ҚоғамТОП

Шектен шыққан шенеуніктердің тәртібі қаралды

Облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменттің жанындағы Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында Алтай қаласының әкімі Игорь Оконешниковтің тәртібі осымен үшінші рет қаралды. Былтыр Әдеп кеңесінің тоғыз отырысында барлығы 70 тәртіптік іс қаралса, заңнан аттаған кейбір шенеуніктердің қызметінен өз еркімен кетуіне орай, оларға қатысты 7 іс қысқарып қалған, Didar ақпарат тілшісі.

Осы жылдың алғашқы отырысына Алтай қаласының әкімі Игорь Оконешников тағы да шақырылды. Өткен жылы мемлекеттік қызметтің ар-ожданына нұқсан келтіруіне байланысты лауазымына толық сай емес деген жазаны алған әкімге тағы қандай айып тағылып отыр?

Баяндамашының сөзінен белгілі болғандай, Алтай аудандық прокуратурасы Игорь Оконешниковке тағы да мемлекеттік қызметшінің имиджіне нұқсан келтіретін іс-әрекеттер жасады деген айып таққан. Қала әкімі «Луч» бау-бақша қауымдастығы маңындағы жерді өрт қауіпсіздігін сақтау үшін деген желеумен жеке кәсіпкерге қураған ағаштар мен шөбін шабу үшін берген. Алайда іске қатысты материалдарды жан-жақты зерттеген Әдеп кеңесінің мүшелері Игорь Оконешниковтің іс-әрекеттерінде заңға қайшылық жоқ екенін анықтап, оған қарсы қозғалған тәртіптік істі тоқтату туралы ұсыныс жасады.

Өткен жылы тоқтатылған тәртіптік істердің бірі – Көлік комитеті арқылы түскен Шығыс Қазақстан көлік прокуратурасы ұсынымының негізінде қозғалған. Прокуратураның актісінде  облыс бойынша көліктік бакылау инспекциясы басшылығының іс-әрекеттерінде Мемлекеттік қызмет туралы заңның 50-бабында көрсетілген мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар бар екені жазылған. Шығыс Қазақстан көлік прокуратурасының 2023 жылғы 20 қазандағы ұсынымының негізінде  2023 жылдың 13 желтоқсанында Әдеп жөніндегі кеңес төрағасының бұйрығымен тәртіптік іс қозғалады.

– Бізге алғашында мәліметтер толық түскен жоқ. Біз Көлік комитетіне тиісті материалдарды ұсыну туралы сұрау хат жолдадық. Көлік инспекциясында жұмыс істейтін тұлғалардың істері жан-жақты зерделенді.  Айталық, өңірден шет елдерге жүк тасымалдайтын көліктерге рұқсат қағазы беріледі. Прокуратура  анықтағандай, шетелге шығатын кейбір көліктің нөмірі мен тіркемесінің нөмірі сәйкес келмейді. Демек, инспекция жағы заң бұзушылыққа жол берген, – деді Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Нұрлан Еркебаев.

Бұдан басқа, 2022-2023 жылдары айыппұлдарды төмендету, жұмысты тиісінше ұйымдастырмау және испекция тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі сияқты заңбұзушылықтар орын алған.

Қысқасы, бұл жақта Әдеп кеңесі тәртіптік іс қозғап, шенеунікті жөнге саламыз дегенше, облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Асхат Ешимов 2023 жылғы 1 желтоқсанда Көлік министрлігі аппарат басшысының бұйрығымен Солтүстік Қазақстан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы лауазымына тағайындалған.

Жиында былтыр Әдеп кеңесінің тоғыз отырысы өткені, онда барлығы 71 іс қаралғаны, олардың 23-і тәртіптік іс екені  айтылды. Қызығы сол, заңнан аттаған шенеуніктердің қызметтерінен өз еріктерімен кетуіне орай, 23 істің 7-уі тоқтатылған.

 – Осыған қатысты менің сұрағым бар. Айталық, облыс көлемінде заң бұзып, кейін өзіне кінә артылатынын сезген шенеунік қызметінен тезірек кетіп қалады. Кейін оның басқа облысқа барып, жоғары лауазымға тағайындалғанын естиміз. Сонда бізде заңбұзушылыққа жол берген адам қалайша өзге өңірде басшы қызметіне тағайындалады? Қалайша қызметін алаңсыз жалғастырады? Осылай жалғаса бермек пе? – деді кеңес мүшесі Азамат Есембулов.

Әділеттілік үшін айтайық,  Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Көлік министрлігінің аппарат басшысына тәртіптік іс қозғалуына байланысты инспекция басшысы А. Ешимовтың өз еркімен мемлекеттік қызметті тоқтатуына жол бермеу жөнінде 8 желтоқсанда жазбаша ескерткен. Алайда бұл уақытта А. Ешимбаев бір аптадай басқа облыстың көлікті бақылау инспекциясының басшысы болып отырған.

Дегенмен Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Қайрат Сапарғалиев осы тұрғыда заңнамада өзгерістер болуы мүмкін екенін жеткізді.

Мемлекеттік қызметшінің имиджіне кір келтірмеу мәселесі де үнемі назарда. Тек тексеруші органдардың ғана емес, қоғамның да талқысынан тыс қалмайды. Жуықта ғана әлеуметтік желілерде қызылордалық екі мұғалімнің Түркиядағы демалыс кезінде түнгі клубтарда түскен суреттерін жариялағаны үшін жұмыстан қуылғаны қызу талқыға түсті.

Облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Мира Есенғазықызы әлеуметтік желілерге мониторинг тұрақты түрде жасалатынын жеткізді.

– Тарбағатай ауданындағы шенеуніктердің бірі Өскемендегі дәмханалардың бірінде туған күнін кеңінен тойлап, суреттерін әлеуметтік желідегі парақшаларына салған. Біз дереу хабарласып, фотоларды алып тастау жөнінде ескерттік. Бұл – мемлекеттік қызметшінің жеке өміріне араласу емес. Осы мамандықты, осы жолды таңдап алды екен, ол мемлекеттік қызметшінің имиджін түсіретін, атына кір келтіретін іс-әрекеттерден аулақ болуға тиіс, мемлекеттік қызметшінің әдеп нормаларын сақтауға міндетті, – деді Мира Есенғазықызы.

Осы айдарда

Back to top button