Шемонайхадағы аурухананың материалдық базасы нығаяды

Облыс басшылығы медициналық мекемелерді құрал-жабдықтармен қамтуды одан әрі жалғастырады. Бірақ қаржыны тиімді қолдану қажет. Шемонайха орталық аудандық ауруханасында болып, ондағы медициналық құрал-жабдықтар мен материалдық-техникалық базаны бағамдаған облыс әкімі Даниал Ахметов осылай деді.
Мекеме тұрғындарға бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетіп, аурулардың алдын алумен және медициналық бақылау өткізумен айналысады. Аурухананың бас дәрігері Түсіпқан Абайдельдиновтің айтуынша, 120 орындық аталмыш нысан қажетті құрылғылармен 93 пайызға жабдықталған.
– Біздегі 72 дәрігердің 35-сінде санат бар. Соңғы жылдары терапевт, хирург және жалпы практика дәрігері сынды үш маман қабылданды. Былтыр 63 дәрігер мен 98 медбике білімін көтеріп келді. Жылына 45 мыңға жуық азаматқа қызмет көрсетеміз. Өткен жылы 5 миллион теңгеге жөндеу жүргізіп, шатырын жамап алдық, – деді бас дәрігер.
Аймақ басшысы аурухананың палаталарын аралады, науқастардың қал-жағдайын, көрсетіліп жатқан қызметке деген пікірлерін біліп, тез сауығып кетулерін тіледі. Осы ретте денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов пен мекеме жетекшілігі облыс әкіміне қажет құрал-жабдықтар тізімін алға тартты. Емхананың материалдық базасын нығайту үшін қосымша қаражат қарастырылатын болды.
– Иә, біз медициналық мекемелерді жабдықтауды одан әрі жалғастырамыз. Соңғы үш жылда ғана осы мақсатқа 19 миллиард теңге жұмсалды. Бірақ қаржыны тиімді қолдану жағын естен шығармау абзал. Қажетті құрылғылардың нақты тізімін әзірлеу керек. Бюджет есебінен алынатын заманауи әрі қымбат аспаптар қаңырап тұрмауы тиіс. Алынған соң олар күндіз-түні жұмыс істеп, тұрғындарға қызмет көрсетсін, – деді осы орадай облыс әкімі.
Аймақ басшысы бұл ретте ауылдарға салынған мектептерді мысалға келтірді. Олардағы орынжайлардың 40 пайызы бос тұрғанын айтқан ол әр тиынның, әрбір аспаптың тиімді қолданылуы керектігін тағы бір мәрте ескертті.
– Біздің облыстық ауруханада үш ангиограф бар, ал Астанадағы кардиохирургиялық орталықта дәл сондай бес ангиограф жұмыс істеп тұр. Сол бесеуі бүкіл елден келген науқастарға тәулік бойы қызмет көрсетуде. Ал біздегі құралдар көп жағдайда жай тұрады. Онда біз олардын несіне алдық деген сауал туындайды. Екінші мәселе, сол заманға сай құрал-жабдықтармен жұмыс істеуге дәрігерлеріміздің біліктілігі жете ме? Сондықтан мамандар біліктілігін арттыру ісін басты назарда ұстауымыз керек, – деп түйіндеді Даниал Ахметов.
Ержан Әбіш