Шенеунік келіп шіңк етіп, «Шапкасын» алып ол кетті…
\”Сақалды\” құрылыстың мұңы
– Тендер, тендер, тендерлер,
Ізің қайда тендерлер?
– Ізім толық құжатта
Мердігерім ұзақта.
Құрылысына қол жетпей,
Сенделген халық бұ жақта.
Мердігерім – жауапсыз,
Мамандарым – сауатсыз,
Бақылаушым – сауапсыз
Түспейді ешкім тұзаққа.
Әп-әдемі нысан ем,
Тұғырым кенет солқ етті.
Шенеунік келіп шіңк етіп,
«Шапкасын» алып ол кетті.
Технадзор келіп тоңқ етіп,
Тонналап алып ол кетті.
Комиссия келіп күңк етіп,
Көрсетпей алып ол кетті.
Салықшы келіп саңқ етіп,
Сарқып ішіп ол кетті.
Қаржыгер келіп қаңқ етіп,
Қалғанын ішіп ол кетті.
Мердігерлер ақыры,
Жұмысшыларды сорлы етті.
Жалақысына жете алмай,
Жұмысшы байқұс ол кетті.
Осылайша қарағым,
«Қара тізімге» қол жетті.
PS: Өңірдегі жауапсыз мердігерлер туралы мақала газетіміздің 18-мамырдағы санында жарияланды.
Әзілін жазған – Мұратхан Кенжеханұлы
Суретін салған – Мерей Қайнаров