Шетел асқан қазақстандықтар өздерімен бірге 34 млрд. теңге қаражатты ала кеткен

Шығыс Қазақстан сыртқы көші-қонда тұрғындарын тез жоғалтып жатқан ел аймақтарының бірі. Елімізден шетелге қоныс аударғандардың басым көпшілігі еңбек етуге қабілетті жастағы азаматтар.
Inbusiness.kz сайтының хабарлауынша, өткен жылдың он айында елімізден кеткен 24 мың адам 34 млрд. теңге қаржыны өздерімен бірге ала кеткен. 2020 жылы сыртқары кеткендердің қатары пандемияға байланысты арғы жылмен салыстырғанда біршама азайғанымен, шекара ашылысымен эмигранттар қарасы қайта көбейген.
Көшіп-қонушылардың 90 пайызы ТМД елдеріне қоныс аударса, олардың басым көпшілігі этникалық орыстар. Ал жақсы өмір іздеген қазақтар болса, Еуропа елдері мен Біріккен Араб Әмірліктерін таңдауда. Сондай-ақ, бауырлас Түрік елін таңдайтындар да аз емес. Өйткені, Анадолы аймағында пәтер бағасы арзан.
Ұлттық Статистика бюросының хабарлауынша, шетелге кеткендердің дені 27 мен 42 жас аралығындағы еңбекке жарамды халық көрінеді. Бүгінгі таңда, көші-кон салдарынан Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Шығыс Қазақстан өңірлерінің халқы азайған.
Азамат Темірбеков