Қоғам

Үшемнің арманы орындалды

Үшемнің арманы орындалды

Газетіміздің былтырғы №151 нөмірінде «Үшемдердің ешқайсысы сыйлықсыз қалмайды» атты тақырыппен жарияланған шағын мақалада Семей қаласына қарасты Қайнар ауылында тұратын Сұлтан, Нұрлан және Зылиқа есімді үшемнен редакцияға арнайы хат келгенін жазған едік. Хатта үшемдердің Аяз атадан, нақтырақ айтсақ, Сұлтан мен Нұрланның кимано, Зылиқаның коньки алғысы келетіні туралы жазылған болатын. Балғындардың хатына орай Семей қаласының әкімдігі мен қала әкімінің баспасөз қызметімен байланысқа шығып, оқушылардың өтініштерін жеткізгенімізді, әкімдіктегілердің балалардың тілегі жерде қалмайтынын, қалаған сыйлықтарының тапсырылатынын айтқанын да жазған едік сол мақалада.
Осыдан бірер күн бұрын Қайнардан үшемдердің анасы, «Алтын алқа» иегері Жұпар Шыңғысова редакцияға телефон соқты. Жеті баланы өмірге әкелген батыр ана балалардың өтінішін жерде қалдырмай, тиісті орындарға шұғыл жеткізген «Дидар» газетіне және үшемдердің тілегін орындаған Семей қаласы және Қайнар ауылының әкімдіктеріне алғысы шексіз екендігін жеткізді.
-Сіздерге көп-көп рақмет. Жұмыстарыңыздың жемісін көріңіздер. Балаларды қуанта беріңіздер. Хатымыз кешігіп жетсе де, назардан тыс қалдырмай, елеп-ескеріп, тілектерін орындауға көмектестіңіздер. Дәл 31-желтоқсан күні кешке қарай үш баламды арнайы шақырып, Аяз ата мен Ақшақар оларға өздері қалаған сыйлықтарын табыс етті. Үшеуінің қуаныштарында шек жоқ. Екі ұлымның киманосы, қызымның конькиі болмай, қатарларынан қалып жүр еді. Жақсы болды. Енді спортпен алаңсыз шұғылданатын болды, – дейді үшемнің анасы.
«Дидар» газетін жаздырып алып оқитын Жұпар Шыңғысова бүгінде үй шаруасымен шұғылданып, «Алтын алқа» иегерлеріне берілетін 13 мың теңге төлемақыны қанағат тұтып отырған жайы бар. «Кезінде жұмыс істегенбіз. Қазір жұмыс жоқ қой» дейді жеті баланың анасы. Жолдасы Қайрат «Қазпоштаның» ауылдағы филиалында жұмыс істейді екен. Оған қосымша қала мен ауыл арасында такси қызметін атқаратын көрінеді.

Азамат Қасым

Осы айдарда

Back to top button