Шемонайхада ауқымды шаруа атқарылып жатыр
Шемонайха қаласын жылыту жүйесі «Водоканал» коммуналдық кәсіпорнына беріледі. Бұған дейін шаһарды жылумен қамтамасыз етуге жауапты компания конкурстық негізде анықталып келген. Мердігері тұрақты болмаған соң қала халқы қысты әрі-сәрі күйде өткізетін. Соңғы мердігер «Kaz Minerals» компаниясына қарызын қайтара алмай, банкротқа ұшырап отыр. Осы жүйесіздіктің бәрі алдағы жылыту маусымына дейін толықтай жойылатын болды. Ауданға жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ жергілікті басшыларға осындай тапсырма жүктеді.
Облыс әкімінің сапары Убинка ауылынан басталды. Мұндағы «ВК Житница» ЖШС-нің жұмысымен танысқан аймақ басшысы ұжымның жаңа технологияларға деген ұмтылысына оң баға берді. 5300 гектар егістік, 449 гектар суармалы алқабы бар қожалық негізінен егіншілікті кәсіп етеді. Суармалы алқаптың басым бөлігіне картоп егілген. Алманиядан арнайы маман алдырып, сол елдің технологиясын енгізгеннің арқасында құнарлылық көрсеткіші 24 балдан аспайтын алқаптың гектарынан 280 центнер өнім алып отыр. Картоп тұқымы да «Анна патшайым» атты алманиялық элиталы сұрыпқа жатады. Картоп алқабын жыртудан бастап, өнімді қазып алуға дейінгі жұмыстың барлығын арнайы техникалық кешен атқарады. Кешеннің ауыр салмақты техникалары шынжыртабан үлгісінде құрастырылғанымен, жердің төсін жаныштап тастамас үшін табандары резеңкеден жасалыпты. Серіктестік директоры Наталья Вожова облыс басшысына шаруашылығына кедергі келтіріп отырған түйткілдерді айтты. Соның бірі картопты өткізуге қатысты мәселе. Оның айтуынша, жыл сайын қожалық 6500 тоннадан астам картоп алады. Ал оны лайықты бағаға өткізу жыл өткен сайын қиындап бара жатса керек. Облыс басшысы бүгінде тұрақтандыру қоры да бұрынғыдай көп мөлшерде картоп алмайтынын жеткізді.
– Облыста картопқа деген сұраныс толығымен қанағаттандырылып отыр. Биыл тіпті тұрақтандыру қоры мен базар бағасы қарайлас болды. Осыдан-ақ шаруалар облыс халқын картоппен толық қамтып отырғанын көруге болады, – деді аймақ басшысы.
Фабрика жаңа технологияға көшкен
«Уба» шипажайындағы қариялардың жағдайына қаныққан аймақ басшысы мұндағы емделушілердің әрқайсымен жеке сөйлесіп, мәселелерін тыңдады. Соғыс ардагері Ахметкәрім Ахмадиев үш жылдан бері Семейден пәтерге қол жеткізе алмай жүргенін айтып, шағынды. Бұл мәселені күзге дейін шешу қала әкіміне жүктелетін болды. Ал полигон ошағына іргелес болған Қайнар ауылының тұрғыны Серік Ақышев ондағы мәселелерді көзбен көру үшін аймақ басшысынан Абыралы өңіріне баруын өтінді. Өзге емделушілер тарапынан шипажайға келер жолды жөндеу, ғимаратқа желдеткіш құрылғылар орнату мәселелері бойынша ұсыныстар айтылды. Бұл округке қарасты асфальтты жол күзге дейін жөндеуден өтетінін атаған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ емделушілерді шипажайдың жатын ғимаратының төбесін жөндеуге облыс бюджетінен ақша бөлінетінін айтып қуантты. Бұл жұмыстарға 41 млн. теңге қажет болған. Шипажай ғимараттарына желдеткіш орнатып, қажет жеріне ағымдағы жөндеу жасау үшін қосымша 19 млн. теңге тағы бөлінетін болды.
Бұдан кейін облыс басшысы Усть-Таловка кентіндегі «Kaz Minerals» ЖШС-не қарасты Артемьев өндірістік кешенінің Николаев байыту фабрикасындағы технологиялық жаңарту жұмыстарымен танысты. Өндірістік процесті автоматтандыру үшін мұнда «Востокцветмет» ЖШС 100 млн. АҚШ долларының инвестициясын құйған. Аталған қаржыға итальяндық құрылғылар алынып, жаңа технология енгізілуде. Фабрика басшыларының айтуынша, бұл технология әуелде жүзім сығуға пайдаланылған екен. Кейін металл концентраттарын ажыратуға икемдеген. Технологияның арқасында өнімнің сапасы халықаралық стандарттарға сәйкестенбек, еңбек өнімділігі жоғарылап, экологиялық тазалық артпақ. Жыл басынан бері фабрика 561 жұмысшы қолымен 749 мың тонна кенді өңдеп, 138 мың тонна мыс, 41 мың тонна мырыш өндіріпті. Аудан орталығы мен кентті жылумен қамтуға жауаптанған мердігер осы фабрикаға қарызданып қалған.
Дәл осы мәселе аудан орталығындағы «Нұр Отан» партиясының филиалында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау кезінде де көтерілді. Қоғамдық кеңес мүшесі Юрий Старожиловке аймақ басшысы жылу жүйесіндегі қиындықтар алдағы жылыту маусымына дейін шешілетінін айтты.
-Бұған дейін халықты жылумен қамтып келген жеке компания «Kaz Minerals» ЖШС-не шаш етектен қарыз болып қалған. Ол толық банкрот деп танылған соң балансындағы жылыту жүйесі қарыз орнына қайтарылады. «Kaz Minerals» оны «Водоканал» коммуналдық кәсіпорнына өткізеді. Ал облыстық бюджеттен өзіңіз айтып отырған 18 шақырымдық жылу желісін жөндеуге қаржы бөлінеді. Бұған «Kaz Minerals» тарапы да келісіп отыр, – деді ол.
Қаланың №5 ықшам ауданына су мен кәріз жүйесін тарту бойынша да мәселе көтерілді. Бұл шағын ауданға жарық пен жол тартылған. Жеке тұрғын үй салуға 80-нен астам жер телімі де беріліп қойған. Енді су мен кәріз жүйесін тарту үшін 248 млн. теңге қажет. Аймақ басшысы бұл мәселені Ұлттық экономика министрлігімен бірге шешетінін айтты.
Аудандық мәслихат депутаты Елена Григорьева шаһардағы баспана кезегі 600 адамға жеткенін мәселе етіп қойды. Жергілікті әкімдік осы мәселені шешу үшін 60 және 70 пәтерлік тұрғын үйлердің жобасын дайындап отыр. Алайда, құрылысқа қаржы жоқ. Аймақ басшысы бұл жобаға қаржыны «Қазақстан ипотека компаниясынан» тарту керектігін атады.
Сапар соңында облыс басшысы Камышинка ауылындағы Владимир Акуловтың шаруа қожалығын аралады. Көшесінде қоқыс түгіл көлденең қылшық жатпайтын Камышинка ауылына кәсіпкер В.Акулов та барынша демеушілік көмек көрсетіп келеді. Осы мақсатта ауылдың қақ ортасынан шағын зообақ та ашып тастаған. Пони жылқысы мен қасқыр, сарлық пен түйе, борсық сынды таңсық жануарларды көру үшін мұнда күн сайын қонақтармен қоса тұрғындар да тоқтаусыз келетін көрінеді. Ауылдағы аурухана мен мектепке, Мәдениет үйіне қаржылай көмек көрсетіп отырған қожалық иесі аймақ басшысына 620 сиырға арнап салып жатқан тауарлы-сүт фермасын таныстырды. Бір қанатында сауын сиырлары, бір қанатында бұзаулар бағылып, ортасында сауын қондырғылары орнатылатын кешеннің қаңқасына негізінен ескі материалдар пайдаланылуда. 6000-нан астам симменталь тұқымды сиыр, 250 жылқы бағылады мұнда. Жылына шамамен 800 тонна ет, 13 мың тонна сүт өндіретін қожалық 10 мың гектар жерге егін де егеді. Осы жұмыстардың барлығына 500 адам тартылған. Облыс әкімі В.Акуловтың шаруашылыққа ғылыми тұрғыда қарайтынын жоғары бағалап, ауылды көркейтуге қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Жұмыс сапарын қорытындылаған облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ ауданның тыныс-тіршілігіне оң бағасын беріп, ауқымды шаруа атқарылып жатқанын атады.
Есімжан Нақтыбайұлы