Шекарада ауыл бар Аршатыдай

Бұл ауыл жердің шалғайлығы мен табиғаттың қытымырлығынан туындайтын барлық қиындықты бірлесе жеңуге үйренген. Бұл ауыл биылғы Президент сайлауын 100 пайыз құраммен бір сағаттың ішінде түйіндеген. Бұл ауыл арзанға мал іздеп келген талай пайдакүнемді сабасына түсірген. Бұл ауыл хоккей қорабы, мектеп жанындағы жылыжай сияқты сәнге айналған жобаларды осыдан он жыл бұрын жүзеге асырған. Ең бастысы, бұл ауыл шекараның дәл түбінде, облыс орталығынан 420 шақырым жерде жатыр.
Аршаты ауылына қас қарая іліндік. Айналдырған 40 шақырым жолға екі сағаттай уақыт жоғалтқанымыз бар, сөйлесе кеткен адамның аудан халқының саны екі есеге азайып кеткені жайында жылағандай болып айтқан әңгімесі бар, көз алдымызға кетеуі кеткен, жұпыны жұрт елестегенін несін жасырайық. Жыл бұрын жаңаланған көпір арқылы қалыпты бағытынан күрт айнып, теріс ағып жатқан Бұқтырманы кесіп, ауылға ендік. Елді мекеннің орналасуы Берелдегі патшалар жазығын еске салады екен. Бір жағын күнгей бетті жалаңаш тау көлегейлеп, екінші қапталынан қарағайлы тау төніп тұр. Жынысты ернеудің етегін қуалап гүрілдеген өзен жатыр. Шатырларын профильмен жаңалаған үйлер, шашауы шықпаған шарбақтар анау-мынау көлігің жете алмайтын ауылдың өркениет көшінен кенже қалмағанын аңдатады.
Мектеп ауласын ағаш мүсіндер саябағына айналдырыпты

Ауыл мектебі жарықсыз қарсы алды. Біз келерден сағат бұрын сұрапыл жел тұрып, электр сымдарын үзіп кетсе керек.
−Мұндай оқиға бірінші рет болып тұр. Әйтпесе, жарықтан жапа шеккен кездер тоқсаныншы жылдармен бірге кетті ғой, – деп ескертті мектеп директоры Гүлнәр Әбенова.
Арада жарты сағат өтпей жарық қайта қосылған кезде барып мектеп басшысының сөзіне иландық. Жаздың ортасы болғанына қарамастан мектеп ұжымы тарқай қоймапты. Әңгімеге сусап қалған адамдай тайлы-тұяғымен қасымызда ере жүріп, жұмыс орындарымен таныстырды. Ауласы кірсе-шыққысыз білім ошағы ағаш мүсіндер саябағын еске салады. Алтайдың жүгірген аң, ұшқан құсынан бастап, сирек кездесетін ілбіс пен манул мысығы да мектеп мұғалімдерінің қиялына шабыт қосыпты. Әуелде мектеп директорының талабымен қолына шапқы алған мұғалімдер бүгінде мүсіншілікті қосымша хоббиіне айналдырған. Әсіресе, технология пәнінің мұғалімі Айқын Қасымқанов пен денешынықтырушы Асқарбек Бәдисолтанов ауыл маңындағы өздігінен құлаған ағаштың бәрін мүсінге айналдыруды әдетке айналдырған. Кезекті туындысының сұлбасымен таныстырған Айқын шебер шыршадан Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап батыр мүсінін ойып жатқанын айтты.

Бұл мектептің бір басында екі құдық бар. Теңіз деңгейінен 1239 метр биіктікте жатқанына қарамастан, екеуін де мектеп ұжымы қолмен қазған. Жылыжай мен бақшаға құдық тиіп тұрғандықтан, оны суару оқушыларға аса қиындық туғыза қоймайды да. Жалпы ауданы 56 шаршы метр болатын жылыжай он жылдан бері мектепті қызанақ, қияр, сәбіз, қызылша сынды көкөністермен, түрлі аула гүлдерімен қамтамасыз етіп келеді.
Ауданға аудан, облысқа облыс қосылған кезде назардан тыс қалғандай күй кешкен ауыл соңғы сегіз жылда басшылардың назарынан түспегеніне шүкіршілік айтады Гүлнәр Әбенова.

−Сол кездегі әкіміміз Серік Зайнулдин оқушылар ауылдан ұзап шыға алмайтынын ескеріп, он кісілік көлік бергізген. Бүгінде сол көлікпен қалаған жарысымызға қатысып жүрміз. Одан кейінгі басшылар да үнемі ат басын бұрып, ауылдың жағдайына қарайласып келеді. Ал өткен жылы облыс басшылығының тікелей тапсырмасымен көпіріміз жаңаланып, орталықпен қатынасымыз жеңілдеді. Ең өзекті мәселеміз де сол көпір болатын, – дейді ол.

Өткен күзде ғана мектеп жанынан спорт кешені мен балабақшаға арналған шағын орталық бой көтеріп, аршатылықтарды арқа-жарқа еткені бар. Бүгінде сол шағын орталық 25 баланы мектепке дейінгі тәрбиемен сусындатып отыр. Заманауи спорт кешенінде шағын футбол, үстел теннисі, волейбол, қазақ күресі, шахмат, тоғызқұмалақ үйірмелері жұмыс істейді. Ауылда әсіресе, қазақ күресіне деген қызығушылық басым. Айналдырған 83 оқушының 18-і осы спортпен әуестенеді екен. Аталмыш кешеннің жобалық-сметалық құжатына қажет 78 млн. теңгені облыстық мәслихат депутаты, Жұлдыз ауылының тумасы Ұлықбек Тұмашинов өз қалтасынан бөлген екен.
Жұрттың ауызбірлігіне сүйсіндік

Ауыл халқын орман шаруашылығының жергілікті бөлімшесі 34 жұмыс орнымен, мектеп 21 орынмен қамтып отыр. Күнделікті күн- көріске қажеттің бәрін сататын үш дүкен бар. Мал асырап, оның өнімін облыс орталығына жөнелтіп отырған екі шаруа қожалығы – мектептің негізгі әрі тұрақты демеушілері. Аршатының бүгінгі басты мәселесі – ұялы байланыс. Бүкіл ауылға ортақ жалғыз ғаламтор нүктесі де мектепте орнатылған. Ал Өрелмен екі арадағы жолды асфальттау жайын аршатылықтар армандамайды да. Жанға демеу болар жалғыз игілік – «Отау TV». Биология пәнінің мұғалімі Жайнарбек Сәдуов сайлауға тіркеу кезінде ауылда 98 түтін, 317 адам қалғаны анықталғанын айтады. Үш жыл бұрын мектепке бала сыймаса, бүгінде оқушы саны 83 қана.
Осы ауылда 1977 жылдан бері еңбек етіп, соңғы 18 жыл бойы мектепті басқарып келе жатқан Гүлнәр Әбенова 1999 жылы ауылда 900-ден астам адам тұрғанын айтады. Алайда бұл ауылдан халық төңкеріле көшпеген. Мектептен түлеп ұшқан жастар туған ауылына оралмауы салдарынан тұрғындар саны жыл санап кеми түскен. Бір кездері мектепке мұғалім жетіспей, ауылдағы педагогикаға икемі бар жастарды сырттай оқытып жүріп, ол олқылықтың орны да толыпты. Катонқарағайдың көптеген ауылдары сияқты мұнда да ағылшын тілінің мұғалімі тұрақтамайды.
Ауылда бұрынғы клуб ғимараты да бар. Мекеменің бәрі жекешеленіп жатқанда, бұл нысан аукционға 300 теңгемен қойылған екен. Сол кездегі аудан басшылары мектеп директорына аталған ғимаратты меншік ретінде сатып алуға нұсқау беріп, 25 мың теңге шығындап, клубты меншігіне қаратады. Кейін басшылар ауысып, мемлекет балансына өтуі тиіс ғимарат ешкімге керексіз болып қалған. Содан бері ауыл клубының меншік иесі – Гүлнәр Әбенова. Ауылдағы жылт еткен той мен науқанның бәрі осы ескі ғимаратта өтеді. Жауында төбесінен су тамшылап тұрған ғимаратқа күрделі жөндеу қажет-ақ. Алайда, жекеменшіктегі мекемеге мемлекет бір тиын да бөлмейтіні белгілі. Ғимараттың мемлекет меншігіне өтіп, ауылдың кәдесіне жарамды жағдайға келуіне қазіргі қожайыны да мүдделі.
Біздің облыстың орталықтардан шеткері қалған өңірлері арзанға мал іздеген алыпсатарлардың жиі ат байлайтын нүктелеріне айналғаны шындық. Бір кездері Аршатыға да пайдакүнемдік пиғылмен ондай саудагерлер жиі келген екен. Ақыры ауыл тұрғындары бірауыздан өздеріне тиімді бағаны бекітіп, одан арзанға мал сатпауға уағдаласыпты. Сол уағда әлі де бұзылмаса керек.
−Қазір сырттан келгендерге еттің бір келісін 1000 теңгеден арзанға бермейміз, – дейді мұғалімдер.
Бұл ауылдың түкпірдегі өзге елді мекендердей іргесі сөгілмей отыруының басты себебі осы ауызбірлігінде ме деп қалдық. Әйтпесе, қысы қарлы, жазы салқын, жолы алыс та ауыр, ұялы байланыстан жұрдай, ауа қысымы қалыпсыз жерде өмір сүру оңай емес. Мектеп ұжымы ауылға жастарды тартудың мемлекеттік тетіктері іске қосылса дейді.
−Бір кездері ауылдағы қызметкерлерге жоғары қысымды таулы өлкеде тұрғаны үшін қосымша ақша төленетін. Сол жүйе қайтадан іске қосылса, жастар ынталанар еді, – дейді психолог Жанар Бөленханова.
Аршатыдан түнделете кері аттандық. Атаның жұртын қорып, табиғатпен селбесе өмір сүретін ауыл халқына деген біртүрлі қимастық сезімі оянды. Бәлкім оларды да сол ата қонысқа деген қимастық сезімі туған жердің тұғырына жіпсіз қазықтап қойған шығар…
Есімжан Нақтыбайұлы
Катонқарағай ауданы.