Қоғам

Шетелде атылған Шоқаманов кім?

Бұл тағдыр кімдерді тезіне салып, тентіретіп жібермеді дейсің?! Әсіресе алты алашқа қамқор болар атына заты сай тұлғалардың тағдыры тұзаққа түсіп, темір тордың аржағында шешіліп жатты. Дәл сондай тұлғалардың бірі – Үржар ауданының тумасы Махмұт Шоқаманов. Қуғыннан құтылмаған алаштың асыл азаматы Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында атылыпты.

Ұрпағымыз мәңгі ұмытпайтын «1937» атты жалалы жылдың жазықсыз құрбандарының қатары көп. Сол бір қанды қасаптан бас сауғалап кеткендердің бірі біз тілге тиек етіп отырған Махмұт Шоқаманов. Алайда Алтайды айнала қоныстанған қазақтар да бұл нәубаттан аман қалмаған. Ресей империясының қитұрқы саясатының құрбанына айналған 1250 қазақ бар екен. Олардың есімі мен өмірбаяны қатталған кітап осыдан біраз жыл бұрын Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында жарық көріпті. Дәл осы тізімде 1239-шы болып «Чокоманов Махмуд» есімді қазақ тіркеліпті. Кітаптағы анықтамалықта: «1917 жылы Қазақстанның Семей облысы, Үржар ауданында туған. Өмірінің көбі Шығыс Түркістанда өткен. 1944 жылы 27 ақпанда моңғол шекарашыларының қолына түсіп, Қобда қаласында сегіз ай тергеуде жатқан. Осы жылдың қазан айында Ұлан-Батыр қаласына жөнелтіліп, қатаң бақылауға алынған. 1951 жылы 7 сәуір күні тұтқындалып, 29 маусымда арнайы комиссияның №2 бұйрығымен ату жазасына кесілген. 1991 жылы 6 желтоқсанда Жоғары сот әкімшілік кеңесінің 184-ші кепілдемесімен ақталған» деп жазылыпты.

Осы бір алаш арысының бұралаң жолы бұған дейін де бірнеше мәрте жазылса да, қилы тағдыры ұрпақ есінде қалсын деген ниетпен қайталап жазуды жөн көрдік.

Шоқаманов шекара шебіндегі жорықтарда

Қызылдың құрығына ілінерін сезген Махмұт Шоқаманов Шығыс Түркістан жеріне қарай шекара асып кетеді. Шәуешек қаласында орта білім алып, 1933 жылы Үрімжідегі қаржы техникумын бітіреді. Осыдан кйін үш жыл банкте қызмет істеп, 1936-1939 жылдары Үрімжі қалалық мұғалімдер даярлайтын оқу орнында білім алады. Арықарай Шыңжаң өлкелік Ағарту мекемесінде қытай тілінен аудармашы, қазақ мектептеріне оқулық дайындау бөлімінің бас маманы болып қызмет істепті. Одан кейін 1941 жылы өлкелік Қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымының төрағасы міндетін атқарады. Ал 1943 жылы Үрімжідегі гоминдан партиясының саяси мектебіне қабылданады. Махмұт Ыбырайұлын саясат осы кезден бастап өзінің шырмауына түсіре бастаған көрінеді.

Осы жылы Махмұт және бірге оқыған саяси мектептің курсанттары Құсайын, Нұрмұхамед үшеуін Шыңжаң өлкесінің төрағасы Шен Шицай қабылдап, маңызды тапсырма жүктейді. Оларға: «Оспанды әскерімен қоса қайтарып әкелу. Келген жағдайда көтерілісшілерге ешқандай жаза жоқ. Мал-мүлкі ине-жібіне дейін қайтарылады. Тұтқындағы адамдарын түгел босатамыз… т.б. Егер көнбесе, әскери күшпен қайтарамыз», – деген тапсырманы жүктейді.

Бұл тапсырманың астарында екі империяның ортасында тұрған шығыс Түркістан жерінің тағдыры жатыр еді. Қытай мен орыс сол тұста бұл жерге сырттай талас жүргізіп жатқан болатын.      Алайда Сталиннен тапсырма алып, Моңғолия басшысы Чойбалсынмен ымыралсқан Оспанның кері қайтпасы анық болады. Маңызды тапсырманы арқалаған үшеуі 1943 жылы 19 желтоқсанда шекарадан құпия өтіп, Оспанға келіп жолығады. Оспан Құсайынды ғана жеке қабылдап, Шен Шицайдың хатын алады. Бұл жолы Махмұтты жолдастары сенімсіз адам ретінде Оспанға сыйпаттап кеткен көрінеді. Ол туралы осы  тақырыпты терең зерттеген КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті жоғары мектебінің түлегі, чекист Қайратхан Қалтабайұлы 1998 жылы «Жұлдыз» журналына жариялаған «Қайран Махмұт» атты мақаласында жазады. Ал өзге зерттеушілер де Махмұт Шоқамановтың «жансыз» емес екендігін ақтап, оның Алтайдың арғы бетіне Алаш идеясын арқалап барғанын баса жазыпты.

Десе де Шоқаманов туралы: «Бұл адам Оспанға алғаш жолығудан (19.12.1943) бұрын, яғни осы жылдың қазан айында гоминдан қолшоқпары Зимханмен бірге құпия шекара асып келген, бұл тұлға Оспан мен Моңғол мүддесіне қайшы адам» деген моңғол архивінде мәлімет барын бұған дейінгі бұл тақырыпты зерттеушілер жазыпты.

Осылайша кәсіби барлаушыға айналған Махмұт қытай мен орысқа «сенімсіз адам» ретінде сыйпатталып, олар оның тағдырын Моңғол үкметіне тапсырған көрінеді. Соңғы рет Шәри және Хасен үшеуі тағы да Оспанға хат әкеле жатқан жолда моңғолиялық қазақ офицері Мардан бастаған барлаушылар қолға түсіреді. Сөйтіп Алаш идеясын арқалаған Махмұт Шоқаманов Қобда түрмесіне қамалады.

Қобда қапасы және Ұлан-Батырдағы бостандық

Тағылған айып: «Жансыз». «Шекара бұзған қылмыскер». Қобда қаласындағы тергеу 8 айға жалғасып, 1944 жылдың қыркүйегінде аяқталған. Араға бір ай салып Ұлан-Батырға апарып, қараша айында Зунқара түзеу мекемесіне жібереді. Нақты қылмысы дәлелденбеген. Осылайша жазықсыз жан ауыр жаза арқалаған қылмыскерлердің қатарына қосылады. Бұл түрмеде қатты азап көріп, у ішіп өлуді де жоспарлапты. Оспанға жазған хатында: «Лагерьде қатты азап көрдім, шошқа етін жеуге мәжбүр болдым, Бұлай азаптанғанша өмірден қайтқаным дұрыс деп шешіп 1945 жылдың 27 сәуір күні у ішіп өмірден оздым», – депті. Алайда Алла сақтап аман қалған. Махмұт Шоқаманов осыдан кейін де Оспанға тағы бір рет хат жазыпты. Ал, у ішіп өлуден аман қалған  оны түрменің бөлім бастығы Тербіш есімді азамат құтқарады. Ол оның құжаттарымен танысып, жазықсыз екенін алға тартады. Өзі де рақымшылық сұрап белгілі мекмелерге хат жолдап, тіпті, Кеңестік білім базасы негізінде білімін жетілдіргісі келетінін де жазады. Осылайша ол 1945 жылдың желтоқсан айында бостандыққа шығады. Алайда арықарай өмірі қатаң бақылауда болатыны ескертіліп, жұмыс істеуге рұқсат береді.

Осыдан кейін ол алдымен денсаулығын дұрыстайды. Ауруханада танысқан орыс әйелмен 1946 жылы үйленіп, бір жылдан соң әйелін Кеңес Одағы кері алып кетіп жалғыз қалады. Арықарай ағарту ісімен айнылысып, баспада жұмыс істейді. Ол туралы жазушы-дарамтург Арғынбай Жұмажанұлы «Шұғыла» журналының 1992 жылғы 3-ші санында жариялаған «Қайран, есіл азамат» атты эссесінде: «1948 жылы жаздың басында аймақ басшыларының ұсынысы бойынша Мемлекеттік баспа өндірісі басшылығының нұсқауымен мен Ұлан-Батырдағы қазақ баспа бөлімшесіне корректорлық жұмысқа орналастым. Көрші бөлмеде бейтаныс қазақ отырды. Жасы отыздар шамасында, ұзын бойлы, жазық маңдайлы азамат көзге жалындай шалынады. Сұрастырсам, астыртын жолмен қолға түскен «гоминдан адамы» деседі. Қазақ бөлімшесінде аудармашылық істеп, соның қаламақысымен тіршілігін айырады екен. Есімі – Махмұт Ыбырайұлы. Ол Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин еңбектерін орысша, қытайша жинақтарынан аударады. Мен аударма нұсқасы мен басылымның әріп, тыныс қателерін түзетемін… Махаң жақсы домбырашы, әнші болатын. Бірде жанарынан жас төгіліп кеткені көз алдымда. «Маха, неге жыладыңыз?» дегенімде: – Алтайдың шоқысындай досым Рахымжанды сағындым деді» – деп жазыпты.

Ағартушылықпен бірге кәсіпті қоса алып жүруді көздеген ол Ұлан-Батырда шайхана ашып, пайда да тауып тұрыпты. Ол шайханаға генарал Зайсановтың және қазақ ұлт зиялыларының жиі келетінін жазушы Арғынбай Жұмажанұлы естелігінде жазыпты.

Күтпеген жаза және аяқталмаған арман

Ұлтының арманын арқалаған Махмұт Шоқаманов ұрпақ сүюді де ұмыт қалдырмай 1948 жылы Бай-Өлкелік жас ару Кәсима Өңгенбайқызымен үйленіпті. Осылайша арманына қанат бітіп бір баласы Қайратхан өмірге келіп, екінші баласын күтіп жүргенде күтпеген жерден «жансыз» деген жала қайта қозғалып, қамауға алынады. Ұсталар сәтінде қайта орламасын сезіп әйеліне үш жылдан артық күтпе деп кетеді. Ал іштегі баласына ұл болса «Рахымжан» деп ат қоюын аманаттайды.

Шоқамановты қайта қамау ісі 1951 жылы наурызда қолға алынады. Тергеу ісі 48 күнге созылады. Тергеу құжатында: «Гоминданға қарсы Моңғол мемлекеті тарапынан берілген тапсырманы орындамай кешіктіру себепті қылмыстық кодекстің 62-ші тармағы бойынша айып тағылды» делінген. Қандай тапсырма бергені беймәлім. Десе де зерттеушілер тарапынан жорамал бар. Тергеу туралы Қайратхан Қалтабайұлы: «Биліктегілер өзіне ұнамай жүрген кейбір ұлтшыл қайраткерлерге Махмұт арқылы жала жабу жоспары болған. Оған дәлел: 1951 жылы сәуірдің 30 күні жүргізілген тергеу стенограммасында «Сенің таныс адамдарың Гонгоржав, Дандар, Намдаг, Керім, Қисабай, Цу Юн, Әбілез, Хамиттармен бітпейтіні бізге белгілі. Тағы кімдер бар?» деген сұрақтың қойылуы», – деп жазыпты. Сонымен қатар, Баян-Өлгей аймағынан шыққан ұлт зиялыларына Махмұт арқылы жала жабуды да көздеген. Осылайша ол 19 рет тергеліпті. Алайда сөзінен таймаған Алаштың білімді әрі білікті азаматы ұлт зиялыларына сатқындық жасап, жала жабудан баст тартып, сөзінен тамбаған.

Орыс пен қытайдың мүддесі үшін қазақ ұлтын сатпаған Махмұт Шоқаманов 1951 жылы 23 маусым күні төтенше комиссияның 2-ші қаулысымен ату жазасына кесіледі. Ату жазасы 29 маусым күні түнде орындалып, қуғыннан құтылмаған қазақтың тағдырына қиырда нүкте қойылады. Үржарда кіндігі кесілсе, Ұлан-Батырда жазаға кесіліп туған жерден жырақта сағыныш арқалап мәңгілік сапарға аттанады. Аманатқа қиянат жасмаған әйелі артында қалған баласына Рахымжан деп ат қойып, үш жыл күтіпті. Кейін саяси жағдайға байланысты балаларының тегін ауыстырып жазыпты. Осы тақырыпты тереңдете зерттеген Шоқаманның ұрпағы, үлкен ұлы Қайрат Қалтабайұлы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жоғары мектебін бітіріпті. Қиырда өткен қилы тағдырдың тарихы осылай.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button