Үшем дүниеге келді
Глубокое ауданында үшем дүниеге келді. Солнечный ауылының тұрғыны Екатерина Иванова үш қызды дүниеге әкеліп, бір мезетте көпбалалы ана атанды. Ринат пен Екатерина Ивановтардың отбасында үшемнен бөлек 10-жасар Милана атты қыз, Бислан мен Вислан атты егіз ұл өсіп келеді.
Енді алты баланың ата-анасы атанған жұбайлардың қуаныштарында шек жоқ. Раяна, Мариам және Ислана облыстық ана мен бала орталығында 13-тамызда небәрі екі келіге жетер-жетпес салмақпен туды. Жуықта үшемді перзентханадан отбасы ғана емес, аудан әкімінің орынбасары Серік Жұмаділов пен Бобровка ауылдық округінің әкімі Е.Абраимов салтанатты түрде шығарып алды. Олар көпбалалы отбасыға мықты денсаулық пен береке тілеп, Ивановтарға материалдық көмек ұсынды, сый-сияпаттар табыстады.
Облыстық ана мен бала орталығының дәрігері Алма Бұрынбетованың айтуынша, үшемнің денсаулығы жақсы. Бір қызығы Алма Бұрынбетова Екатеринаның егіз ұлдарын босандырыпты.