ӨзектіТОП

Шекарадағы үш ауылдың түтіні өшкелі тұр

Шалғайдағы жұрт жеріміздің шет пұшпағын тастап көшіп, орталықтан оймақтай жер іздеп жүр. Ауылдан неге кеттің деп те, қалаға неге келдің деп те ештеңе айта алмайсың, өйткені шекара шебіндегі ауылдардан тіршіліктің тетігі әлдеқашан үзілген. Соның тағы бір мысалы Катонқарағайдағы тағы да үш ауылдың түтіні өшкелі тұр.

Ел ортасындағы ауылдар болса орны ойсырамас еді. Шекара шебіндегі ауылдардың жабылуы жеңіңнен жел үргенмен бірдей. Осыны ескерген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шекара маңын бос қалдыруға болмайды.     Бұл – ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысы бар мәселе. Оны жүйелі түрде шешу қажет. Қомақты қаражат керек болады. Үкіметке мұны жан-жақты қарастырып, шекаралас аймақтарды дамыту жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырамын», – деп тапсырма берген болатын. Ал Катонқарағай ауданының әкімі тапсырманы орындауға тырысқанымен көшкен елге тосқауыл болу мүмкін емес екендігін айтады. Алдымен ауылдағы адам саны азайып, артынша мектеп жабылады. Мектеп жабылған соң әупірімдеп әрең отырған жұрт амалсыз тағы көшеді. Осылайша, адам саны 50-ден түсіп кетсе ауыл статусынан айырылып, келесі ауылдың көшесіне айналады екен.

 – Адамдардың өңірде тұрақтауын мектептермен өлшеуге болады. Кезінде ауданда 54 мектеп болса, қазір 36 ғана мектеп бар. Осыдан-ақ адам санының азайып бара жатқандығын көруге болады. Қазіргі таңда жабылуға шақ қалып тұрған үш ауыл бар. Олар: Құндызды, Ақшарбақ, Бекалқа ауылдары. Бұл ауылдардағы адам саны 50-ден түсіп кеткендіктен ауыл статусын сақтап қалу қиынға соғуда. Бүгінгі таңда шекара шебіндегі ауылдар болғандықтан әупірімдеп ұстап отырмыз. Дәл осылай ұстап отыру қанша уақытқа жалғасатыны белгісіз, – дейді Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиханұлы.

Бұл елді мекендерді енді бір болса ауыл туризмін дамыту бағдарламасы мен инвесторлар сақтап қалуы мүмкін. Өйткені өткен жылы жабылуы ықтимал Ақшарбақ ауылындағы шаруа қожалығын инвесторлар сатып алып, жұмысын қайта жандандырған. Шаруашылықты сатып алған кәсіпкер Ресейден 100 бас марал әкелген. Осылайша, ауылға жаңа үйлер салынып, сәл де болса үміт оты қайта жанған. Сондықтан да ондағы халық пен аудан әкімшілігі бұл ауылдарды туризмге тетік етіп сақтап қаламыз деген үмітпен отырған көрінеді. Ондағы әр ауылдың өзіндік әлеуеті мен инфрақұрылымның негізі болғандықтан туризмге тетік етем деген адамға мүмкіндік бар екені белгілі. Сол себепті де бұл ауылдарды сақтап қалуға еліміздің әр адамы мүдделі болғаны дұрыс еді. Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров та бұл өңірлердің мәселесін мінберде көтеріп, Үкіметке жеткізген болатын.

–Мысалы, Шығыс Қазақстан облысының оңтүстік бөлігіндегі бұрынғы Катонқарағай, Марқакөл, Тарбағатай аудандарынан халық тоқтаусыз көшіп жатыр. Сол жаққа халықты қайтадан апарып, тұратындай жағдай жасау керек. Ол үшін сол жаққа адамдар тұратындай етіп экономикалық жағдай жасап, инфрақұрылымын қалыпқа келтіру қажет, – деген болатын халық қалаулысы.

Енді міне, ескі ауылдардың тағдыры Жаңа Қазақстанның қолына тапсырылып отыр. Шекараны шегендеу үшін ондағы ауылдарды сақтап қалудың маңызды екенін ескерер деген елдің үміті зор.

Алтай Ғали-Асқар

 

Осы айдарда

Back to top button