнын ойдағыдай тәмамдап, аудармашы болып жұмысқа орналасады. Арада біраз уақыт өткен соң бойжеткен Римдегі Ла Сапиенц атындағы университетке оқуға түсуге бел буып, қамдана бастайды.
– Алға қойған мақсатыма жету үшін екі жыл бойы итальян тілін меңгердім. Кейін Римге оқуға тапсыру үшін құжат жинап, виза жасату сияқты жұмыстарға 1,5 миллион теңге жұмсадым. Есесіне, тегін оқып қайттым. Шыны керек, тіл үйренуге жұмсаған қаражатымды екі есе етіп қайтарып алдым, – дейді Әсел Серікбаева.
Оқуын бітірген бойжеткен елге оралып, Өскеменде экономист маман ретінде жұмысқа орналасқан. Кейін тұрмыс құрған соң, Астанаға қайта қоныс аударған. Қазір ол бала күтіміне байланысты үйде отыр. «Жеті түрлі ілім біл, жеті жұрттың тілін біл» деген мақалды өмірлік ұстанымы етіп алған Әсел шетелде оқып, сол жақта тәжірибе жинақтаған жастар елге оралуы тиіс деп санайды.
– Соңғы жылдары талабы таудай талай жастар жат жұртта қалып, еңбек етіп, бизнесмен болуды армандап жүр. Алайда, бәрінің мақсаты орындала қоймайтыны анық қой. Өйткені, білім іздеп кеткен кей жастар келеңсіз жағдайларға ұшырап жатқандары жөнінде де дәлелдер жеткілікті. Сол себептен, қатарластарымды туған жеріміздің гүлденуіне үлес қосуға шақырамын, – дейді Әсел Серікбаева.
Ажар Сағатбекова