Шемонаихада ерекше аялдама бар
Шемонаиха ауданының орталығында ерекше аялдама пайда болды. Енді қоғамдық көлікті күткен жолаушылар босқа тұрмай, өрт қауіпсіздігі ережелерін зерделей алады. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Мұндай профилактикалық нысанды ашу идеясының авторы жергілікті төтенше жағдайлар бөлімінің құтқарушылары екен.
– Жерлестерімізге қауіпсіздік ережелерін жеткізу және өрт қаупі жоғары кезеңде сақтық шараларын күшейту мақсатында осындай бір ерекше, әдеттен тыс деуге де болады, әдісті қолдануды жөн санадық. Қазіргі күнделікті күйбең тірліктің қамымен жүрген заманда адамдардың алдына келген барлық ақпаратқа көз жүгіртіп, ой елегінен өткізуге уақыттары бола бермейді. Ал аялдамада автобусты күткен 10-15 минуттық үзілісте жолаушылардың назары осы жерде жарияланған ақпаратқа ауатыны анық, – дейді Шемонаиха қалалық ТЖБ бастығы Арман Наурызбаев.
Қалаларында мұндай мән-мағынасы зор аялдаманың пайда болғанынан жергілікті тұрғындар да разы.
– Жалпы, аялдама дегеніміз біз үшін, тұрғындар үшін қашан да ерекше сыйлық қой. Ал ол аялдаманың дәл осылай безендіріліп, әлеуметтік сипатқа ие болуы тіпті керемет жайт. Негізі, идея авторлары аялдаманы орналастыру жерін дәл тауыпты, бұл маңда қашанда адам қарасы көп болады. Енді аталған жерге келген кез келген жерлесіміз бірнеше минут уақытын қиып, плакаттардағы мәтіндерді оқып, қауіпсіздік ережелерін еске түсіре алады, – дейді шаһар тұрғыны Айнұр Смағұлова.
Бір атап өтерлігі, аялдамада қауіпсіздік ережелерімен қатар, құтқарушы мамандығын қалай алуға болатыны туралы толыққанды ақпарат беріліпті.
Нұржан Кенжеұлы