МәдениетРуханият

ШЕКЕЛМЕСТІ МЕКЕН ЕТКЕН ЖАҚАБАЙ МЕРГЕН

1920-30 жылдары Қазақстанда болған қазақ байларын кәмпескелеудің, мал баққан халықты жаппай ұжымдастырудың, онда белең алған асыра сілтеушіліктердің, 1928-29 жылдардағы ет дайындау науқандарының, алым-салықты мөлшерден тыс көбейтудің, одан кейінгі бай-кулактарды тап ретінде жою шараларының зардаптары Қытай елімен шекаралас Күршім, Зайсан, Тарбағатай, Мақаншы және басқа да   өңірлерде тұратын халықтың Қытайға ауа көшуіне басты  себеп  болғаны   белгілі.

1922 жылы бұрынғы Семей губерниясының Күршім-Алтай болысының  6-шы ауылында көшпелі шаруа отбасында дүниеге келген Мұхаммед Шаяхметов басынан өткерген осы нәубетті өмірінің соңғы жылдарында деректі туынды етіп жазып, қалдырып кетті.  Әкесі Шаяхмет  30-шы жылдары тап жауы, кулак деп Риддерге айдалып, сол жақта қайтыс болған соң, қияметтің сан түрін көре жүріп, есейіп, ес жиып, соғысқа қатысып, одан аман оралған Мұхаммед аға ұзақ жыл өңірде ұстаздық  еткенін білеміз.

«Мектептен қуылып, алыстағы қыстаудағы үйге алғаш кіріп келгенімде, жайшылықта көп нәрселерді байқап, көңіл аудармайтын бала менің көзіме үйдің іші алағұзып тұрды. Үйдің едені сырмақсыз жалаңаш. Төрдегі жүкаяқ үстінде жиюлы тұратын жүктің орны үңірейіп қалған. Төр үйге кіреберістегі сол жақ қабырға, бұрышты көркейтіп тұратын әке-шешем жататын төсектің ағашы ғана қаңқияды. Үй сыртындағы мал қоралары аңырап бос қалған… Осы бірінші тәркіден екі жұмадай уақыт өткенде алыстағы қыстауда отырған жеке ауылға жергілікті белсенділердің екеуі келіп:

– Сендерде әлі төленбеген салық бар, –  деп алдыңғы кәмпескеден қалған үйдегі заттарды қағазға тізе бастады. Сондағы қолдарына ілінгені –бір-екі сырмақ, ыдыс-аяқтар. Үй мүлкін тәркілеу мұнымен де бітпеді. Араға бір апта жіберіп, басқаның мүлкін тонауға кәніккеннен болар, Божықов Болысқан басқарған екі белсенді тағы келді…» дейді өз естелігінде Күршім жерінде ұжымдастырудың,  аранын ашқан ашаршылықтың қалай басталғаны туралы Мұхаммедқалым Шаяхметов. Жергілікті совет органдары, ауылдың «белсенді» әпербақандары орнықтырған осындай әділетсіздіктерден, сойқандардан соң малын сақтауға бекінген байлармен бірге кедейлер де күдерін үзіп, атақонысты тастай қашып, Қытайға өте бастайды. Өңір тарихына байланысты жазылған тарихи мәліметтерде көрсетіліп жүргендей, арғы бетке барып орныққан елдің ішінен қарулы жігіттер топтасып, елде қалған ағайынды, руластарды көшіруге күш біріктіреді. Шекара асқан қазақтарға советтік билік «бандылар», контрреволюционерлер» деп ат қойып, айдар таққан Қытайдағы сол қазақ жасақтары көмектескен.

Біз әңгіме еткелі отырған Күршім өңірінің Балықшы ауылдық кеңесінен шыққан Жақабай мерген де – сол 1929-31 жылдары «банды» атанғанның  бірі.  Құралайды көзге атқан  Жақабай мерген туралы аңызға бергісіз әңгімелер ел ішінде әлі күнге дейін айтылып келеді.

Жақабай мергеннің туған жері, мекені болған өңірлер – Жолнұқсқау, Ақсуат ауылдарында болғанымызда ел аузынан мерген туралы тамсана айтылған көп әңгімені, естелікті естідік. Руы Ақнайман Жақабай мерген туралы бізге мергеннің бауыры Әміренің Қабыл дейтін баласының ұлдарының бірі, Жолнұсқауда тұратын Талғат Әміренов  айтып берді.

– Бала кезімде әкемнің әкелерінің, үлкен қариялардың әңгімелерінен естігенім: арғы бетке де, бұл жаққа да аты жайылып, Жақабай мерген атанған атамыз ашаршылық заманы тұсында 1929 жылдары   Қытайға өтіп кетіп, қайта келіп, қайта кетіп, екі ортада  мұндағы елге де, ондағы елге де құлан, арқар атып, құс атып, азығын тауып беріп, шиеттей бала-шағаның, ел-жұртының қамымен желе жортып, түн қатып, алмағайып шақта аттан түспепті. Қытайдан әлденеше рет келіп мұндағы үйсіз-күйсіз халге жеткен  аш-арықты көшіріп, Қытайға жеткізіпті. Бұл жергілікті үкіметке жақсын ба? Чекистер артына түседі. Бірақ мерген атамыз талай рет даладағы қуғында оларды шаң қаптырып кеткен. Қашып бара жатқанда «Атып өлтірсем, артымдағы жұртыма кесірім тиеді» дегені болар, жалт бұрылып, чекистердің тек беліндегі тапаншасының кабурасынан немесе басындағы кепкаларынан ғана атып, ұшырып түсіреді екен. Атқан оғының бірде-біреуі мүлт кетпей, атқан сайын о жақ, бұ жағынан жанап өтіп, қуғыншылардың  зәресін алып, жақындауға батылдары жетпей, жақындағанды қойып, артынан қууға қорқатын көрінеді. Талай қуғында көрсеткен Жақабай мергеннің «ескертуінен» соң бәрі оның атын естігеннен-ақ   үрейленеді.  Ол кезде Ертіс таяз, қаумалап соңына түскенде Самар жаққа малтап та өтіп кетеді екен. Қашып, тығылып жүргенде Жақабай мерген атамыз мынау Шекелместің бөктеріндегі Шарықсай деген жерді мекендеген. Шарықсайдың іші қамыс, жасап алған үңгір мекені кәдімгі дзод сияқты. Мерген атамыздың бекінген ол жері бертінге дейін сақталды, үңгірдің іші атты кісі кіріп-шығып кететіндей үлкен тіпті. Орнын қазір құлаған жар басып қалды, қазып, аршыса, астына төсеген қат-қабат қамыс төсеніштері көрінеді. Арғы жағындағы ауызы тура Зайсан көліне қарап тұр. Бергі құрлықтан беріспеген мергенді екі жақтан  қоршап алмақ болып көлден баржымен келген бір топ қызыл әскерді бесатармен атып, қолдарындағы тапанша біткеннің бәрін ұшырып жіберіп, әлгілерді талай рет кері қайтарып, сытылып қашқан. Кейін Жақабай мергеннің ондай қоршаулардан  аман құтылғанын естіген елдің жаны жайланып, күбірлесіп, қуанысып қалатын көрінеді. Менің әкемнің әкесі Әміре –Жақабайдың інісі. Әміре де тура ағасындай ауқатты әрі қол мерген болған. Інісі Әміре, яғни менің әкемнің әкесі байдың жылқысын бағып жүріп, үш жылқысын бағып-қағып үш жүз жылқыға жеткізген бақуатты адам болыпты.  Ақшидің сыртында Әміре тоспасы деген жер бар, ел әлі күнге дейін солай деп атайды. Әміре атамыздың үйір-үйір жылқысы осы суаттан су ішуге келетін көрінеді. Әміре атамыз да Жақабай мерген атамыздай асқан зерек, аң, құс аулап, емшілік қасиетімен де елге танылған. Ертеде ауылдағы Тоқтағұл деген қарияға күбірткі шыққан екен. Ол кісіні Әміреге алып келгенде бізді отқа сап қойып отпен күйдіріп бір-ақ күнде емдеп жазғанын айтқаны есімде үлкендердің, – дейді Талғат.

«…Зайсанның айдын шалқар көлінің ар жағына көз жеткісіз. Бірін-бірі қуалаған ақжалды толқын жарқабаққа серпіле соғылады. Суда жүзген үйректің пыр етіп ұшқанына Жәмел мен Хасен елең етіп, әр тұсқа көз қадап, тінте қарайды. Бір сәт Жәмел кілт тоқтай қалды. Алдыңғы жақта будақтаған түтін көрінеді. Исабеков жолдастарына түтін шыққан жерге қарай үнсіз жылжуды бұйырды. Біраз жүрген соң олар күбір-күбір сөйлескен дауысты естіді. Көп ұзамай от жағып отырған екі жігіт байқалды. Олардың іздеп жүргендері дәл осылар болса керек». Күршімдік жазушы Жүніс Ыбыраевтың «От жүректі чекистер» кітабында ОГПУ өкілі Жәмел Исабековтің өзгелерді қасына алып, Жақабай мергеннің екі ұлы  Қаюбай мен Мұқашбайды көл жағасындағы қамыста жасырынып отырған жерінен қалай қоршап алғаны осылай суреттеледі. Осы қоршауда Жақабай мергеннің кіші ұлына оқ тиіп өледі, екінші ұлы қашып бара жатып Исабековті атып үлгереді. «Шекарадан ерте өтіп кеткен Жақабай дейтін бай бірнеше рет балаларын осы ауданға жіберіп, «олжа» тауып жүреді. Оның көздегені «олжа» да емес. Қайткенде колхоз құрылысына қастандық жасау» деп председательдің жүзіне үңіле түскен Жәмел»  сол жолы қоршауға алынған Жақабай мергеннің екі ұлының бірінің атқан оғынан жол үстінде қайтыс болады. Елдің  айтуынша, Жақабай мергеннің екі ұлы сол жолы Ертістің арғы жағындағы Көкжыра жақтағы қарындастарын Қытайға көшіріп әкетуге келген.

Жақабай мергеннің өзі туралы дерек бұл кітапта жоқ болғанымен, біреулер мергеннің Қытайда өлгенін, біреулер  соғыстан соң Өскеменде абақтыда дизентериядан өлгенін айтады. Жақабай мерген  жайлы Мұхаммед Шаяхметовтің естелік туындысындағы мына бір әңгіме де Жақабай мерген туралы аңыз бен ақиқаттың көптігін ғана емес, мергеннің атының да әртүрлі айтылып жүргенін  көрсетеді:

«Сол 1931 жылы Қытайға өтіп, енді жазда одақта қалған туыстарын әкетуге қайта келген Балықшы ауылдық кеңесінің Жақитжан (Жақабай) есімді мергені келеді. «Жақитжан бастаған топ Қытайдан келіп жергілікті тұрғындарды  шетелге көшіріп әкеткелі жатыр» деген хабар жетісімен аудандық ГПУ өкілінің қызметкері Жәмел Исабековке шекарадағы ауылдардың белсенділерін ұйымдастырып, бандыны ұстап немесе құртып келуді тапсырады. Оқиғаға куә болғандардың айтуынша: «Жақитжан – мерген, онымен тілдесуге жақындау не алыстан атысу қауіпті. Оны ұстаудың тиімді амалы – ол жасырынып жатқан көл жағалауындағы қалың қамысты жан-жақтан қоршауда ұстап, не өз еркімен берілуге, не көл бойымен қашып кетуіне мәжбүр ету», – деп кеңес береді. Бұл ақылға құлақ қоймаған Жәмел қамысқа жақындап, анаған қамыстан шығып, берілуді бұйырады. Жақитжан қамыстан шығып, Исабековке аманында кері қайтуды ұсынады». Ақырында, қарсыластары  Жақитжанды нысанаға алғанда, оны байқап отырған мерген шүріппені бірінші басып қалып, Жәмел Исабековті ішінен жаралайды, іле өзі де оққа ұшады. «Кейіннен чекист жерленген сол кездегі аудан орталығы Құйған ауылында оған ескерткіш қойылып, одан соң сүйегі Күршімге әкелініп, қайта жерленді. Есімі кеңес үкіметі үшін жанын қиған «герой» ретінде мәпеленді. Кеңес мемлекетінің рәсімдерінің ескерткіштері алынып тасталғанда, халыққа жек көрінішті ГПУ жендетінің  ескерткішін ауыл әлі мәпелеуде» деп жазады автор.

Талғат Әміренов Жақабайдың інісі Әміреден туған өз әкесі Қабылдың да соғыстан кейін төрт жыл әскерде болғандығын, оғын дәлдемей-ақ дөп тигізген мерген болғандығын айтты. Бірде 60-шы жылдары балықшылар ауылының маңына бір топ орыс келіп құс ата бастайды. Сол кезде ауылдағылардың бірі әлгілердің «атысын» көріп, қарны ашып, Қабыл мергенді шақыртыпты. Оның мергендігіне сенбеген әлгілер бәске бір жәшік арақтарының бәрін тігіпті. Сөйтіп, жарыс басталып, орыстар бөтелкені атып, күлдір еткізіп, масаттанып жатса, Қабыл мерген тұрып бөтелкенің үстіне бес тиынды қойып, мылтықты иығына салып, кері бұрылып айнаға түскен  бес тиынның суретін (теріс қарап тұрып) дәлдеп атып, тиынды қайта-қайта ұшырып түсіріп, орыстарды қайран қалдырады. Бұқтырма ГЭС-і  салынған кезде  су астында қалған Шиліқарын ауылының шетіндегі қамыс-қоғада жүріп атқан үйректері ауылдың ішіне келіп топылдап түсіп жатқанын көрген ел «Ау, мынау – Қабылдың атқандары ғой, сабазым-ай» десетін» дейді ел.

Жақабай мерген жайлы айтылып жүрген көп аңыздың, ақиқаттың бірі осы. Қару асынған кәдімгі аңшыны да, аштан өле жаздап ауа көшкенді де, қиянатқа төзбей қарсы келгенді де осылай «банды», «тап жауы» «баукеспе» деп атып, қуған, күн көрсетпеген заманда олардың ішінен қолға түскен «бандыларды» адам өлтірдіңдер деген желеумен ГПУ жендеттері тау үстіне тұрғызып, атуға оқ аз деп, өзгелерге   аяусыз малша бауыздатқаны туралы ел ішінен естіген тағы бір әңгіме тіптен төбе құйқаны шымырлатты.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button