Шет елден әкелінген малдың шығыны көп, жергілікті тұқымның шығымы көп
Ақ бас сиырдың артықшылығы неде?
Белағаш өңірінде Коростелевские, Сахновское және “Лазарев және К” сынды үш ауылшаруашылық құрылымы қазақтың ақбас сиырын өсіруге ден қойып отыр. «Бүгiнде бiздер басқалар сияқты шеттен мал тасымай-ақ, отандық мал тұқымын асылдандыру арқылы Бородулиха ауданы бойынша жақсы нәтижеге қол жеткiзіп келеміз» дейдi Коростелевские ЖШС басшысы Ерлан Ертаев.
Ол сондай-ақ, аналық малды басқа елден жаппай тасу экономикалық тұрғыдан да, селекциялық-асылдандыру жағынан да өзiн-өзi ақтамайтынын, аналық малдан гөрi, шеттен еркек мал әкелiп, сол арқылы жергiлiктi тұқымдарды жетiлдiру көп тиiмдi екенiн айтады.
Еліміз бойынша саны 40 мыңнан асады
Қазақтың ақбас сиырының басты артықшылығы неде? Ғалымдар 30 жылға жуық жетiлдiрумен айналысқан бұл тұқым бұқаларының тiрiлей салмағы 1400 келiге жетсе, сиырлар – 1100 келi, 15-18 айлық тана-торпақтар 250-300 келi тартады. Күтімі жақсы болса, күніне 1,5-1,8 келі салмақ қоса алады.
Қазiр қазақтың ақбас сиырларының осындай асыл тұқымды табындары Шығыс Қазақстанда және де Павлодар, Қостанай, Солтүстiк Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарының шаруашылықтарында өсiрiлiп жатыр.
Олардың саны еліміз бойынша 40 мың бастан асады. Халықаралық еуразия экономикалық академиясының толық мүшесi, биология ғылымдарының докторы Ағыбай Құсманұлының айтуынша, әлемдiк ЕС-ЕИ RОР стандарттары бойынша бақылау тәжiрибесiнде «R» (жақсы) сауда класына осы тұқымнан сойылған мал ұшасының 66 пайызы енсе, «И» (өте жақсы) класына 34 пайызы еніпті. Бұл сауда кластары кең таралған және Еуропалық Одақ нарығында сұранысқа ие.
Ендi ақбас сиырдың шетелдік сиырлардан артықшылығының экономикалық жағына тоқталсақ.
Дерек көздері бойынша Еуропадан әкелiнетiн малдың тасымалдау шығыны бір басқа 4 мың АҚШ долларынан келеді екен. Миллиондаған қаржы шығарып, шетелден әкелген мүйізді ірі қара жыл он екi ай бойы қолда тұрады. Бұл – жыл бойында олардың аузына түрлі биоқоспалар бар, нәрлі азық тосу қажет деген сөз. Яғни, осы қажеттілікті өтеу үшін, аталған мал азықтарын өндiру ісін дамыту қажет. Әйтпеген күнде, олардың жемшөбін де шетелден сатып алуға тура келеді. Бірыңғай мал өсіруді ғана қолға алып, егіспен айналыспайтын Абай мен Шұбартау өңірлері бұған дайын ба? Осыдан барып, «шетелдiк мал қажет пе?» деген заңды сұрақ туады.
Шет елден әкелінген малдың шығыны көп, жергілікті тұқымның шығымы көп
Ал қазақтың ақбас сиыры біздің климатқа барынша бейім. Олар қар ерте әрі қалың түсетін өңiрлердiң өзiнде 7-8 ай бойы жайылымда болады. Тiптi, облысымыздың оңтүстік аймақтарында жыл бой жайылып шығатын жағдай бар. Былайша айтқанда, жергiлiктi асыл тұқымды мал өзiн-өзi асырайды деген сөз. Яғни, оларды асырап-бағудағы шығын азайып, оның өзiндiк құны төмендейдi. Бiрақ беретiн сүтi мен етi шетелден әкелiнген малдан артық болмаса, кем емес.
Кейiнгi кезде ел iшiнде, атап айтсақ, облысымыздың Қытаймен шектесетін Үржар және Ресеймен шекаралас Бородулиха аудандарында жұқпалы мал аурулары шығып жатқанын бiлеміз. Шетелден әкелiнетiн түрлі ауылшаруашылық тауарымен немесе сатып алынған асыл тұқымды малмен бiрге жұқпалы инфекция келу мүмкiндігін мамандар да жоққа шығара алмай отыр.
Қазақтың ақбас сиырын көбейту Бородулиха ауданында қарқынды қолға алынуда. Аудан шаруашылықтары малды қолдан ұрықтандырып, ірі қара тұқымын асылдандырып жатыр. Бородулиханың қатал табиғатына төзімді жануарлар бірден жерсініп кеткен.
Таза тұқымды өсіру үшін, оның қорегіне үлкен мән беру керек. Шөптің мөлшері, оның құрамындағы дәрумендері зертханада талдамадан өткізіледі, сөйтіп, өлшеніп беріледі. Сонда ғана ақбас тұқымдар салмағын көбейтеді. Шаруашылықтарда бұрын жұмыссыз жүрген ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылған. Барлығы – жергілікті тұрғындар.
Қазақтың ақбас сиырының санын көбейтіп, ет пен сүт өнімдерін арттыруға мемлекет те үлкен қолдау білдіріп отыр. Шаруашылықтағы әр сиырға 18 мың теңгеден субсидия төленеді. Қазір Бородулихадағы таза тұқымды бұзауларды сатып алуға облыстағы кейбір өзге жеке шаруалар да қызығушылық танытуда.
Ынтымақ бар жерде байлық та, береке де бірге жүреді деген осы. Қазақтың ақбас сиырын өсіруде бүгінгі күні аудандағы базалық шаруашылық болып отырған Белағаштың Бақы, Құнарлы және Жаңа Шүлбі ауылдарындағы асыл тұқымды мал шаруашылықтарының бүгінгі тірлігі осындай.
Серік Әбілқасымұлы
Бородулиха ауданы.