Шегіртке шабуылының алдын аламыз
Биыл Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстары зиянкес шегірткелердің шабуылынан шығын шегуі мүмкін. Өскеменге арнайы жұмыс сапарымен келген агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрайымы Ажар Қажыбаева осылай деп отыр.
-Қазақстан бойынша жалпы жиыны 5,1 млн гектар алқапты зиянды организмдер мен карантинді өсімдіктердің таралуынан қорғау қажет. Оның ішінде үйірлі шегірткелер 1,92 млн гектарға, дәнді дақыл аурулары 2,4 млн гектарға, саяқ шегірткелер 444,0 мың гектарға таралады деп болжануда, – дейді Ажар Қажыбаева.
Аталмыш мақсатқа республикалық бюджеттен 3,57 млрд теңге бөлінген. Оның елеулі бөлігі Шығыс Қазақстан облысына берілмек. Өйткені, былтыр бұл аймақта азиялық шегірткелердің таралу аймағы 25 мың гектарға ұлғайған. Комитет төрайымы 2000 жылдардың басынан бері шегірткелердің шабуылы дәл бұлай үдемегенін айтады.
Жергілікті мамандар мұны 2016 жылдың күзі мен 2017 жылдың көктемінде шегіртке популяциясы үшін аса қолайлы климат қалыптасқанымен түсіндіріп отыр. Осының салдарынан былтыр азиялық шегірткелер жылдағыдан он күн ерте бас көтеріп, егіске орасан шығын келе жаздаған болатын. Олардың жолы дер кезінде кесілгенімен, қалдығы биыл үлкен проблема туғызуы мүмкін. Сондықтан 36 мың гектар алқапты азиялық шегірткеге қарсы дәрілеу жұмыстары жүргізілмек. Мұны аудандарға бөлсек, Аягөз ауданында 23500 гектарға, Үржар ауданында 11500 гектарға, Зайсан ауданында 1500 гектарға дәрі себіледі.
-Зиянкестің бұл түріне бір ырық берсе, кейін тоқтату қиын болады. Үйірімен күніне 500 шақырым ұшып өтетіндіктен, өте тез таралады. Соңғы кездері Алакөл мен Балқаштың, Үржар және Аягөз өзендерінің аңғары азиялық шегірткелердің ошағына айналды, – дейді аумақтық инспекция басшысының орынбасары Берікбол Юсупов.
Мамандар азиялық шегірткемен биыл дер кезінде жүйелі күрес жүргізілсе, алдағы үш жылда саны азаятынын айтып отыр. Ал италиялық шегірткенің қарқынын тоқтату қиынға түсетін түрі бар. «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжау әдістемелік орталығы» мекемесінің облыстық филиалы жүргізген талдау 2016 жылдан бері олардың таралу аймағы кеңейіп келе жатқанын көрсеткен екен.
-Италиялық шегірткенің өршіген кезі 2000 жыл. Ол кезде зиянкестер 423 мың гектарға жайылған. Одан кейінгі белсенуі 2011 жылға дөп келеді. 130 мың гектар алқапты өңдеуге тура келген. Бұл жолғы өсім 2021 жылға дейін барып, 95 мың гектарды қамтуы мүмкін, – дейді филиал басшысы Мәди Бектеміров.
Оның айтуынша, биыл италиялық шегірткелердің таралу аумағы 83,4 мың гектарға жетеді деп болжанған. Көкпекті, Күршім, Үржар аудандарында 13-19 мың гектарға дейінгі алқапты осы зиянкестерге қарсы дәрімен өңдеу қажет.
Шегірткеден бөлек, дәнді дақылдардың аурулары да өсімдік санитарларын алаңдатып отыр. Мәлімет бойынша, биыл 41,3 мың гектарды дақыл ауруларына қарсы дәрілеу қажет. Осының бәрін қосқанда Шығыс өңірінде аса қауіпті организмдерге қарсы 163,1 мың гектар алқап дәріленуі тиіс.
Инспекция өкілі Берікбол Юсупов шегіртке ең көп таралған аудандар шекараның шебінде жатқанымен, арғы беттен зиянкестердің көші тіркелмегенін айтады.
Комитет төрайымы Ажар Қажыбаева ресейлік және қытайлық әріптестермен тығыз байланыс орнатудың маңыздылығын атап, алқаптарды ұдайы бақылауда ұстау үшін ұшқышсыз аппараттардың қызметін пайдалану жолға қойылатынын жеткізді.
-Шегірткеге және олардың таралуына мониторинг жүргізуді нақты бақылау үшін GPS трэкерлер мен GPS навигаторлар қолданылатын болады.
Цифрландыру шеңберінде аса қауіпті зиянды организмдердің, оның ішінде шегіртке зиянкестерінің таралу ошақтарының электрондық картасы құрылады және картаға түсіру жұмыстары жүргізілетін болады, – деді Ажар Қажыбаева.
Есімжан Нақтыбайұлы