Қоғам

Шемонайхада өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік мол

Шемонайхада  өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік мол

Кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ жұмыс сапарымен Шемонайха ауданына барып, өңірдегі бірнеше кәсіпорын мен шаруа қожалықтарының тыныс-тіршілігімен танысты.
Ең алдымен аймақ басшысы Первомайка кентіндегі «Востоксельхозпродукт» ЖШС-не ат басын тіреді. Мұнда алдыңғы жылы күнбағыс майын өңдейтін жаңа цех іске қосылып, қосымша 60 жұмыс орны пайда болған-ды. Жеті айдың ішінде барлық талаптарға сай етіп салынып біткен цех 2012 жылдың аяғына қарай өңдеу қарқынын арттыра түскен. Қазір мұнда тәулігіне 100 тонна май өңделеді. Кәсіпорынның жоғары сұрыпты өніммен көршілес жатқан Ресей нарығына да шығуға мүмкіндігі мол. Бұл туралы өндіріс орнының жұмысымен танысуға келген облыс әкіміне серіктестіктің директоры Сергей Глушков баяндады. Кәсіпкер биыл атқарылған жұмыстың қорытындысына тоқтала келе, алдағы жылғы жоспарлары туралы да айтты.
– 2014 жылдың 11 айы ішінде біздің кәсіпорын 2,6 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Шығарылған жалпы өнім көлемі 14 мыңнан астам тоннаны құрайды. Қазір бізде 240-қа жуық адам жұмыс істеуде. Алдағы жылы өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашпақ ойымыз бар, – деді С.Глушков.
Кәсіпорын цехтарын аралап шыққан аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ жұмыс қарқынын бәсеңдетуге еш болмайтынын айтып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсембай Селихановқа «Востоксельхозпродукт» ЖШС сияқты кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсетілуі керек екенін ескертті.
– Келер жылдың қаңтар-ақпан айларында менің орынбасарым Нұрлыбек Шерубаев бастаған топ Еуропаның бірқатар мемлекетіне шығып, ондағы алдыңғы қатарлы май өңдеуші кәсіпорындардың жұмысымен танысып қайтпақ. Сол топтың құрамына сіздердің өкілдеріңіз де кіргені жөн болар. Шынын айту керек, шетелдіктерден, мәселен, француздардан үйренеріміз көп. Сондықтан солармен жұмыс істеуге, тәжірибе алмасуға көңіл бөлгеніміз жөн. Көрсеткіштеріміз қанша жақсы десек те, арқаны кеңге салуға болмайды. Сондай-ақ, сіздерді баға саясатына да асқан жауапкершілікпен қарауға шақырамын, – деген облыс әкімі кәсіпорында өңделген майдың қызығын ең алдымен отандастарымыз, ал содан кейін ғана Ресей сияқты өзге мемлекеттер көруі керек екенін қадап тұрып айтты.
Бұдан кейін аймақ басшысы осы Первомайкадағы тағы бір кәсіпорын – «Ертiс сирекжер компаниясы» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Бұл серіктестік сирек кездесетiн металдар және сирекжер өнiмдерiн өндiрумен айналысатынын айта кеткен жөн. Кәсіпорын директоры Валерий Лычагинның айтуынша, қазіргі таңда мұнда церий карбонаты, дидим оксиді мен карбонаты, неодим оксиді сияқты бірқатар сирек кездесетін металдар мен сирекжер өнімдері шығарылады екен. Бұл өнімнің басым бөлігі шекара асып кетіп жатады. Атап айтқанда, Первомайкадағы кәсіпорында өндірілген металдар кейіннен Жапония мен Еуропа елдерінде машина құрастыру, ғарышты зерттеу сияқты салаларда қолданылатын көрінеді.
Тағы бір айта кетер жайт, 2014 жылдың 11 айында 0,739 миллиард теңгенің өнімін шығарған өндіріс орнында бүгінде 220-ға таяу адам жұмыс істейді.

Шемонайхада  өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік мол

Аймақ басшысы аялдаған келесі нысан – Первомайка механикалық зауыты болды. Борис Пак басқаратын серіктестікте негізінен аспалы құрал-жабдықтар, профлист, қабырғалық панельдер жасалады. Қазір кәсіпорынның өндірістік қуаты айтарлықтай жоғары емес көрінеді. Бұған ағымдағы жылдың 11 айының көрсеткіштеріне қарап-ақ көз жеткізуге болады. Бұл жайтқа зауыт цехтарын аралап көрген облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ те ерекше назар аударды.
– Биылғы Жолдауында Елбасы «Екібастұз-Семей-Өскемен» және «Семей-Ақтоғай-Талдықорған-Алматы» бағыттарында жоғары вольтты желілерді салу керектігін айтқан болатын. Осыны ескере отырып, сіздерге аталмыш желілердің тірек бағандарын өндіру жөнінде ұсыныс айтқым келеді. Қазір облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасында Екібастұздан Өскеменге дейін, сондай-ақ, Семейден Алматыға дейін тартылатын желілердің тірек бағандарына қатысты толық ақпарат жиналған. Енді сіздер басқарма басшысымен кездесіп, осы тірек бағандарды жасау жөнінде келіссөздер жүргізгендеріңіз жөн. Егер де бұл іс қолдарыңыздан келетін болып жатса, сіздерге жүз пайыз қолдау білдіретін боламыз. Сондықтан осы шаруаны созбақтамай, тездетіп қолға алыңыздар. Мұндай бағандар шығару сіздерге де, жалпы облыс экономикасына да тек қана пайда әкелмек, – деді аймақ басшысы.
Расымен де, Елбасы айтқан жоғары вольтты желілердің әр шақырымына кем дегенде үш тірек баған қажет болатынын ескерсек, мұндай өнімді өзімізден шығару орасан зор табысқа кенелтетінін аңғару қиын емес. Облыс экономикасына айтарлықтай түсім түсіп қана қоймай, бүгінде жартылай қаңырап, бос тұрған Первомайка механикалық зауытының бойына қайтадан қан жүгірмек. Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген қаншама ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылады деген сөз.
Бұдан кейін облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ аудан орталығы Шемонайха қаласындағы «Исток 1» ЖШС-де болып, кәсіпорынның бүгінгі жайымен танысты.
Май, кілегей, айран сияқы сүт өнімдерін өндіретін серіктестік 2014 жылдың 11 айында 1 125 тоннаға жуық тауар шығарыпты. Алайда, өндіріс орнының басшылығы бұл жетістікті місе тұтпай, жаңа жылда жоғарыда аталған көрсеткішті еселеуге мүдделі екенін аңғартуда. Мұны облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ те қолдап отыр. Өз сөзінде аймақ басшысы шығарылатын өнімнің мөлшерін арттырып қана қоймай, сапасының жақсаруына да көңіл бөлу керек екенін айтты.
Облыс әкімі Шемонайха ауданына сапарын «Воробьев и компания» және «Камышинское» ЖШС-леріне барумен аяқтады.

Шемонайхада  өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік мол

Негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысатын серіктестіктер қазір жыл қорытындыларын шығарып, түскен табысын есептеуде. Фермаларды аралап көрген аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ қос шаруашылық басшыларымен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын, өтініш-тілектерін естіп, алдағы жылғы жоспарларымен танысты.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button