Шешілмеген мәселе шаш етектен

Күршімнен он шақырым жердегі Алғабастың мәселесі шаш етектен. Ауызсу былай тұрсын, тұрғындар арыққа су шығара алмай отыр. Жайылым мен шабындық табылмайды. Сарып ауруы да жайлап тұр.
150-ге тарта үйі бар Алғабасқа жету мұң. Былтыр ғана төселген асфальты езіліп кеткен.
– Жолдың сиқы осы, былқылдап жатыр. Сапа жоқ. Қалыңдығы 1,5 сантиметрдей. Үгіліп жатыр. Жолдың дәл осы тұсы ойнамалы. Сондықтан алдымен астыңғы қабатын бекітіп алу керек. Көктемде су жүретіндей жол астынан көпір салынуы керек еді. Салынбаған, – дейді жүргізуші Тоқтамыс Тұрсынов.
Асфальт жұп-жұқа. Отыз тонналық жүк көліктері ойқастағанда езбей қоя ма?! Ресми деректерге сай, бұл жолға 100 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған.
– Күршім – Алғабас жолының 7 шақырымы жөнделді. Қалған 3 шақырымға мердігер демеушілік ретінде асфальт төсеген. Қабылдамас бұрын жан-жақты тексерілді. Бәрі нормаға сай болды. Алайда ол жер ойнамалы, көктемде асфальт қопсып кетеді. Оны қайта қазып, тас төсеп, дренаж салып барып асфальттау керек. Жалпы жолдың кепілдемесі бар. Қазір жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп жатырмыз, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының басшысы Мақсат Әкрамов.
Алғабастың әуелгі атауы Зеленый еді. Кеңес өкіметі тұсында жайқалып тұрған. Бүгінде сары дала, аңызақ жел. Іргесіндегі Ертіс те тартылып кеткен.
«Ауылда 500-дей жан бар. Мектебіміз 11 жылдық. Мәселелерді айтсақ, көшеде жарық жоқ. Малға не жайылым, не суат таппаймыз. Шабындық та проблема» дейді мұндағы ел.
– Колхозда 35 мың қой, қаншама ірі қара, жылқы болды. Жайылымы да, шабындығы да жететін. Сол жердің бәрін таратып жіберді. Енді ауыл малы жайылымнан тарығып отыр. Шабындық та қиын. Бір шаруаның басында мыңдаған гектар жер бар да, бір ауыл он гектар жерге зар. Ол шаруаң қалада тұрса, жерді пайдаланбаса, неге ауылдың еншісіне қалдырмайды? – дейді ауыл тұрғыны, зейнеткер Бәйкен Қалымов.
Ауылдықтар ауызсуға қол жеткізе алмай отыр. Каналға су шықпаған соң жерасты суы төмен түсіп кеткен. Бұрын төрт метрден су шықса, қазір сегіз метрге тереңдеген. Құдық қазу да қалтаға соғады. Метрі – 25 мың теңге.
– Арыққа ие жоқ, тазаланбайды. «Ақ бұлақ» бағдарламасымен былтыр ауызсу тартамыз деген. Сөз ғана екен. Бірақ ауылдан адам көшіп жатқан жоқ қазір. Үкімет жағдай жасаса дейміз, ол – ауызсу, жайылым мен шабындық. Содан кейін каналдарға су шығып тұрса болғаны, – деп қосты зейнеткер.
Игерілмей жатқан егістік алқаптар қайтарылып, жергілікті жұрттың еншісіне берілуі тиіс.
– Ауыл сыртында сиырды қойып, бұзау да жайыла алмайды. Жіберген сиырың шаруаның жеріне барып түссе, шу шығады. Жекенің жері ауыл іргесінде. Балық аулауға рұқсат бергенімен, ау қытайдың синтетикасы деп тарпа бас салады. Бурцеллез де солқылдатып тұр, – дейді ауыл тұрғыны Зағила Қаратаева.
Күршім өңірінде індет дендеп тұрған секілді. Тұрғындар пікірінше, аш малға ауру үйір. «Округте 12 мал дәрігері болуы керек, бірақ төрт-ақ дәрігер еңбек етіп жүр. Материалдық базасы да ақсап жатыр. Қан алып үлгермейді. Жалақылары төмен. Сарыпқа қарсы вакцинаны халық өзі сатып алады. Соған мемлекет қаржы қарастыруы керек» деседі тұрғындар.
– Күзде «Бизнес бастау» бағдарламасымен 1 миллион 600 мың теңгеге алты бас бұзаулы сиыр сатып алғам. Көктемде бруцеллез шықты. Қораны ауыстыру керек деген соң, жаңасын салдық. Болмады. 250 мың теңгеден сатып алған әр бас 50-60 мың теңге ғана шығарды. Қазір мал жоқ. Кредитін төлеп отырмыз, – дейді ауыл тұрғыны, төрт баланың әкесі Ерік Құмарғажин.
Ауылдық округтің әкімі Ерлан Нұрсоветовтің сөзінше, округте 84 мың гектар жер бар. 26 мың гектары ауылшаруашылық мақсатқа берілген. Алғабас маңайында жайылым жер жеткіліксіз.
– Алғабастың маңайы егістік. Егін салынбайды. Себебі 15 жыл болды су жоқ. Егістік жерді жайылымға өзгертейік десек, рұқсат жоқ. Үкімет егістік жерді көбейтсін деген. 800 гектар жер бар. Соны жайылымға алайық деп ұсынып отырмыз. Ал бойдақ малға және санитарлық табынға Зайсан көлінің жағасынан жер алдық. Су мәселесіне келер болсақ, «Қазсушар» мекемесіне тиісті құжаттарды тапсырдық. Бір арнаның ғана құжаттары болмай тұр. Ол да реттеледі. Облыс әкімдігі «Күршімнің теңгеріміне берілсін» деген шешім шығарса болды, жұмыс істейміз. Тағы бір каналды округтің теңгеріміне алатын болдық. Оны жөндеп алсақ, егістікке су шығады, – дейді Ерлан Нұрсоветов.
Алғабас тұрғындары айтқан бірқатар мәселе шешілуі тиіс. Әйтпесе, ауылда мал қалмайды, мал қалмаған соң жан қалмайды.
Ержан Кеңесұлы