Шекара шебінде – қырағы күзет
Көк қаулап келе жатқан анау таудың аңғарында ағараңдаған қасқа жол Қытай жақтікі. Одан бері қарайғы сай-саланы алып жатқан екі ортадағы бейтарап аумақтан соң біздің елдің шекарасы басталады. Зайсан қаласынан жүз шақырымдай жерде орналасқан Сауыр, Сайқан бөктеріндегі бұл шекара бойын Шаған оба заставасының шекарашылары мен сарбаздары күзетіп тұр.
Шаған оба заставасы Закиевтің есімін алды
Шығыстағы ел шебінің бір шетін қорғап тұрған әйгілі Шілікті жазығындағы Шаған оба заставасында сәуірдің шуақты күнінде айтулы, үлкен оқиға болды. Заставаға әскери тапсырманы орындау кезінде қаза болған шекарашы, Зайсан ауданының тумасы Руслан Зәкиевтің есімі берілді. Шекарашыны құрметпен еске алған шараға ҰҚК төрағасының орынбасары-шекара қызметінің директоры генерал-майор Дархан Ділманов, марқұмның алыс-жақындағы жауынгер достары, курстастары, отбасы, туған-туыстары, жерлестері қатысты.
Салтанатты шара «Оңтүстік» аймақтық штабының басшысы бола жүріп бірнеше шекарашымен бірге 2009 жылы Қазақстан-Өзбекстан шекарасы маңында болған МИ-8 әскери тікұшақ апатынан қаза болған Руслан Зәкиевтің мүсіні бейнеленген ескерткіш тақтаның ашылуынан басталды.
– Мен онымен 1990 жылы кездестім, содан бері дос болып келдік. Ол болашағынан үлкен үміт күттірген, нағыз сардар болатын. Руслан Әлимолдаұлы Шаған оба заставасында қызмет еткен жоқ. Бірақ бұл жер, бұл өңір – оның туған жері. Оның есімі осы заставаға текке беріліп отырған жоқ, бұл – еліміздегі ең үлгілі, алдыңғы қатарлы заставаның бірі. Сарбаздар осы жерде қызмет еткенін мақтан етуі керек, – деді ескерткішті салтанатты түрде ашу сәтінде шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов.
Сарбаз Даниярдың жолдаған сәлемі
Застава алдына қойылған ескерткішке гүл шоқтары қойылып, шараға қатысушылар бекет ауласына шырша көшеттерін екті. Шекарашылармен тығыз байланыс орнатқан Шілікті орта мектебінің оқушылары да бұл күні шекарашыларға жүректен шыққан құттықтауларын жеткізіп, ескерткішке тағзым етті.
Шекара заставасына шекарашының атын беру рәсіміне бұрын еліміздің шекара қызметін басқарған Руслан Закиевтің немере ағасы запастағы генерал-лейтенант Болат Закиев те қатысты. Қызмет бабында жүріп мерт болған шекарашының атын құрметпен еске алып, заставаға есімін беру – сарбаздарды, бүгінгі ұрпақты отансүйгіштікке, ерлікке үндеп, қайратты, қайсар болып өсуіне ықпал ететінін айтқан ол:
– Русланның жауынгерлік қызметі бәріңіздің көз алдарыңыздан өтті. Әскери өмірін осындай шекара бекетінен бастаған ол жауапкершілігі мол, жауынгерлік даярлығы жоғары кәсіби маман болды. Оның бәрін тізбектей берсем, туыстығы тартып тұр деп ойлауларыңыз мүмкін. Ал туыстық жағын айтсақ, Кеңес Үкіметі кезінде мен осы «Шығыс» шекара округі қолбасшысының орынбасары болып қызмет атқарғанда, қызметтес әріптестері «Закиев туысқаның ба?» деп сұрапты, ол «жоқ, жай тегіміз бірдей», деген екен. Ол ешуақытта өз қызметіне, өз атына сөз келтірген жоқ. Шаған оба заставасына Русланның атының берілуі шығыс өңірінің, зайсандық азаматтардың, шекара отряды басшыларының осы жерде туып-өскен өз жерлестерінің есімін ел есінде қалдыруына, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде маңызы зор болады деп ойлаймын, – деді.
Күннің аптап ыстығында, қыстың қақаған аязында ел шебін күзетіп, шекарада тұратын сарбаздардың қызметі қиын да қызықты. Шаған оба заставасының бастығы Нұрлан Молдашевтың айтқанындай, шекарашылар ел іргесін жаяу да, атпен де, көлікпен де жүріп, қырағы күзетіп тұр. Қай сәтте де сақ болуға, қорғаныс шараларын арттырып, із кесуге осындағы овчарка иттердің де тигізіп отырған септігі көп. Мерей, Вальда, Джек сынды бірнеше кәнігі шекарашы, саққұлақ, иісшіл иттерге бұл жердің әр сүйем жері, әр белдің шөбінің сыбдырына дейін таныс. «Жасыл фуражкелі» жігіттер бізге застава тәртібін, шекарадағы өмірдің өзге де өзгешеліктерін, ерекшеліктерін айтып берді.
Шаған оба – тәуелсіздік алған уақыттан бері шекарашылардың, еліміздің батыр ұлдарының есімін алып, солардың атымен аталып отырған республикадағы үшінші застава. Өзі отан алдындағы азаматтық борышын атқарып жатқан заставаға ел ұланы Руслан Зәкиевтің есімінің берілуі қатардағы жауынгер Данияр Бексұлтановты бейжай қалдырмапты. Әскерге Алматы облысынан шақырылған ол ескерткіштің ашылу кезінде сардарлар мен қонақтардан құралған бір қауым елдің алдына шығып, өз жырын оқып берді.
Бой көтерген ескерткішке қараңыз,
Батырлықтың үлгісі ғой ағамыз.
Шекарада рухтанып Русланмен,
Көкке самғап, жаңғырады санамыз, –
деген жауынгер жырының тартымды шумақтарынан тас тұғырға айналған талапты ердің есімі осы заставада қызмет етіп жүрген сарбаздардың, осында келген жастардың жігерін жанып, қайраттандырарын түйсіндік.
– Әскерде жүрсем де, қолым қалт еткенде қаламым мен блокнотымды алып, өлең жазуды ұмытпаймын. Осы заставаға келгелі талай жырлар туды жүрегімнен. Арнасынан асып жатқан мынау Шаған оба өзені, шекарадағы түн тыныштығы, алыста қалған ауылым дейсіз бе – бәрі де өлеңіме арқау болды. Шаған Оба заставасында қызмет етіп жатқаныма алты айдан асты, –деді жауынгер Данияр бізбен әңгімесінде.
-Шекарада қызмет ету қиын ба?
– Өзіндік қиындығы бола тұра қызықты. Байтақ еліміздің бір бұрышын күзетіп жүру – мен үшін үлкен мәртебе. Заставаның дабыл кешеніне күніне бірнеше мәрте дабыл белгісі келіп түседі. Жүгірген аң мен құс, мал тақап кетсе де, белгі түседі. Күні-түні қас қақпай кезекшілікте тұрамыз…
Данияр Бексұлтанов біздің болашақ әріптесіміз болып шықты. Журналистика факультетінде оқып жатыр екен. Заставадан қайтарда Данияр бізге Алматы облысындағы Панфилов ауданының Үшарал ауылындағы өзінің отбасына сәлемін жолдауын өтініп, анасының телефонын берді.
Өскеменге келген соң, Даниярдың анасы Айгүлмен хабарласып, сөйлесіп, ұлының бізден жолдаған ыстық сәлемін жеткіздік. Вацаппен Даниярдың Шаған оба заставасында өлең оқып тұрған сәтінде түсіріп алған суреттерін жібердік. Ананың балаға деген сағынышында шек бар ма?! Даниярмен сөйлескенімізді естіген анасы ағынан жарылып, алғысын айтты. «Тұңғышымның қызмет етіп жатқан жеріне аяқтарыңыз жетіп, ойламаған жерден маған тосынсый жасадыңыздар ғой, алғысым шексіз, тәубе. Жаркентке, ауылымызға қонаққа келіңіздер», деп жатыр ақ тілегін жаудырып. Даниярдың өзі үй ішімен күнде болмаса да, арагідік мүмкіндік болғанда тілдесіп, сөйлесіп тұрады екен.
Жолыңыз түссе, Жәнделі сайына тоқтай кетіңіз
Зайсан ауданындағы Шаған оба заставасынан келе жатып тау ішіндегі бастау басына тоқтадық. Мөлдіреп аққан бастаудан су ішіп, бой жазып, демалып алдық. Осы маңнан әрі өткен, бері өткен жұрт Жәнделі сайы аталып кеткен бұл жерге тоқтамай кеткенді жөн көрмейді екен. Себебі, тарихи деректер бойынша бұл жерде ту сыртымыздан шапқан қалмақты тысқыра қуып, жеріміз, еліміз үшін қол бастап шайқасқа түскен батыр қыздың моласы жатыр. Былайғы жұрт тұмасы тұнық, тасы тарих бұл жерді «ресторан» деп те атайтын көрінеді.
-Жәнделі – жерімізді жоңғарлардан азат ету үшін атқа мініп, садақ ұстап, қалмақты қырған қыз. Ертеден келе жатқан аңыздар бойынша Жәнделі осы сайда садақтан тиген оқ жарасы меңдеп, қайтыс болған деседі, – деп таныстырды Жәнделі сайын Зайсан ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрад Дүйсенбайқызы.
Бастау басына тақтайша ілініп, Жәнделі қыз туралы аңызды да жазып қойыпты.
«Гүліндей жауқазынның нәзік жүзді,
Халқымыз ұмытқан жоқ асыл қызды.
Азаттықтың аққуы – Жәнделінің
Жауға аттанған Сауырда жатыр ізі», –
деген жолдардың басында жазылғандай, Жәнделі 16-17-ге келген шағында ауылдағы жігіттерді жинап, ауыл батыры Қара батырдың батасын алып, жоңғармен соғысқа аттанады. Жамбы ату, шарттасудан ауылдағы талаптылардың жолын кесіп отырған батыр қыздың сарбаздары маңдайлы, оң қанат, сол қанат деп үш топқа бөлінген. Қалмақтармен бір соғыста Жәнделінің тобы қиқулап барып, жаудың алдыңғы шебімен араласып кетеді. Тал садақ, айбалта, найза ұстаған Жәнделінің сарбаздарынан жау жеңіле бастаған шақта қалмақтың Қоңтәжі батыры қазақтың батырын жекпе-жекке шақырады. Сол кезде садақшы қыз Жәнделі жаудың шақыруын қабыл алып, атойлап алдына барыпты. Құралайды көзге атқан мерген қыз Қоңтәжінің найзасын бір қаққаннан-ақ ұшырып түсіреді. Қарусыз қалған жауға батыр қыз қаруын жұмсамайды. Сол мезетте қалмақ қылышын суырып алып, оны осып өтеді. Қыз аттан аударылып құлаған кезде, қалмақ батырдың дулығасынан төгіліп түскен бұрымын көріп қалады да, қолындағы қылышын жерге қадай салып: «Келешек күндерім уайыммен өтетін болды. Өйткені, бүгін әйелге қару көтердім», деп әскерлерімен сай-сайды өрлей кері қашқан екен…
Елімізге белгілі Зайсан ауданы өлкесінің тарихын зерттеуші Қалибек Алтыбаев Жәнделі батыр қыз туралы: «1866 жылы «қызылаяқтар» Алтай, Сауыр, Тарбағатай елін шабуға кіріседі. Сауыр елін түк қоймай талауға кіріскен «қызылаяқтарға» Тарбағатайдағы Қабанбай батырдың немересі Әділбектің бастауымен бүкіл Байжігіт елі көтеріледі. Керейлерді Келгенбай, Сыдықай, Маңырақтағы -Төртуылдарды тұзақшы Мырзаш, ақболат Садырбай батырдың басқаруымен «қызылаяқтар» қатты қарсылыққа ұшырайды. Жәнделі батыр қыздың ерлігі осы жылдарда болған», деп жазады. Өлке тарихын зерттеуші Қалибек ағамыз: «Қабанбай батырдың жауынгер серіктері болған Баймұрат батыр мен ер Жәнібек басқарған халық нөкері «Кеңсай жолының» екі жақ құзар биігіне орналасып, жауды таспен, садақ оғымен жусатты. Осы айқаста асқан ерлік көрсеткен батырдың бірі – қазақтың садақшы қызы Жәнделі еді», деген аңыз, деректі көрсетіп, келтіреді.
Біз жолға шықтық. Қалмақтармен болған атақты, ауыр Шорға, Маңырақ сияқты ұлт тағдырын шешкен ұлы шайқастардың куәсі болған Шілікті, Сауыр жазығына қарайып кеш түсіп келе жатыр. Көз алдыма астындағы сәйгүлігімен құйғыта шапқан шынашақтай Жәнделі қыз келді.
Жанаргүл МҰҚАТАЙ