Қоғам

Шешімін тапқан мәселелер көп

Шешімін тапқан мәселелер көп



Қырық жыл қараусыз қалған жол жөнделді

Биыл бұл мақсатқа 3,5 млрд. теңге бөлініп, 220 шақырым жол орташа жөндеуден өтті. Ұлан ауданындағы Сібе көлдеріне, Үржардағы Алакөлге, Өскеменнен «Нұр Тау» шаңғы базасына баратын, Күршім-Қалжыр, Өскемен-Тарғын-Самар, Бородулиха-Шемонайха бағытында қатынайтын көлік жолдарының сапасы жақсарды. Осы жылы Аягөз-Тарбағатай-Боғас бағытындағы облыстық маңызға ие жолдың 78 шақырымына да орташа жөндеу жүргізілді. Аталмыш жолға асфальт төселгелі 40 жылдай уақыт болған. Жолдың қалған бөлігі келесі жылы жөнделуі тиіс.

Қазақша атауларға қарық болдық

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында нысандарды қайта атауға жарияланған мораторий алынып, облыстағы 16 білім ошағына қазақтың біртуар перзенттерінің есімі берілді. Үкімет қаулысымен Өскемен қаласындағы №33 мектеп Ұлы Абай есімін иеленсе, №1 орта мектепке Шәкерімнің, №3 мектеп-гимназияға Шоқан Уәлихановтың, №16 мектепке Зәки Ахметовтің, Риддер қаласындағы №3 мектепке Дінмұхамед Қонаевтың, Катонқарағай ауылының Ленин атындағы орта мектебіне С.Ластаевтың есімдері берілді. Сондай-ақ, Үржардағы Крупская атындағы балабақша Абылайханның, Өскемендегі орталық кітапхана Оралхан Бөкейдің есімдерін иеленді.

Сібе көлдеріндегі шлагбаумдар алынды

Ел арасында Бескөл деп те аталатын Сібенің маңайында жылдар бойы қордаланған заңсыздықтарды шешу үшін аймақ басшысының тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Сол топ биыл Сібенің төрт көліндегі демалыс нысандары мен жер телімдерін түгендеп шықты.
Екінші көл – Төртқараға қарапайым тұрғындар көлігімен ақысыз кіретіндей жағдай жасалды. Ал үшінші көл – Шалқардың жағасындағы шлагбаум келер жылы біржола алынатын болды. Облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ бұл мәселені тікелей назарда ұстап отыр. Келер жылы халық ең көп жиналатын Шалқар көлін қоғамдық жағажай ретінде абаттандыру жобасы қолға алынбақ.

«Сақалды» құрылыстардың саны азайды

Биыл құрылысы жырға айналған 118 проблемалық нысанның мәселесі біржақты болды. 11 білім ошағы, төрт балабақша, тоғыз ауылдық дәрігерлік амбулатория ел игілігіне өтті. Облыс орталығында 200 орындық қалалық балалар ауруханасының құрылысы басталды.

Балық шаруашылығындағы бетбұрыс

Балықшы ауылдардың қолына тұсау болған кедергілер жойылды. Атап айтқанда, Көкпекті, Күршім, Тарбағатай, Ұлан, Зырян аудандарындағы 21 елді мекеннің халқын жұмыспен қамту жолға қойылды. Әзірге балық аулаумен шұғылданатын 172 жеке кәсіпкер төрт кооперативке бірігіп отыр. Осы шара аясында 142 балықшы қайығы заңдастырылды. Бұрынғы жүйе бойынша балық аулау лицензиясы тек қолында өңдейтін цехы бар адамдарға ғана берілетін. Биыл әр учаскеге бекітілген шектемеден кооперативке жеке кәсіпкер ретінде тіркелген әрбір балықшы үлесін алды.
Қытайдың ШҰАР-мен біздің облыстың серіктестігі аясында биыл тұңғыш рет 400 тонна балық аталған аймаққа экспортталды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button