Қоғам

Шекер САҚЫБАЕВА, кітапханашы: – Ауыл кітапханаларының жағдайы алаңдатады

Бір салада тапжылмай 50 жыл қызмет еткен, сол саланың қыр-сырын жетік меңгерген маманды табу  қазір өте қиын. Ал  Шекер  Сақыбаева кітапхана саласында үзіліссіз 50 жыл еңбек етіп, оқырманға қызмет етіпті. Төменде өз ісінің үздік маманы, кітіпхана ісінің білгірі Шекер Нұрғалымқызымен сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.

Қыста малшыларға кітап таситынбыз  

 –  Шекер Нұрғалымқызы, биыл сіздің кітапхана саласында қызмет еткеніңізге 50 жылдың жүзі болыпты. Кітапхана сіздің өміріңізге айналыпты. Айтыңызшы, бұл мамандықты таңдауыңызға кім ықпал етті? Кітапханасыз өміріңізді көз алдыңызға елестете аласыз ба?

– Мен Күршім ауданындағы Топтерек деген ауылдың қызымын. Әке-шешем мұғалім болған адамдар. Әкем соғысқа қатысса, анам  тылда еңбек етті. Әкемнің кеңесімен  кітапханашы мамандығын таңдадым десем де болады. «Қыз балаға басқа мамандықтан гөрі кітапхана дұрыс қой. Алысқа да бармайсың, өзіміздің мына Семейдегі Абай атындағы кітапханашылар техникумына түссең болды», – деп отыратын. Сөйтіп, 1974 жылы Семейдегі кітапхана техникумына оқуға түстім. Оның алдында мектепті бітіргеннен кейін  ауылдағы мектептің кітапханасында бір-екі жыл еңбек еткенім бар. Менің еңбек кітапшамдағы  алғашқы жазу 1972 жылы жазылыпты.   Сонда осы кітапхана саласында еңбек еткеніме биыл тамыз айында тура елу жыл болады екен.  «Уақыттан асқан жүйрік жоқ»  деген осы. 50 жыл қалайша тез өтіп кетті деп өзім де таңғалып отырмын.

Мектепте кітапханашы болып істеген сол күндеріңіз әлі есіңізде болар?

– Әрине, бәрі есімде. Кішкентай мектеп, шағын ғана  бөлмедегі кітапхана, аз ғана кітап… Оқырман көп болғанымен, оқитын  кітап жоқтың қасы. Тіпті балаларға арналған кітап та тапшы. Кітапханамыздағы негізгі кітап аз-маз оқулықтар ғана. Өзімнің де мектепті енді ғана бітірген,  мамандықты әлі меңгере қоймаған кезім. Бұл жұмысқа орналасуыма  мектеп директоры Советбек Ботақанов деген ағамыз себепші болып еді.  «Мектептің кітапханасында бір, екі жыл жұмыс істе, оқуға сосын барасың» деп, кітапханашы мамандығын таңдауыма сол кісінің де ықпалы болды. Қазір көзі жоқ болғанымен, Советбек ағаны үнемі ризашылықпен еске алып отырамын.

Ал  1976 жылы техникумды кітапханашы-библиограф деген мамандық бойынша бітіргеннен соң, жеті жылдай Топтерек ауылының кітапханасында жас маман ретінде еңбек еттім. Ауылдық кітапхана мектеп кітапханасы емес. Онда көркем шығарма  да, салалық әдебиеттер де бар.  Ол кеңестік дәуірдің дүрілдеп тұрған кезі ғой. Жазда дала қостарына барып, егіншілер мен механизаторлардың арасында коммунистік партияның пленумдарын, тұжырымдамаларын, оның жоспарларын айтып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетінбіз.  Ал қыс болса, тонға оранып алып, шанамен малшыларға кітап тасимыз. Сайлау кезінде де тыным таппайтын едік. Сайлау комиссиясының мүшесі ретінде бүкіл ауылды аралап,  халыққа  сайлау туралы әңгіме айтасың, насихат жүргізесің, бәрін тіркейсің. Тіпті мал санағы да кітапханашыларсыз өтпейтін. Арасында өткізетін конференциямыз бар. Кітапханаға жаңа кітап келсе, қатты қуанатынбыз.

Халықтың кітапқа құштарлығы керемет еді

Ол кезде халықтың кітап оқуға деген құштарлығы ерекше болды ғой…

– Иә, ол кітап оқитын заман еді ғой. Әлі есімде, жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдарын» бүкіл ауыл оқыды. Оқу үшін кезекке тұратын.    Қолдан қолға өткен соң, әлгі кітаптан түк қалған жоқ.  Сондай-ақ классик жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдатын»,  Ғабиден Мұстафиннің «Миллионер»,  Өтебай Қанахиннің «Жүрек қалауы» деген кітабын халық таласа оқыды. Тіпті   сол кітаптарды талқылағанымыз да есімде. Өзіміздің қолымызға да жақсы бір кітап түссе, түнгі сағат екі-үшке дейін оқып, тауысқанша көз ілмейтінбіз. Бірде Николай Островскийдің «Құрыш қалай шынықты?» деген кітабын таңға дейін оқып, ертеңінде ұйықтамай жұмысқа барғанмын.  Оқыған кітаптың әсерімен өмір сүрген кездердің бәрі бұл күнде үлкен сағынышқа айналды ғой. Сондай заман болды десек, қазіргі жастар сенер ме екен…

Ал Өскеменге қай жылы келдіңіз?

– 1985 жылы келіп, Н.Анов атындағы жасөспірімдер кітапханасына жұмысқа орналастым. Ол Өскеменде  орыс тілінің үстемдік құрып тұрған кезі болатын. Кітапхана директоры да, кітапханашылар да орыс ұлтының өкілдері, жұмыстың барлығы орыс тілінде жүреді.  Екі жылдан кейін облыстық А.Пушкин кітапханасына ауыстым. Мені шақырған себебі, облыстағы он алты  қазақ ауданындағы кітапханаға  қазақ тілінде әдістемелік көмек көрсететін маман қажет болды.

Сол кезде бүкіл облыстың бетке ұстар кітапханасында қазақ тілінде кітап қоры болды ма?  

– Ол кезде Пушкин кітапханасындағы қазақ тіліндегі әдебиеттер жалпы қордың 5 пайызын ғана құрайтын.  Сол бес пайыз қордың өзі  құжаттарда «на языке коренной национальности» деп жазылған. Қазақ тілінде деген сөз мүлдем жоқ. Тек 1992 жылы кітапханаға басшы болып Хабиба  Ақжігітова  келгеннен соң ғана көзіміз ашылды.

Ол кісі кітапханаға директор болып келгеннен соң, қазақ тіліндегі әдебиеттерді жинақтау, қазақ тілді мамандарды жұмысқа тарту секілді мәселемен айналыса бастады. Біз де  ерекше құлшыныспен жұмысқа кірістік.

Хабиба Мырзаханқызы кітапханада басшылық еткен жылдары қорды мемлекеттік тілдегі кітаптармен толықтырды. Кеңестік дәуірде Пушкин кітапханасында қазақ тіліндегі кітаптар 5-ақ пайыз болған кезде Семейдегі Абай атындағы кітапханада, сонымен қатар облыстың  ауылдарындағы кітапханаларда қазақ тілінде мол  кітап қоры болды. Ал Шығыс Қазақстан облысы қазақ тіліндегі әдебиеттердің қорын жинақтамаған екен. Мұндағы сирек қордың өзі бұрынғы замандағы көне орысша кітаптармен жабдықталған. Ал енді Семейдің қорында отызыншы, қырқыншы жылдары латын қарпімен  шыққан Алаш азаматтарының кітаптарына дейін бар. Мысалы, Әлімхан Ермековтің математикасы, Алаш азаматтарының сала бойынша жазған оқулықтары, көркем шығармаларының барлығы латын қарпінде Семейдің Абай атындағы кітапхананың сирек кітаптар қорында әлі де сақтаулы тұр.

Пушкин кітапханасындағы қазақ тіліндегі кітап қоры сол тәуелсіздік жылдарында ғана пайда болды дейсіз ғой…

– Тәуелсіздік алғаннан соң, жергілікті оқу орындарында қазақ тілінде білім беретін факультеттер ашыла бастады. Тарих, қазақ тілі мен әдебиеті факультеті, басқа да мемлекеттік тілде білім беретін колледжер ашылды. Онда оқитын студенттердің барлығы  кітапханаға келіп, қазақ тіліндегі әдебиеттерді сұрайды. Әсіресе, С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенттері оқу залынан гардеробқа дейін кітап алу үшін кезекке тұратын. Сол кезде  кітапханамызда Ахановтың «Тіл білімінің негіздері» деген оқулығы біреу-ақ. Студенттерге жетпейді. Осыдан кейін біз баспалармен байланыс жасап, сол кітаптарды шығаруға тапсырыс бердік. Хабиба Мырзаханқызының басшылығымен қандай кітапқа сұраныс  көп, соның барлығының тізімін жасадық. Осылай баспалармен бірлесе жұмыс істей бастадық. Нәтижесі жақсы болды. Баспадан он-жиырма данадан сатып алып, тіпті аудандардағы кітапханаларды да қазақ тіліндегі кітаптармен қамтамасыз еттік. Сонымен қатар қазақ тілінде шығатын мерзімді басылымдарды түгел жаздырып ала бастадық. Сол кездегі бір қуанарлық жағдай, қазақ тілінде энциклопедиялар, сөздіктер, анықтамалықтар шыға бастады. Соның барлығын  алып, қорды толықтырып отырдық. Осындай жұмыстың нәтижесінде кітапханада өте кемелді қор пайда болды. Қазіргі кезде  Пушкин кітапханасындағы жалпы қордың елу пайызынан астамын қазақ тіліндегі кітаптар құрайды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кітапхана саласында өте үлкен жұмыс істепсіздер…

– Мен Пушкин кітапханасына сол кезде Хабиба Мырзаханқызындай басшының келгеніне, ұлт мүддесі жолындағы үлкен істерге мұрындық болғанына қатты қуанамын. Хабиба Мырзаханқызы – Пушкин кітапханасында ғана емес, жалпы еліміздің кітапхана ісінде революция жасаған адам. Ол кісі кітапхана саласына бірінші болып жаңа технологияны, интернетті әкелді. Бірінші болып электронды кітапхананы жасады. Өзің білесің, бұрын карточкалық  жүйе болды ғой. Қолмен  жұмыс істейтін едік.  Республикадағы кітапханалардың ішінде бірінші болып біздің кітапханаға компьютерлер келе бастады. Бірінші болып біздің кітапхана Жазғы интернет мектебін өткізді. Осы жұмыстардың барлығының басында Хабиба Мырзаханқызы тұрды.

Қазақ тілді маман болғаннан кейін маған қазақ тіліндегі әдебиеттер бөлімін ашу туралы тапсырма берілді. Сол тоқсаныншы жылдардың басында ашылған қазақ тіліндегі әдебиеттер бөлімінің  оқырманға көп көмегі тиді. Серік Ғабдуллин, Мүсілім Құмарбеков, Ғалым Байбатыров секілді жерлес ақын-жазушылардың шығармашылық кештері өте бастады. Бес арысымыз қайта оралды. Олардың кітаптарының жарық көре бастауы  кітапхана үшін ерекше жаңалық болды. Сол кезде бүкіл қаланың зиялы қауымы  қазақ тіліндегі әдебиеттер бөлімінде топтасатын, бас қосатын.  Сол жылдары қазақ тілінде қандай сұраныс болса, біз аяғымыздан тік тұрып қызмет еттік.

Тоқсаныншы жылдары Қыздар педагогикалық институтына сырттай түсіп,  кітапханашы-библиограф мамандығын алып шықтым.  Хабиба Мырзаханқызының басшылығымен қолға алынған отыз шақты  жобаны іске асыруға қатыстым.

Ол кезде интернет жоқ. Қолымызда қаламсап, картотека, катологтармен жұмыс істейміз. Кейде күніне 500 – 600 адамға қызмет көрсетіп, қатты қалжырайтын едік. Оның үстіне қазақ тіліндегі материалдардың тапшы кезі. Қатты қиналған кезімізде  «мына оқырманнан шаршадық» дейтін едік.  Сол кезде Хабиба Мырзаханқызы бір жиналыста: «Он жылдан кейін көресіңдер,  кітапхана залдары бос қалады, жаңа технология келеді, интернет келеді, бәрі автоматтандырылады»  деп айтатын. Сонда «оқырман қайда кетеді» деп ойлайтын едік. Хабиба Мырзаханқызының айтқаны бүгін айдай келді. Ал  ол кезде бізге бәрі ертегі секілді көрінетін.

Ауыл кітапханалары заманауи болса деймін

Бүгінгі күні сізді не мәселе алаңдатады?

–Ауылдағы кітапханалардың жағдайына қатты алаңдаймын. Өйткені өзім де ауылда қызмет еттім ғой. Ауыл тұрғындарының ақпаратқа деген мүмкіндігі шектеулі. Көп ауылдарда кітапхана атымен жоқ. Мысалы, бір кездегі өзім істеген ауылдағы кітапхананың қазір орнын да таппайсың. Ауыл кітапханалары заманауи болса деймін. Мысалы, Хабиба Мырзаханқызы соңғы екі жылда Оралхан Бөкей кітапханасын қалай түрлендіріп жіберді. Жаңа жиһаз, жаңа технология келді кітапханаға. Мазмұны да, түрі де, дизайны да өзгерді. Ауыл кітапханалары осындай заманауи үлгіде болса деп армандаймын.

Ол үшін не істеу керек

– Жергілікті биліктің кітапханаға деген көзқарасы ғана емес, кітапхана мамандары  да өзгеру керек.  Кітапхананың имиджін, беделін, мәртебесін өсіру үшін кітапханашылардың өздері ізденімпаз болуы тиіс. Жаңа технологиямен жұмыс істей білуі, қаржылық жағынан сауатты болғанын қалаймын. Өзінің өңіріндегі бизнесмендермен, демеушілермен  жұмыс істеп, жоба жасай білгені абзал. «Бізге ешкім ештеңе бермеді» деп отыра берсек, мәселе шешілмейді.

Еңбегіңіз ақталды деп ойлайсыз ба?

– Мен секілді кітапхана саласында 50 жыл қызмет істеген адам облыста, тіпті республика көлемінде өте сирек шығар деп ойлаймын. Оқырманым еңбегімді бағалайды, іздейді. Тіпті олардың арасында үлкен ғалымдар да бар. Алғысын айтып жатады. Ал атақ жағына келгенде, көңілге кішкене кірбің ұялайтыны рас. Кітапхана саласына өзіңнен жиырма, отыз жылдан кейін келгендер «Мәдениет саласының үздігі» атанып жатқанын көргенде, әділеттілік бар екеніне күмәндана бастайсың.

Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан  Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button