Руханият

Шертпе күйдің шеберлері сайысты

           Күй көне тарихпен тамырласып, өткен өмір өрнегін үзбей жалғап келе жатқан өрелі өнер. Әр өңірдің өзіндік қалыптасқан күйшілік мектебі бар. Соның ішінде Алтай-Тарбағатай күйлерінің алар орны ерекше. Жуықта өңірлік күй мектебін өзгеге насихаттау мақсатында «Шығыстың шыңырау күйлері» атты шертпе күйден І Халықаралық онлайн байқау өтті. Оған барлығы 48 күйші қатысып, шеберліктерін көрсетті.

Байқаудың басты мақсаты – Алтай-Тарбағатай күйлерін алты алашқа дәріптеу. Көмескілене бастаған көне күйлерді жаңғыртып, жұрт жадына тоқу болатын. Күйшілер алыс-жуықтан жиналып, Алтай жұртының айызын қандырар деп жоспарлаған. Алайда Абай Құнанбайұлының 175 жылдық тойы қарсаңында ұйымдастырылған халықаралық күй сайысы онлайн режимде өтті. Шертпе күйдің шеберлерін анқытауға арналған байқауды облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен «Ертіс концерт» мекемесі ұйымдастырды.

– Біз екі кезеңнен тұратын байқауда Алтай-Тарбағатай күйлерін орындау туралы шарт қойдық. Жалпы Алтай-Тарбағатай күйлерінің ауқымы кең. Бүкіл Шығыс Қазақстан өңірі, Қытайдың Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтары мен Моңғолияның Баян-Өлгей аймағын қамтиды. Бұлардың әрқайсының өзіндік орындаушылық ерекшеліктері бар. Бұл өңірлердің күйлерінің насихаты аз болды. Бертінгі жылдары Елбасының қолдауымен «Қазақтың мың күйі» деген антология шығып, сол кітап Алтай – Тарбағатай күйлерімен басталды. Өйткені тарихы бойынша ең көне күйлер Алтайдан бастау алады. Күй тарихы – ел тарихы. Міне, біз осы жолы тарихтың тереңіне бір бойладық деп ойлаймын. Уақыт аз болғандықтан Қырғызстан мен Қытай өңіріндегі күйшілер қатыса алмады. Моңғолиядан бірнеше қатысушы болды. Бұл  байқауды дәстүрлі түрде жалғастырып, екі жылда бір рет өткізуді жоспарлап отырмыз. Қазір көпшілік күйді білгенімен, күй тарихын біле бермейді. Алдағы уақытта осы олқылықтың да орнын толтыруды ойлап отырмыз, – дейді ұйымдастырушылардың бірі Байжігіт атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің бас дирижеры Шалқар Рысханұлы

Байқау барысында бүгінгі таңда ұмыт бола бастаған көне күйлер де орындалған. Мысалы, қатысушылар Бейсенбі Дөненбайұлының бірнеше күйін орындаған. Байқаудың шарты бойынша үміткерлер бірінші кезеңде Мүкейдің «Қосбасқан», Қайрақбайдың «Молқоңыр», Бейісбайдың «Шыңырау» күйлерімен қоса, Байжігіттің  бір күйін, Қызылмойын Қуандық, Бейсенбі, Бәзғалам, Мәсіғұт, Раздық қатарлы Шығыстың күйші-композиторларының туындыларын орындады. Ал екінші кезеңге өткен он үміткерге халық күйі «Бұлғын-сусарды» Ғабдылхақ Барлықовтың нұсқасымен орындау және Әшім Дүңшіұлының бір күйін қоса тарту міндеттелді. Сонымен қатар таңдау бойынша Қазен Әбуғазыұлының «Ана зары», Уәли Бекеновтің «Жеңгем сүйер», Қизат Сейітқазиннің «Дауылпаз» күйлерінің бірін орындау да міндеттелді.

Саусағымен тарихты сөйлетіп, көңілдің сырын ашқан  сайыскерлер екі кезең бойынша сынға түсті. Қазылар алқасы көптеген таланттардың арасынан нағыз шертпе күйдің шеберлерін анықтады. Қорытындылай келе «Шығыстың шыңырау күйлері» атты І Халықаралық байқауда Маңғыстау облысының күйшісі Әлия Озғанбайқызы мен Шығыс Қазақстан облысының күйшісі Нұрсіләм Шағанбаев дипломат атанды. Ал Байжігіт атындағы арнайы жүлде алматылық Жұмағали Серікке бұйырды. Үміткерлер арасынан үшінші орынды өскемендік Естай Матабаев, қарағандылық Аяна Сатаева, талдықорғандық Мүкен Мұхит қанжығалады. Ал Талдықорған қаласынан қатысқан  Ержанат Жарқыннұр мен ақтөбелік Кәмила Әбенова екінші орынды еншіледі. Байқаудың бірінші орнын Алматы қаласының атынан қатысқан Дастан Тоқтаров жеңіп алды. Жеңімпаздарға диплом мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button