Шемонайхада өңіріміздегі ең ірі ұн тарту комбинаты ашылды

Кеше жұмыс сапарымен Шемонайха ауданында болған облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бірнеше өндірістік, мәдени-спорттық және әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, көктемгі егіс науқанының барысын бағамдады. Сонымен қатар, аудан активімен кездесті.
Аймақ басшысы ең алдымен аудан орталығындағы Шемонайха ұн тарту және құрама жем комбинатының ашылу рәсіміне қатысты. Бұл – өңірдегі ең ірі ұн тарту комбинаттардың бірі. Тәулігіне 600 тонна астық өңдей алатын жаңа кәсіпорын 30 жұмыс орнын құрып отыр. Комбинаттың алдағы жоспары – шетел нарығына шығу.
Кәсіпорынның бас директоры Фарманали Мамедовтың сөзіне сенсек, олар өнімнің 15 түрін шығаратын болады, яғни, мұнда тауықтарға, балапандарға, ірі қара мен шошқаларға жем-азық өндіріледі.
– Шығыс Қазақстан өткен жылы 400 тонна етті экспортқа шығарды, осы көрсеткішті еселеген жөн. Біз шетелдерге сатылатын еттің үлесін көбейтуге тиіспіз. Ол үшін мықты жемшөп базасы қажет. Бұл комбинат әсіресе, өңірдің құс, шошқа шаруашылығын дамытуға септігін тигізбек, – деді өндіріс орнының жұмысымен танысқан облыс әкімі.
Аймақта өзге облыстардан және шетелдерден жем сатып алуға мәжбүр шаруашылықтар жетерлік. Сондықтан аталмыш жоба көптеген агроөндірістік кешендер үшін өте тиімді. Жақында комбинат толық қуатында жұмыс істей бастайды, сонда өнімділік деңгейі сағатына 25 тоннаға дейін артады. Бұл тек өңірімізді ғана емес, сонымен бірге көршілес елдерді мал азығымен қамтамасыз етуге жол ашпақ.
Облыс басшысының айтуынша, өнімді қайта өңдейтін кәсіпорындар аса қажет. Себебі, жергілікті жем басқа жақтан сатып алынатын азықтан 30 пайызға арзанға түседі. Ал қазіргі кезде мемлекеттік қолдаудың арқасында әрбір шаруа өз өндіріс орнын аша алады.
Жаңа техникалардың артықшылығы көп
Бұдан соң облыс әкімі көктемгі егіс жұмыстарының қалай жүріп жатқанын көрді. Александр Белкин жетекшілік ететін «Выдрихинское» серіктестігі – облыстағы іргелі шаруашылықтардың бірі. Мұнда 400-ге жуық адам еңбек етеді, орташа жалақылары – 86 мың теңге. 20 мың гектар жерінің 12 мыңын егістік алқаптары, қалғанын жайылым мен шабындық алып жатыр. Негізінен бидай (65 пайыз), күнбағыс пен жемдік жүгері, көпжылдық шөптер егеді.
Шаруалар аймақ басшысына мемлекет қолдауының арқасында алып жатқан заманауи жаңа техникаларының артықшығын алға тартты. Олардың айтуына қарағанда, қазіргі шетелдік тракторлар мен комбайндар жанармайды екі есе аз тұтынады, ал өнімділігі бұрынғы кеңестік техникаларға қарағанда үш есеге көп.
Облыс әкімі іссапар барысында Медведка ауылындағы мектеп құрылысының жай-күйімен танысты. 120 оқушыға шақталған екі қабатты ғимаратты мердігер ұйым – «Дакар групп» серіктестігі салып жатыр. Құрылыстың жалпы құны 385 миллион теңгеден асады. Іргесі өткен жылдың тамызында қаланған болашақ білім ордасы алдағы оқу жылында пайдалануға берілуі тиіс. Қазіргі кезде төбе жабу, ішкі қабырғаларды қалау жұмыстары жүргізілуде. Құрылысшылар белгіленген кестеге ілесіп келеді. Қажетті материал толығымен жеткізілген. Оқу орнында 40 орындық асхана мен 70 орындық акт залы да болады.
Ауылдағы халық саны біртіндеп өсіп келеді, бүгінгі таңда мұнда 500-ден астам тұрғын бар. Биыл бірінші сыныпқа 10 бала бармақ. Құрылыс жұмысын көзімен көрген аймақ басшысы ең алдымен сапаға көңіл бөлуді және нысанды мерзімінен кешіктірмей аяқтауды тапсырды.
Мұнан кейін облыс әкімі Волчанка ауылына соғып, жергілікті мәдениет үйінде болды. Сонау 1965 жылы салынған аталмыш ғимарат көп жылдар бойы қаңырап бос жатқан. Былтыр наурыз айында аудандық соттың шешімі негізінде нысан иесіз деп танылып, коммуналдық меншікке өткен. Осыдан соң «Жол картасы» бағдарламасы аясында клубқа жөндеу жүргізіліпті. Бұл мақсатқа республикалық қазынадан 24 миллион теңге, ал жергілікті бюджеттен 2,7 миллион теңге қаржы аударылған. Мұнымен қоса, «Убинское-Ш» серіктестігі «Туған жерге – тағзым» акциясы шеңберінде қалпына келтіру жұмыстарына 10 миллион теңге бөлген.
Қазір мәдениет үйінде сегіз қызметкер еңбек етеді, би және ән үйірмелері құрылған. Аптасына екі-үш рет түрлі іс-шаралар, би кештері ұйымдастырылып тұрады. Мекеменің екінші қабатында кітапхана орналасыпты.
Осы жерде жергілікті «ЭкоГрин» жастар ұйымының атқарушы директоры Ольга Рябиченко облыс әкіміне өздерінің туристік жобаларын таныстырды. Аймақ басшысы маңызды іспен шұғылданып жүрген олардың жұмысына табыс тілеп, табиғаты тамылжыған бұл өңірде туризмді дамыту қажет екенін атап өтті.
Облыс әкімі ауылдағы шағын футбол алаңын да көрді. Республикалық трансферт есебінен, атап айтсақ, 7,2 миллион теңгеге салынған жасанды мини-футбол алаңы талапқа сай қоршалып, жарықтандырылыпты. Нәтижесінде бұл жер таңнын атысынан қараңғы түскенге дейін доп қуған балалардан арылмайды екен.
Ауылда тұрсаң, мал ұста
Келесі кезекте облыс әкімі аудан орталығында жергілікті активпен және жұртшылықпен жүздесті. Жиын басында аймақ басшысы алғашқы төрт айдың қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері арта түскенін атап көрсетті. Мемлекет басшысының экономиканың өсу қарқынын сақтау, жұмыс орындарын көбейту жөніндегі басым міндеттері лайықты орындалуда. Десек те, әлемдік қаржы дағдарысы салдарынан түсті металдарға сұраныс төмендеп кеткен. Мұның кесірінен облыс 20 миллиард теңгенің салығын жоғалтып отыр. Сонымен қатар, жұмыссыздар саны 13 мыңға дейін көбеюі ықтимал деген болжам да бар. Осыған байланысты аудан-қала әкімдіктеріне ай сайын тапсырма-жоспарлар жүктелуде. Қолдағы бар мүмкіндіктерді барынша пайдалану қажет. Соның бірі – ауыл шаруашылығын өркендету.
– Мемлекет тарапынан шаруаларға жан-жақты қолдау көрсету қарастырылған, субсидия беріледі, түрлі бағдарламалар бар. Алайда, мал шаруашылығымен аз айналысамыз. Ауылда тұрып мал ұстамау – ұят, – деген аймақ басшысы ауыл әкімдері тұрғындармен ұдайы кездесіп, мәселелеріне құлақ асып, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіруі тиіс екенін атап өтті.
Аудан әкімі өңірдің экономикалық жағдайы туралы есеп берді. Жалпы, ауданның даму қарқыны жоғары. Мәселен, бүгінгі таңда мұнда 3 мектептің, 1 балабақшаның және 2 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүріп жатыр. Ауданда 70-ші жылдардан бері ешбір әлеуметтік нысан салынбағанын ескерсек, бұл – үлкен жетістік. Қоғамдық-саяси жағдай да тұрақты қалпында.
Аудан негізінен аграрлық болып саналады, топырағының құнарлығы мол. Дей тұрғанмен, гектарынан бар-жоғы 14 центнер өнім алынады, өнімділік аз. Ірі қараның саны 26 мың басты құрайды.
– Егіннің өніміділігі мен мал басын арттыруға күш салған жөн. Ол үшін шаруа қожалықтарын ірілендірген абзал. Сонымен қатар, біз ең алдымен тұрғындардың әлеуметтік мәселелеріне көңіл бөлуіміз керек. Ауданның көл-көсір әлеуетін толық көлемде пайдалана алмай келеміз. Қосымша жұмыс орындарын ашудың, табыс көздерін табудың мүмкіндіктер мол, тек жүйелі жұмыс істеу керек, – деп түйіндеді Бердібек САПАРБАЕВ.
Басқосу барысында аймақ басшысы жергілікті атқарушы билік органдарына ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесін жақсарту, оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясындағы іс-шараларды көбейту, тірек ауылдар бағдарламасының іске асырылу қарқынын үдету және өзге де бірқатар маңызды тапсырмалар жүктеді.
Іссапар соңында аймақ басшысы «Үбі» шипажайына барып, мекеме демалушылармен кездесті, олардың хал-жағдайларын сұрастырды. 2002 жылы құрылған аталмыш шипажай ардагерлерге, зейнеткерлер мен мүгедек жандарға емдік демалыс ұсынады. Былтыр мұнда 3800 адам денсаулығын түзеп қайтқан. Мекеме тек 200 орынға арналған, демалушылар 19 лекпен келіп, 15 күн болады. Батпақпен, сумен емдеу, массаж, ингаляция сияқты іс-шаралар, сондай-ақ, осы орманды жердің саф ауасы қарт адамдарға жағымды әсер етеді. Еңбектерінің зейнетін көріп жатқан қариялар қызмет сапасына оң бағаларын беріп, облыс басшылығына қамқорлықтары үшін алғыстарын жаудырды.
Облыстық мәслихаттың биылғы сәуір айында шығарған шешіміне сәйкес шипажайға қосымша ғимарат салуға 15 миллион теңге қарастырылған. Осыған орай, мекеме директоры Мұратбек Айылбаев аймақ басшысына болашақ корпустың орналасатын жерін көрсетіп, құрылыс жоспарымен таныстырды.
Ержан Әбіш