Шенген аймағынан бас тартуға әзір

Еуропалықтардың басым бөлігі Шенген аймағынан бас тартуға әзір. Арнай жүргізілген әлеуметтік сауалнамаға қатысқан кәрі құрылық тұрғындарының дені осындай пікірде.
Париждегі лаңкестік, астыртын келетін келімсектердің көптігі шекараны ашып тастау жайын тағы бір қарап шығу керектігіне көз жеткізгендей. Әсіреcе, әрбір алтыншы адам шекарадағы бақылауды қалпына келтіру керек деп санайды. Айталық, Шенген аймағында италиялықтар өздерін қауіпсіз сезінбейді. Тұрғындардың 56%-ы елге кіретін есіктерді жауып, ұлттық шекарадағы бақылауды күшейту қажеттігін ескертеді. Ал француздардың 40%-ы италиялықтармен келіссе, немістердің 19%-ы ғана қолдайды. Әлеуметтанушылар жүргізген зерттеу нәтижелері тұрғындардың Еуроодаққа деген сенімдерінің төмендеп бара жатқанын көрсеткендей. Өз кезегінде мамандар Шенген келісімінен бас тарту Еуропа одағына мүше елдерге қымбатқа түсетінін ескертуде.
Биылғы тамыз айында Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін Олимпиада ойындарындағы қауіпсіздікті 85 мың адам қамтамасыз ететін болады. Оның 38 мыңы әскери қызметші. Бұл туралы аталған елдің Қорғаныс министрі Алду Рибелу мәлім етті.
Оның айтуынша, 20 мың әскери қызметші Рио-де-Жанейрода, тағы 18 мыңы олимпиадалық футбол матчтары өтетін бес қалаға: Бразилиа, Белу-Оризонту, Манаусе, Сан-Паулу және Салвадорға тартылмақ.
Бекітілген схемаға сәйкес, Рио-де-Жанейро төрт қауіпсіздік аймағына бөлінеді: Барра, Деодоро, Маракана және Копакабана.
Қорғаныс министрінің пікірінше, Бразилиядағы үкіметке қарсы тарап пен оның жақтастары ұйымдастыруы мүмкін манифестациялар ойындардың өтуіне кедергі келтірмейді.
Естеріңізге саламыз, XXXI жазғы Олимпиада ойындары ағымдағы жылдың 5-21 тамыз аралығында өтеді. Бұл Оңтүстік Америкада өтетін алғашқы Олимпиада ойындары болмақ.
Еуропарламент келімсектерді баспанамен қамтамасыз ету жүйесін өзгертуді, оларға тиісті жағдай жасауды талап етіп отыр.
Мамандардың пікірінше, Еуропа мигранттарға, оның ішінде әсіресе, әйелдерге жағдай жасауы керек. Себебі, осы уақытқа дейін Еуропаға қоныс аударған әйелдердің көпшілігі зорлық-зомбылық көрген.
Еуропалық шенеуніктердің айтуынша, әйелдер қоныстанған жерде өмір сүру үшін еш жағдай жасалмаған. Жеке жатын бөлме мен дәретхана атымен жоқ. Ер адамдармен бір әжетханаға бармау үшін әйелдердің су мен тамақтан бас тартқан кездері де болған екен. Ал Греция мен Италиядағы уақытша орналасу бекеттері күн өткен сайын «абақтыға» айналып барады
– Дағдарыс кезінде гендерлік мәселелер қарастырылмаған. Дегенмен адам құқығының тапталуына бейжай қарай алмаймыз. Босқын әйелдер шынында да ерекше қорғау мен демеуге мұқтаж. Мәселен, аналарға арналған бөлме жоқ. Оның үстіне қабылдайтын орындар лық толы, – дейді Еуропарламенттің Әйелдердің құқығы және гендерлік теңдік комитетінің мүшесі Анжелика Млина.
Шығыс-ақпарат