Қоғам

Шекаралық аймақта тәртіп болуы тиіс

Шекаралық аймақта тәртіп болуы тиіс


Біздің аудан облыстың ғана емес, еліміздің ең шеткері және екі алпауыт мемлекетпен шектесіп жатқан аса маңызды шекаралық аймағында орналасқан. Солтүстікте Ресеймен шектессек, шығыста әлемдегі ең үлкен ел – Қытай Халық Республикасымен іргелеспіз.

Өз жерлестеріміз, сондай-ақ осы өңірге қыдырып немесе демалуға келетін көрші елдердің азаматтары бұл жақта қатаң сақталуға тиіс тәртіпті, шекаралық аймақ ерекшеліктерін жете ұғынбай, кейде қасақана бұзып, жауапқа тартылып жатады. Соңынан алуан түрлі реніш білдіріп, шекара қызметінің сарбаздарына кінә артып жататындары да жалған емес. Сол себепті біз Күршімдегі шекара отряды – №2535 әскери бөлімге барып, басшылығынан бірқатар мәселелердің басын ашып беруді өтінгенбіз.

– Біздің бақылауымыздағы шекараның ұзындығы 585 шақырымды құрайды, – дейді бөлім командирі, полковник Орал Батырғалиев. – Оның 311-і Ресеймен, 274-і Қытаймен арадағы меже. Осы межені күндіз-түні күзететін шекара комендатуралары мен заставалар бар. Бұл қиын қызмет сол бекеттердегі жауынгерлерге жүктелген. Сарбаздар міндетті абыроймен атқарып келе жатыр.

Шекаралық аймаққа әлдеқандай шаруамен немесе демалуға келген өз азаматтарымыз, сондай-ақ шетелдіктер осы өңірде сақталуы тиіс тәртіпті бұлжытпай қадағалауға міндетті.Шекаралық аймақта болу тәртібін еліміздің осы бағыттағы заңы белгілеп, барлық жол-жобаларын егжей-тегжей алға тартып отыр. Бізге тек сол талаптарды орындау міндеттеледі. Мемлекеттік шекара туралы заңда былай жазылған: «Адамдарды шекара арқылы өткізу олардың Қазақстанға кіруге немесе Қазақстаннан шығуға рұқсат беретін құжаттарына сай және осы адамдарға қатысты Қазақстан заңы бекіткен шектеулер болмаған жағдайда жүзеге асырылады. Ал шекара арқылы Қазақстанның заңына сәйкес шетелдіктер мен Қазақстанға кіруге рұқсат етілмеген немесе мұндай құқығы шектелген азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ оларға қатысты Қазақстанға кіруге тыйым салу туралы шешім қабылданған адамдар өткізілмейді. Өткізу пунктіне келген шекарадан өтуге негіз боларлық құжаттары жоқ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстанның халықаралық келісімдеріне сәйкес өздері келген немесе өздері азаматы болып саналатын елдерге қайтарылады».

Мемлекеттік шекараның өнбойында шекара белдеуі, карантиндік белдеу және шекаралық аймақ атты межелер орнатылып, бұл межелер шекарашы жауынгерлердің жіті бақылауында болады.

Мәселен, заң бойынша төмендегі межелер бекітілген.Мемлекеттік шекарамен шектесетін шекара белдеуі – Қытаймен аралықта жалпақтығы екі мың метрлік, Ресеймен аралықта жалпақтығы жүз метрлік меже. Осы шекара белдеулері ішінде жалпақтығы елу метрлік (отыз метрден кем емес) карантиндік белдеулер болады.Қытаймен арадағы шекара белдеуіне тікелей келіп тірелетін Қазақстанның әкімшілік-аумақтық бірліктерінің (аудандардың) территориясы тұтасымен, ал Ресеймен аралықта сол территорияның жиырма бес шақырымдық шегінде шекаралық аймақтар болып белгіленген.

Қазақстанның шекарасында және шекаралық белдеуде шаруашылық, өндірістік немесе басқа қызметтер жүргізу, қоғамдық-саяси, мәдени немесе басқа шаралар өткізу үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Үкімет бекіткен тәртіпке сай шекаралық белдеуге кіруге немесе сол аймақта болуға рұқсаттама құжат береді.

Шекаралық аймақта тәртіп болуы тиіс

Шекара қызметі шекара мүдделерін есепке ала отырып, заңға сәйкес осы рұқсаттама құжаттардың күшін шектеп немесе уақытша тоқтатып қоюы да мүмкін.
– Шекара күзеті қарулы әскерге тапсырылып, арнайы қызметтерге жүктелген, – дейді Орал Батырғалиұлы. – Дегенмен, оны бүкіл халық болып күзеткенде ғананәтижеге қол жеткіземіз. «Көптің көзі – көреген» дегендей, шекаралық аймақтағы ауылдар тұрғындары әркез қырағылық танытып отырса, еш бөгде жанның жерімізге арам пиғылмен аяқ баса алмайтыны анық. Біз осындай ынта білдірген азаматтармен тығыз байланыста жұмыс істеуге мүдделіміз. Оларға арнайы құжат беріліп, өзі тұратын ауылда, ауданда ерікті шекара күзетіне жәрдемдесу тобын құруға рұқсат етіледі. Мұндай адамдар бөтен немесе күдікті жандарды байқаған бойда дереу сол маңдағы шекара комендатурасына, заставаға немесе қауіпсіздікоргандарына хабарласуға тиіс.

Біздің көркем өңірімізге жаз айларында демалуға, аң мен балық аулауға келетін адамдардың өте көп болатыны белгілі. Бұрындар оларды тегіс бақылауда ұстап, құжаттарын тексеріп отыратынбыз. Қазіргі кезде біздің министрліктің тікелей рұқсатымен келетін болғандықтан, ондай жандарға тексеру жасауды тоқтаттық. Десек те, шекаралық аймаққа келіп-кетіп жататын адамдардың ешқайсысы назардан тыс қалмайтынын, Шекара қызметінің өз міндетін жауапкершілікпен әрі мұқият орындайтынын айтқым келеді.

Шекаралық аймаққа қонақ болып немесе әлдеқандай шаруамен келетін азаматтардың қай-қайсысы болмасын, осы мақалада жазылған жайларды әркез назарда ұстаса деген тілегіміз бар. Шекарашы жауынгерлерге кінә артып немесе орынсыз реніш білдірудің жөні жоқ. Өйткені, олар өздеріне жүктелген борышты қапысыз орындауға міндетті әрі мүдделі. Жауапты өңірге бет алғанда тиісті құжаттарды тегіс рәсімдеп, әр қадамымызды заң талабына сай басар болсақ, бізді ешкім жолдан қалдырайды. Азаматтарымыз сауатты да тәртіпті, шекарамыз берік әрі тыныш болсын!

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы

Осы айдарда

Back to top button