Шектеуден шексіздікке бір-ақ қадам

Әлеуметтік арақашықтық пен маскалық режим. Иә, осы бір қарапайым екі талапты орындау кейде халық үшін тым қиынға соғып жатқандай. Бұл сөзімізге Шығыс Қазақстан облысында санитарлық талаптарды бұзғандардың көптігі дәлел.
3 ақпан күні Өскеменде шектеу режимін бұзу бойынша 15 факті тіркелді. Маскасыз қызмет көрсеткен азық-түлік дүкендері мен азық-түлік сатпайтын сауда орындарына, дәмханаларға жалпы сомасы 437 550 теңге айыппұл салынды.
Семейде маскалық режимді бұзу бойынша 45 жағдай анықталды.
Риддерде медициналық маскасыз қызмет көрсетуге қатысты 3 тәртіп бұзушылық тіркеліп, төрт айыппұл салынды. Айыппұлдың жалпы сомасы – 175 020 теңге.
Курчатов қаласында кәсіпкерлік нысандарда 3 ереже бұзу фактісі тіркелді.
Алтай ауданында сатушылар мен тұтынушылар 5 тәртіп бұзушылық жасады.
Бесқарағай ауданында маскалық режимді бұзу бойынша 1 факті тіркелді.
Глубокое ауданында ереже бұзған О.Б. Қалыбаев пен О.В. Посох есімді тұрғындарға 87 510 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Шемонайха ауданында талаптарды орындамаған 1 жағдай тіркелді. Ю.А. Магера есімді азамат «Арамо» дүкенінде медициналық маскасыз жүрген.
Осы ретте мамандар шектеу шараларын орындағанда ғана шексіз жүріп-тұруға мүмкіндік туатынын ескертеді. Ендеше жоғарыда айтылған екі талапты бұлжытпай орындайық.
Балауса Қожаева