Қоғам

Шетел валютасымен сауда-саттық тоқтатылды

Шетел валютасымен сауда-саттық тоқтатылды

Қазақстан қор биржасында (KASE) шетел валютасымен сауда-саттық тоқтатылды. Бұл туралы биржа сайты хабарлады.
«KASE техникалық себептерге байланысты Қазақстан қор биржасында шетел валютасымен сауда-саттық тоқтатылғанын хабарлайды. Қосымша ақпарат кейінірек жарияланады» делінген хабарламада.
Forex Club сарапшысы Анатолий Ахметовтің пікірінше, биржада мұндай жағдайлар арагідік орын алып тұрады.
– Мұның барлығы жұмыс қабілеттілігін қамтамасыз ететін бағдарламашыларға байланысты. Мысалы, дәл осындай жағдай Мәскеу биржасында үш айда бір рет қайталанып тұрады. Сондықтан, мұнда тұрған ештеңе жоқ, бізде сауда көлемі аз әрі саудаға қатысушылар саны 30-дан аспайды, – деді сарапшы.

100 мыңға жуық жұмысшы тартылмақ

Биыл 100 мыңдай жұмысшы еңбек ететін екі мың шақырымға жуық жол құрылысы жүргізіледі деп жоспарлануда. Бұл туралы Президент жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин мәлім етті.
– 2016 жылы Қазақстанда автожол саласында «Орталық-Оңтүстік», «Орталық-Батыс», «Орталық-Шығыс» бағыттары бойынша тоғыз жоба жүзеге асырылатын болады. Бұл жұмыстарға 100 мыңға таяу жұмысшы тартылады деп күтілуде, – дейді Е. Қарин.
Оның айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ көлік-логистика инфрақұрылымы жаһандық тұрақсыздық кезінде экономикалық өсімге қызмет ететін негізгі бағыттардың бірі болатынын бекер айтып жүрген жоқ. Сондықтан осы жылдың ақпан айындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру үшін қаржы қарастыру шешімі қабылданған болатын. Соның ішінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелері де бар.

196 мың тоннаға дейін өседі

Елімізде 2016 жылы құс етінің өндірісі 196 мың тоннаға дейін өседі. Бұл туралы Қазақстан құс өсірушілері одағының президенті Руслан Шәріпов мәлім етті.
Оның айтуынша, болжам бойынша биыл еліміздегі құстың саны 36 миллионды құрамақ. Құс етінің сойылған күйіндегі салмағы бойынша жалпы өндіріс 196 мың тоннаға жетіп, бес миллиардқа жуық жұмыртқа өндіріледі деп күтілуде.– Елімізде жыл санап құс шаруашылығына қарастырылған мемлекеттік қолдаудың деңгейі артуда. Субсидиялау бағдарламасы қолға алынғаннан бері оның көлемі 18 есеге көбейтілді. Мәселен, 2014 жылы жұмыртқа өндірісіне 6,7 миллиард теңге бөлінген болса, 2015 жылы бұл мақсатқа 9,7 миллиард теңге қарастырылды, – дейді ол.

Жанармай бағасын арзандатты

«ҚазМұнайГаз Өнімдері» серіктестігі 14-наурыздан бастап АИ-92 маркалы жанармайдың бағасын төмендетті. Енді бір литр бензиннің бағасы 118 теңгені құрайды.
Компания сайтындағы ақпаратқа сүйенсек бұл – Наурыз мерекесі құрметіне жасалған акция. Акцияның неше күнге жалғасатыны әзірге белгісіз.
Еске сала кетейік, бұған дейін «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС-не қарасты жанармай бекеттерінде АИ-92-нің бағасы 125 теңге болған-ды.

Шығыс-ақпарат

Осы айдарда

Back to top button