Шегінетін жер жок
Өз айдынында Балашиханың «Динамосынан» екі рет жеңіліс тапқан Өскеменнің «Торпедосы» Братина кубогына қол жеткізу мүмкіндігін азайтып алды. Соған қарамастан, мүмкіндік әлі де бар. Ол үшін алдағы ойындарда торпедолықтар қорғаныста жинақы ойнап, алғашқы екі ойында жіберген қателіктерге жол бермеу керек.
Рас, өткен кездесулерде жерлестеріміз қорғаныста тым көп қателесіп, шабуылда да сылбыр ойнады. Нәтижесінде, дені жас ойыншылардан құралған ресейлік командадан 1:2 және 1:3 есебімен екі рет ұтылып қалды. Өздерінен әлдеқайда жас, тәжірибесі аз командадан осылайша жеңіліс табу Талғат Жайлауов, Евгений Рымарев, Александр Шин, Евгений Фадеев сияқты біздің тіс қаққан хоккейшілеріміз үшін әрине сын болды. Мұны ойыншылар да түсінді. Сондықтан болар, қонақта өтетін ойындарда намысты қолдан бермейміз деп отыр.
Шыны керек, енді шегінетін жер де жоқ. Плей-офф кезеңіндегі айқас қарсыластардың бірі төрт жеңіске жектенде аяқталатынын ескерсек, қазір 2:0 есебімен алда тұрған балашихалықтарға енді екі-ақ жеңіс қажет. Есесіне, өскемендік командаға Братина кубогына иелік ету үшін әлі төрт рет қарсыласынан басым түсу керек.
«Торпедоның» бас бапкері Алексей Ждахин соңғы ойыннан кейін «бұл – плей-офф, мұнда бәрі де мүмкін» деп айтқан болатын. Әлбетте, командамыз алдыңғы ойындарда жеңілгенімен, біз үшін үміт оты әлі де сөнген жоқ. Соңғы сегіз ойында жеңіске жеткен динамолықтардың жеңісті сериясы Балашихада аяқталмайтынына кім кепіл?! Бәрі де мүмкін.
Оны қарсылас команданың бас бапкері Анатолий Антипов та жоққа шығармайды.
– Қонақта жеңіске жетсек те, Братина кубогы біздікі деп айтуға әлі ерте. «Торпедо» өте шебер ойнайтын команда. Бұған дейін кез келген бапкер санасатын «Рубин», «Ижсталь» және петерборлық «Динамо» сияқты қарсыластарды тізе бүктірген командадан не нәрсені де күтуге болады. Бұл ақтық айқастың кіріспесі ғана. Нағыз қызық әлі алды, – деп болжам жасаған еді Анатолий Антипов мырза.
Естеріңізге салайық, «Торпедо» мен «Динамо» арасындағы үшінші және төртінші кездесулер Балашиха қаласында өтуі тиіс. Оның алғашқысы кеше түнде аяқталып та қойды. Бұл ойындар туралы газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.
Нұржан Кенжеұлы