Қоғам

Шекарашыны сөйлету қиын

Шекарашыны сөйлету қиын


Әңгіменің әлқиссасы кезқұйрықтан басталған. Құс екеш құстың өзі Қытай шекарасына бейсауат өтуге сақсынатын көрінеді.

Көк ту және қызыл мұнара

Күн бұрынғы келісім бойынша Майқапшағайдағы кеден бекетіне бізді шекарашылар өз көлігімен әкетуі керек. Уәделі уақытта жолға шықтық. Жолбасшымыз – Зайсандағы №2017 әскери бөлімінің тәрбие-әлеуметтік-құқықтық және идеологиялық жұмыстар бөлімі бастығының орынбасары, подполковник Алмас Әбдешов.

Зайсан қаласы мен екі орта 65 шақырым. Сауырдың етегіндегі медиен жазық тез жалықтырды білем. Оның үстіне алты адам нығалған «УАЗ» қанша ышқынса да, жүрісі мандитын емес. Әңгіменің тиегі ағытыла бастады. Алмас Әбдешов өзінің Қостанай жақтың тумасы екенін, бұған дейін Өзбекстанмен шекарада қызмет еткенін, еңбек демалысын Алакөлде өткізіп жүргенін, көл жағасы жыл сайын абаттанып жатқанын айтып келеді. Ол ашылып сөйлеген сайын біздің көңіл көтеріле түседі. Жолбасшымыз шешіле түссе, мақалаға қажет деректер молырақ айтылар деген ой баяғы. Ақырын-ақырын шекара мәселесіне ойыстық.

-Былтыр осы Майқапшағайға бір топ сенатормен бірге келгенбіз. Төбемізде бір кезқұйрық айналып жүріп алды. Сонда депутаттар құс екеш құстың да арғы жаққа өткісі келмей жүргенін айтысып, таңғалған, – дейді фотограф Ғылымбек Сәбитов ағамыз.

-Ондай әңгімені екі арада жиі қатынайтын жолаушылардан да естиміз. Ішкерілеген сайын Қытай аумағында жабайы тіршілік жұтай түседі деп жатады. Онысын қайдам, бізге сол жабайы жануарлар тыным бермейді әйтеуір, шекараны қайта-қайта «бұзып», – деді подполковник.

Бара-бара әңгіме алыпқашпа аңыздарға ұласты. Цензура қатты болған жерде ақиқаттың орнын аңыз басатын әдеті ғой. Совет кезеңі соған дәлел.
Осы Зайсан өңірінде бертінге дейін Қарашеке деген барымташы өмір сүріпті. Шамамен 1968 жылы туған деседі. Ұрланған малды екі ортадағы бейтарап аймақтың бойымен қуып отырып, Алматы облысынан бірақ шығарады екен. Мың шақырымнан астам жолда бір үйір жылқы айдап жүргенін екі жақтың шекарашылары жылдар бойы қалай байқамаған десеңші! Салт басты, сабау қамшылы өмір сүрген сол Қарашеке анда-санда туыстарына келіп, амандығын білдіріп тұрады екен. Кейін із-түзсіз жоғалады. Ұзынқұлақ ол ақырғы келгенінде қызу отырып, бар құпиясын жайып салған деседі. Аяқ астынан жоғалып кетуіне де сол соңғы әңгіме себепкер болған-міс. Жолбасшымыз бұл әңгімеге бәлендей назар аудармады. Біздің сонда да тоқтайтын түріміз жоқ.

Сексенінші жылдардың аяғында Қытайдың бір адамы біз жаққа ың-шыңсыз өтіп кетіпті. Зайсанды емін-еркін аралап жүрген жерінен сақшылар ұстап алса керек. Не мақсатпен жасырын өткенін сұраса, «Бұл жақта бірінші мамыр мерекесі ерекше тойланады деп еститінмін. Соны көргім келген» депті. «Рудный Алтай» газетінің тілшісі Ерік Абитовтың әңгімесі бұл. Подполковник мырс етіп күлді де қойды.

Осылай сөз суыртпақтай отырып, Майқапшағайға жеттік. Мөде қағанның рухынан ұяла-ұяла, «Шығыстың алтын қақпасы» деп атап жүрген Майқапшағайымыз қалашық деуге де келмейтін шағын бекет қана. Көңіл шіркін оның ар жағы бөтен елдің еншісі дегенге сенгісі келмейді. Сондай көңілдерді суыту үшін Қытай тарапы өз бекеттерінің алдына шатыры күлтеленген дәстүрлі мұнараларын тұрғызып қойыпты. «Бұдан арғы жердің қожасы мен» дегендей қасқайып тұр онысы. Ал біз жақта Қазақстанның белгісін беріп көк жалау ғана желбірейді.

Адам аяғы сиреген

Кеден қызметі мен шекарашылар осы маңнан жортқан аңның сыбдыры мен ұшқан құстың сусылын да қалт жібермей, бірге күзетеді.

Оған екі қызметтің берген деректері бір-бірінен аумайтынын көріп көз жеткіздік. Бір апта бұрын он шақты жүк көлігіне тиелген 1,5 тонна радиациялық өнімді Қытайға кері қайтарыпты біздікілер. Руданы ыдыратуға арналған өндірістік материал Майқапшағай арқылы Еуразия экономикалық одағына өтуі тиіс болған. Кеден бекетінің басшысы Ержан Омарбаев аталмыш абыройлы істе шекарашылардың да үлесі бар екенін ескертті бізге.

Айналдырған бір жылдың ішінде Майқапашағай кеден бекеті арқылы өтетін адамдардың саны 65 пайызға кеміп кетіпті. 2017 жылы 53411 адам өтсе, 2018 жылы бұл сан 18568 адамға қысқарған. Ал техника ағыны 12 пайызға азайған. Мұның басты себебін бүгінде алты құрлық түгел естіп-біліп отыр.
Тағы бір себеп – заңнамадағы өзгерістер. Бұған дейін Майқапшағай арқылы әр жолаушы өзімен бірге 50 келі жүкті, 1000 доллар көлеміндегі ақшаны ешқандай рәсімдеусіз өткізе алатын. Қазақстан тарапы жүк көлемін 25 келіге, ақша көлемін 500 долларға дейін түсіріпті. Заң мен заманның кең тұсында Күршім, Тарбағатай, Зайсан аудандарының халқы күнбе-күн Қытайға қатынап, ол жаққа кәмпит-тәтті өткізіп, біз жаққа киім-кешек әкеліп тұрған екен. Мұндай мүмкіндік шекара бойындағы үш ауданға ғана берілгенін айтқан жөн. Соның арқасында талай адам саудаға бет бұрып, жағдайын жақсартқан да. Қазір бұл іс те баянсыз бола бастапты. Бір кездері апта сайын бірнеше бригада апарып, сол арқылы-ақ табыс тапқан Кенжебек Масалимов қазір Қараталдан ұзап шықпайтын болған.

-Бір жолда төрт автобус кіргізген кездер болды. Қазір ондай сұраныс жоқ. Екі жақтан да бақылау күшейген. Әйтпесе тәп-тәуір табыс көзі болатын, – дейді ол.

Біздің мемлекет қарапайым халықтың аз-маз табысынан бұрын, қауіпсіздікті күшейтіп отырса керек. Сонда қалған 35 пайыз адам кімдер деген сұрақ туындауы заңды. Олардың көбі – ірі көлемде сауда жасап, тасымал жүргізетін кәнігі делдалдар. Арасында тәуекел деп тас жұтып, екі жақтағы ағайынның амандығына жаршы болып жүрген Қабыл Бақытбек сияқты қандастар да бар.

-Бір жағынан мәліш сауда жасап, бір жағынан ар жақтағы ағайынның амандығын сұрап, айына 2-3 рет қатынап жүрмін. Заңға томпақ әрекетім болмаған соң, екі жақтың қызметтері де түсіністікпен қарайды. Құдай соны көп көрмесе екен, – дейді қандасымыз.

Шекарашыны сөйлету қиын

Көршінің көздегені не?

Кеден бекетінен шығып, Майқапшағай заставасына бардық. Застава командирі Құдайберген Аталов қысқаша баянат берді. Бізге емес, әрине. Негізгі әңгіме осы жерде өрбіді. Журналистік әдетімізге салып, мақалаға керек болады-ау деген мәліметтерді бастырмалата сұрап жатырмыз.

Бұл заставада неше жауынгер бар? Жалпы сіздердің күзеттеріңізге қанша гектар аумақ қарайды? Тосын жағдай тіркелсе, әуеден қолдау қанша уақытта жетіп үлгереді? Бұл жерде күн тәртібі қалай? Әскери техникадан не бар? Ешбіріне мардымды жауап айтылмады. Қызды-қыздымен стратегиялық нысанда тұрғанымызды ұмытсақ керек. Сәтті кадр үшін фотографты ертіп шаңғы таққан екі сарбаз кетті. Расымен де олар шекарамыздың бір шетін шаңғымен күзетіп жүр. Мұнда атқора да бар екен.

Шекарашылар үшін тәулік кешкі сағат 20:00-ден басталып, 20.00-де аяқталады екен. Оны әскерде болған екі әріптесім бұрыннан білетін болып шықты. Асхана мен казарманы аралап, сарбаздармен тілдестік. Көбі оңтүстіктің жігіттері көрінеді. Шығыстың суығына шыңдалып жатырмыз деп әзілдеген болды.
Алмас Әбдешовтің «жануарлар маза бермейді» деген сөзін осы жерде түсіндік. Қытаймен шекараның өн бойында биіктігі екі метр тікенекті тор екі қатар тартылған. Мыңдаған шақырымға созылып жатқан қос қатардың ортасындағы сегіз метр аралық жазда трактормен жыртылып отырады. Ал қыста із қарға түседі. Адам түгіл тышқан өтсе де сол тікенекті торға жанаспай сытыла алмайды. Оған жанасқанша, заставаға дабыл түсті дей беріңіз. Шолушыларға сигнал түскен жерге жедел жетіп, шекараны бұзған дененің аң немесе адам екенін анықтағанша тыным жоқ.

-Осында келгелі шекараны адам бұзғанын көрген жоқпыз. Ал жануарлар жиі «бұзады». Ең тыныш деген күндері 4-5 рет, әйтпесе 15-20 рет дабыл түседі. Осы өңірдегі барлық аң-құстың ізін жатқа біліп алдық, – дейді застава командирі.

«Көршілеріңізбен араласып тұрасыздар ма?» дедік әзіл-шыны аралас. Шекараның тыныш болуына олар да аса мүдделі көрінеді. Тіпті соңғы бір жылда бірнеше рет бас қосып, шекараны селбесе күзету бойынша ауызша келісімдер жасалыпты.

-Олар біздің заставаға келіп, бірлескен басқосулар өтті. Әрине, оның бәрі жоғары жақтың рұқсатымен іске асады. «Шекара ортақ болғандықтан, бұзыла қалған жағдайда қанаттаса әрекет етсек» деген ниеттерін айтты. Оған біз де қарсы емеспіз, – дейді Алмас Әбдешов. Ойымызға Сайрагүл Сауытбайдың Қазақстанға қалай өткені оралды…

P.S. Биыл Зайсанда шекара қызметінің құрылғанына 90 жыл толып отыр. Совет кезінен қалған құжатқа сенсек, 1929 жылдың 23 ақпанында болған екен бұл оқиға. Сарбаздар сол күнге дайындалып жатқандарын айтты. «Мерейтой күнін басқа күнге ауыстыруға болмай ма?» деп сұрадық. 23 ақпан Совет армиясының күні екенін олар да жақсы біліп отыр. Бірақ әскери адамдар үшін құжатқа бағыну маңызды. Ақырында әркім өз пікірінде қалды. Шекарашыны сөйлету қиын.

Есімжан Нақтыбайұлы
Өскемен-Майқапшағай-Өскемен

Осы айдарда

Back to top button