Шекарадағы ауылдардың ахуалы қандай?

Шекараның шебінде жатқан Марқакөл өңіріне іссапарға шыққанда, марқайып қайтамын деп ойлаған едім. Бірақ бәрі де мен ойлағандай емес екен. Жер жаннаты, ел мақтаны атанған Марқакөл өңірінің тұрғындарының көңілінде қаяу барын байқадым. Шынында да, бұл өңірде шешімін таппаған мәселелер көп екен. Мұның бәрін бізге өзге емес, Марқакөл ауылының тұрғындарының өзі айтты.
Облыстық «Дидар» газетінен журналистер келіпті дегенді естіген халық ауылдық округ әкімшілігінің ғимаратына жиналыпты. Негізгі мақсатымыз баспасөзге жазылу науқанын кезінде осы өңірдегі оқырмандарымызбен жүздесу еді. Бұл өңірде газет оқырмандары баршылық екен. Олардың барлығы газет жайлы ойларын қымсынбай ортаға салды, болашақта газет бетінен қандай дүниелер оқығылары келетіндерін ашып айтты. Десе де тұрғындар әңгіме ауанын өздерін толғандырған мәселелерге қарай бұрды.
Алғашқы сөзді Марқакөлдің байырғы тұрғыны, ардагер журналист Абзалбек Мұхаметжанов алды.
– Марқакөл ауданы жабылып қалған соң жыл сайын мұндағы халық саны азайып барады. Бүгінде анау Балықтыбұлақ, Шанағаты, Алтай, Тентек, Мойылды ауылдары жойылып, фермаға айналып бара жатыр. Бұрын 40-50 түтіні бар ауылдардың кейбірінде қазір төрт-бес-ақ үй қалды. Анау Бәйтеректе бір-ақ үй бар. Қазір осы Марқакөл ауылындағы Мәдениет үйінен бастап поштаға дейін жаяу жүріп өтіңізші. Көшедегі үйлердің көбінде «Үй сатылады» деген хабарландырулар ілініп тұр. «Төрт бөлмелі үй сатылады, барлық жағдайы бар» деген хабарландыруларды көзіңіз шалғанда, жаныңыз ауырады. Халық жыл сайын топ-тобымен қалаға ағылуда. Шынын айту керек, бұл жердің тұрғындары негізінен зейнеткерлікке шыққанын күтеді. Зейнеткерлік жасқа келгеннен кейін ақырын ғана сытылып, қалаға қарай көшін түзейді. Мына Алматы облысының Нарынқол ауданы қайтадан құрылды ғой. Марқакөлге де аудан мәртебесін қайтару керек. Көрші Ресейдің бізбен шекаралас аймағында халыққа ерекше статус беріліп, көп жеңілдіктер жасалып отырғанынан да хабардармыз. Мына Қытайдың өзі шекаралық аймақты дамытып, қала салып жатыр. Ал бізде керісінше ауылдардан көшіп жатыр. Көтеретін мәселе – осы, – деді А.Мұхамеджанов.
Ауызсудың сапасы алаңдатады
Тағы бір Марқакөл ауылының тұрғыны Адалбек Алпысбек ауызсу мәселесін қозғады. Айтуынша, ауылдағы колонкадағы су өзеннен тартылған екен. Бірақ сол өзеннің басын мал жайлап алған. Басында фильтр бар дегенімен, Адалбек оған сенбейтінін айтады. Жазда өзенге демалып, суға шомылуға баратын адамдар да жетерлік. Өзеннің басында жұрттың тастап кеткен қоқыстары тағы үйіліп жатыр. Өкінішке қарай, халық сол суды ішіп отыр дейді ол.
Мұнымен қатар Адалбек Алпысбек тағы бір мәселенің басын қылтитты. Ауызсу ғана емес, шабындық жерлерді суару да үлкен мәселе екен.
– Осыдан біраз жыл бұрын мал өсіремін деп жер алған едім. Бірақ сол жерім игерілмей бос жатыр. Кейде бізді жерге бірдеңе екпесеңдер қайтарып аламыз деп қорқытады. Ойбой-оу, оны қалай егеміз, басында су жоқ қой. Мен ғана емес, осындағы басқа тұрғындардың бәленбай гектар жері игерусіз жатыр. Ауданның деңгейінде бұл мәселе көп айтылып жүргенімен, шешімін табар емес. Шөп шапсақ, сонау 30-40 шақырым жерден тасып әкелеміз. Кішкене болса да егін егіп, жемшөп салсақ дейміз. Бірақ оған жағдай жоқ, – дейді ауыл тұрғыны Адалбек Алпысбек.
Тұрғындармен әңгіме барысында ауылда дәрігер мамандардың жетіспейтіні де сөз болды. Әсіресе әйелдер қауымы гинекологтың жоқтығына налиды. Перзентхана жабылғалы, аяғы ауыр әйелдер сонау Күршімге немесе Өскеменге барып босанады екен.
Сондай-ақ ауылдағы үлкен білім ордасының бірі №2 Теректі орта мектебінің ұжымы жеке ғимаратымыз болса деп армандайды. Сөйтсек, аталған білім беру мекемесі 1996 жылдан бері «Күршім» колледжінің ғимаратында қысылып отырған көрінеді. Кабинеттер жетіспейді. Спорт зал, асхана мен акт залы ортақ. Мұндағылар ғимарат керек деп қылқылдай бастаса, «онда сендерді №1 Марқакөл орта мектебіне қосамыз» деп, ауыздарын жабады екен. Биыл аталған мектепті 18 бала бітіріпті. Үш түлек мектепті алтын белгімен аяқтаған. №2 Теректі орта мектебі түлектерінің ҰБТ қорытындысы да жоғары. Орташа балл – 95,2.
Көлді көрмеген тұрғындар да бар
Жалпы, Марқакөл десе, көз алдымызға жұмақ мекеннің келетіні рас қой. Осы орайда көкейінде Өңірде туризмді дамытуға болады ғой. Көлді тамашалауға келетін туристер де көп. Неге бір тіршілік жасамайсыздар?» деген сұрақ тұрды. Сөйтсек, туризмді дамытпақ тұрмақ, ауыл тұрғындарының арасында іргеде тұрған көлді өмірі көрмегендері де бар екен. Өйткені көлге апаратын жолдың сапасы еш сын көтермейді, нашар. «Көлге бір барсаңыз, екінші рет барғыңыз келмей қалады» дейді ауыл тұрғындары. Иә, Марқакөл өңірінде туризмді дамытуға болады. Оның өзінде экотуризмді дамытуға ғана рұқсат. Оның өзі шектеулі. Алдын ала сызылған 6,12 шақырымдық бір-екі соқпағы ғана бар. Оның өзіне салт атпен ғана барасыз. Осыдан 4-5 жыл бұрын турбаза салынады деген сыбыс шыққанын, бірақ ол да аяқсыз қалғанын айтады тұрғындар. Жалпы, Марқакөл өңіріне келетін туристердің саны жылына 100-150 мыңдай ғана екен.
Бір қуанарлығы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен қолға алынған «Бизнес Бастау» бағдарламасы осы өңірге де жетіпті.
Тұрғындарға кәсіпкерліктің негіздерін үйретіп жүрген бизнес-тренер Ержан Кәріпжановтың пікірінше, бұл өңірде туризмнің дамымағаны инфраструктураның жоқтығында екен. Көлге қарай жол жоқ, интернет байланысы да тым нашар.
– «Бизнес Бастаудың» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін тұрғындарды мен отыз күн оқытамын. Оқығандары сертификат алады. Сертификат алғандарының ауыл шаруашылығын қаржылай қамту қорынан төмен пайызбен несие алуға мүмкіндіктері пайда болады. Бірақ несие алу үшін кепіл қою керек. Кепілге тұрғындар баспаналарын қойып жатыр. Қазіргі күні 66 адамның несие алып, кәсіп ашсам деген ойлары бар, – дейді Ержан Кәріпжанов.
Бірақ осы жерде ауыл тұрғындары тағы бір қиындықпен бетпе-бет келіп отырған көрінеді. Ауыл тұрғындарының кейбіреулерінің баспаналарының құжаттары дұрыс емес. Сол құжатты қайтадан реттеуге кейбір ауыл тұрғындары кәдімгідей қиналуда. Үйдің құжатын жасатуға да қол қысқа.
– Үйдің құжатын жасату кәдімгідей қалтаға салмақ салады екен. Жүз мың теңге дегеніңіз ауыл адамы үшін өте қымбат. Біз айына 20-30 мың теңгені қанағат тұтып отырған адамдармыз ғой, – дейді ауыл тұрғыны Қожа Қайрат.
Бизнес-тренер Ержан Кәріпжанов роуминг мәселесін де тілге тиек етті. Марқакөлге жетпей Былғары табыты ауылына жақындағанда ұялы телефонда «Қытайға қош келдіңіз» деген жазу шығады. Біз тіпті Қытай шекарасынан асқан да жоқпыз ғой. Жерімізде тұрып, мұнысы несі? Сосын роумингтің сырын білмейтін жұрт телефонындағы тиын-тебенінен демде-ақ қағылып шыға келеді. Меніңше, осының бәрін істеп отырған Қытай жағы емес, өзіміздің операторлар, – дейді Е.Кәріпжанов.

Базары тарқаған Былғарытабыты
Марқакөлден қайтып бара жатып Былғарытабыты ауылына соқтық. Ауылға жете бере тас жолға Қызылтас деп жазып қойғанымен, тұрғындарға ауылдың тарихи атауы ерекше ыстық секілді. Былғарытабыты туралы естігеніміз де бар. Ертеде ата-бабаларымыз қайтыс болған адамның мәйіті бұзылып кетпесін деп былғары табытқа салып, аманат еткен жеріне жеткізіп, жер қойнына тапсырса керек.
– Ауылда он бес үй бар. Бұрын үлкен ауыл болған. Тоғыз жылдық мектебі де бар еді. Қазір мектеп жоқ. Дегенмен, ауылдағы адамдардың өз тіршілігі бар. Бірі мал бақса, тағы бірі егін салумен айналысады. Азық-түлікті алу үшін көрші Марқакөл ауылына барады. Ауырып қалсақ, фельдшер бар. Өзімнің балаларым көрші Қаройдан оқиды. Ал ауылдың қалған балалары Марқакөлдегі мектеп-интернатта тұрып оқиды. Сенбі, жексенбі күндері балаларды үйге әкеліп отырамыз. Астымызда көлік бар. Ауылда Мәдениет үйі, кітапхана деген атымен жоқ. Десе де ауылдың азаматтары бірігіп, ауылдағы бос тұрған бір үйдің іші-сыртын жөндеп, тойхана етіп жасап алдық, – дейді Былғарытабыты ауылының тұрғыны Гауһар Қырықбаева.
Айтуынша, Гауһардың өзі кезінде Өскемендегі педагогикалық колледжді бітіріпті. Балабақшада жұмыс та істеген. Қазір үй шаруасындағы әйел. Жұмыссыз отырғанына 23 жылдың жүзі болыпты.
– Басқа ауылдардан жұмыс ұсынады, бірақ өзімнің барғым келмейді. Өзіміздің «Рүстем» атты жеке шаруа қожалығымыз бар, – дейді ол.
Аудан әкімінің орынбасары не дейді?
Аудан орталығы Күршімге жеткен соң, Марқакөл өңірінде тұрғындар көтерген мәселелерге қатысты сауалдарымызды аудан әкімінің орынбасары Мамырбек Қалеловқа қойған болатынбыз.
– Иә, екі аудан біріккен 1997 жылдары 37 мыңдай халық болған. Бүгінгі таңда ауданда 25 500-дей ғана халық бар. Негізінен қоныс аударып жатқан Марқакөл өңірінің тұрғындары. Өзге өңірлерге көшу үрдісі барлық ауылдарда байқалады. Елді мекендерге саралап қарап отырсақ, халық негізінен аудан орталығына, әсіресе Күршім және оның маңайына көптеп шоғырланған, – дейді Күршім ауданы әкімінің орынбасары Мамырбек Қалелов. Аудан әкімінің орынбасарының айтуынша, Марқакөл өңірінде 10-11 мыңдай ғана халық қалыпты. «Шекаралық өңірлерді дамыту туралы» облыс әкімінің арнайы бағдарламасы бар. Соңғы он жылда аудан бойынша 12 мектеп салынса, оның жартысынан көпшілігі Марқакөл өңірінде бой көтеріпті. Қарашілік, Жаңауыл, Ақжайлаудағы мектептердің барлығы жаңадан салынған. Дегенмен көл жағасындағы Ұранқай ауылындағы мектеп апаттық жағдайда тұр екен.
Мұны бізге Ұранқайдағы мектеп директоры Бауыржан Әміренов те айтқан болатын. Айтуынша, бұл мектептің іргесі сонау 1964 жылы қаланыпты. Ауылдағы әрбір үй мектеп құрылысына екі бөренеден әкеліп қосып, асарлатып салынған мектепте бүгінде 71 бала екі ауысыммен білім алады. Тарлау, әрине.
Бауыржан Дүйсенбекұлы спорт зал ретінде мектептің ұзын дәлізін пайдаланатындарын да айтқан болатын. Әкім орынбасарының аудан бойынша апаттық жағдайдағы бір мектеп бар деп отырғаны осы мектеп. Ұранқай ауылына жаңа мектеп салынады дегелі көп болды. Тіпті, шешім де шыққан. Бірақ жердің мәселесі әлі шешілмеген екен. Мектеп салынуы тиіс жер орман қорының құзырында болғандықтан, құрылыс қолға алынбай отырған көрінеді. Аудан әкімінің орынбасары Мамырбек Қалелов бұл мәселемен айналысып жатқандарын жеткізді.
Жалпы, М.Қалеловтың айтуынша, бүгінгі күні Ұранқай елді мекенінің орналасқан жері орман қорының жеріне жатады. Сондықтан ол жерде жаңадан бір үй немесе нысан салайын десең де, оған ешкім рұқсат бермейді. Орман қоры жерін елді мекен жеріне ауыстыру үшін Үкіметтің қаулысы керек. Ал қазіргі кезде ол жерде салынған нысандар бар болғанымен, жерге байланысты пайдалануға берілмей отыр. Қазір аудан басшылығы Үкіметтің қаулысының жобасына дейін дайындап отырған көрінеді. Егер орман қоры жерінен елді мекен жеріне ауысатын болса, Ұранқайда кәсіпті дөңгелетіп алып кетуге болады.
Тіпті, биыл бір инвестордың Марқакөлдің маңайында 5 жұлдызды қонақ үй салып, сол жерде үлкен бір туристік нысан саламын ба деген ниеті бар екен. Ол азаматтың өзі Марқакөл өңірінің тумасы, бүгінде Астана қаласында кәсіпкерлікпен айналысады. Тіпті, екі гектардай жер алып, қазықтарын да қағып қойыпты. Енді жобалау-сметалық құжаттамасы дайын болса, құрылыс жұмыстары басталып та кетуі мүмкін екен.
Ал Марқакөл ауылында перзентхананың жоқтығы мәселесін айтқанымызда, аудан әкімінің орынбасары «Сіз ол жерде жылына қанша бала дүниеге келеді? деп сұрап көрдіңіз бе?» деп, өзімізге қарсы сауал қойды. Туу көрсеткіші аз. Айтуынша, тіпті құрылым бойынша ол жерде ауылдық аурухана да болмауы керек екен. Бірақ ұстап отырғандарын айтты.
Мейрамтай Иманғали
Күршім ауданы.